Аудандарда өткен Наурыз тойынан сарқыт

Аудандарда өткен Наурыз тойынан сарқыт

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Көктеммен бірге көркімен даламызға енетін ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз дархан еліміздің әр түкпірінде аталып өтілуде. Жамбыл облысының мешіттері айтулы күнге дүбірлі шаралар ұйымдастырып, халықтың басын қуанышта біріктірді. Жамбыл облысының аудандарында өткен ұлы тойдың көрінісі мынадай: 

Т.Рысқұлов ауданы

Т.Рысқұлов ауданының бас имамы Сұлтаншәріп қажы Джадраевтың бастамасымен «Элай оңалту» орталығында  ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі атап өтілді. Қазақтың салт-дәстүріне тұнған Наурыз мейрамын дінмен ұштастыра білген «Элай оңалту» орталығының ұжымы аталмыш шараны өз дәрежесінде өткізді. Бас имам Сұлтаншәріп қажы шара аясында тұсау кесер рәсіміне қатысып, бүлдіршіннің тұсауын кесті.  Сонымен қатар, қазақтың көрісу, бесікке салу, келіннің сәлем салу дәстүрі де орындалып, көпшілік риза болды. 

Бас имам Қатысушы барлық жамағатқа арнайы дастархан жайылып, насихат айтылды. Жамағаттың көңілін көтеріп, ауызбіршілігін арттырып, қуанышқа бөлеп, ізгі-тілектер айтысып, жақсылыққа үндейтін Алланың хақ діні – Исламға қайшылығы жоқ халқымыздың ежелден тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі осылайша аталып өтті.

Қордай ауданды

Қордай аудандық мешітінде наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Негізгі мерекелік шаралар мешіт алаңқайында  өткізіліп, ұйымдастырылған бағдарлама жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мешіт ауласында киіз үй тігіліп, дастархан жайылды. Жұма намаздан шыққан жамағат киіз үйден мерекелік көжеден ауыз тиіп, ақсақалдар ақ батасын беріп жатты. Осы мезетте жастар жағы ұйымдастырылған спорттық  шараларға жігерлене  қатысты. Жамағат гір тасын көтеру, қол күрестіруде бағын сынап, жеңімпаздар анықталды. Арқан тартыс мешіт жамағаты және кішкентай шәкірттер арасында бөлек-бөлек  қызу тартыс үстінде болды. Арқан тартуда үлкендер арасында имамдар командасы, кішкентай балапандар арасында  «әлиф тобы»  бас жүлдені өз қанжығаларына байлады.

Әйел-қыздар секторы ұйымдастыруымен  қайырымдылық жәрмеңкесі  өтті. Мешіт асханасында ақ жаулықты аналарымызға арналған дастархан жайылды. Мерекелік дастархан алдында Есімқараева Эльмира ұстаз бен шәкірттері ой тебірентерлік ұлттық қойылымдар қойды. "Бұрын соңды  мұндай наурыз болмады" деп дәни риза болған жамағат көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Сарысу ауданы

Жаңатас қаласындағы «Сарысу аудандық» мешітінде жұма намазынан кейін мешіт ұжымының ұйымдастыруымен жамағатқа дастархан жайылып, жұмаға қатысқан 500-ге тарта адамға наурыз көже таратылды. Дастарханнан дәм татқан жамағатқа спорттық ойындар ұйымдастырылды. Ұлттық ойындарымыз қазақ күресі, қол күресі және гір тасын көтеруден жастар күш сынасып, үздік шыққан спортшылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Әуелі қол күресінен күш сынасқан жігіттер кім мықтыны анықтады. 11 адам үміткер жарысқа қатысып, соңында арнайы тағайындалған төрешілердің анықтауымен озып шыққан үш жүлдегер белгілі болды. Олар: үшінші орын алған Дүйсенбин Дархан, екінші орын алған Амалбеков Жасұлан, бірінші орын алған Мерекебаев Ернар.

Сонымен қатар гір тасын көтеруден және қазақша күрестен күш сынасқан жамағат жастары өзара мықтыны анықтап, жүлделі орындарды бөлісті. Орын алған жастарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Меркі ауданы

Ежелден аталып келе жатқан Наурыз мерекесі қазақ еліне айқара есігін ашып, тойланып жатыр. Соның бір айғағы аудан көлемінде өткен аудандық саябақтағы Наурыз мерекесі. Мерекеде ұлттық ойындар, мерекелік концерт, дастархан жайылып, наурыз көже берілді. Дастархан басында ауданның бас имамы  Батырбек қажы Қасымалиев аруақтарға құран бағыштап, наурыз мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, дін мен салт-дәстүр жайлы уағыз айтты.

Аудандық «Меркі ата» мешітінде салт-дәстүрімізді дінімізбен байланыстыра отыра аудан әкімі Мейірхан Азатұлы жұмаға жиылған жамағатты наурыз мейрамымен құттықтап елге ыстық лебізін білдірді.

Халқымыздың салт-дәстүріне айналған, наурыз мерекесін атап өтуде аудан мешіттері де сырт қалған жоқ. Елді-мекендегі имам-молдалар көпшілік халықпен бірлесе Наурыз мерекесін мейрамдай дұға, бата жасап, мерекелік іс-шараға қатысты. Жамағат болып атсалысқан мерекеде жиналған халыққа наурыз көже берілді. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, халықтың ынтымағын тілеп, баталарын берді.

Аудандық баспасөз 

asyldin.kz

                                             

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: