Тараз шаһары жаңа мешітпен бұқараны қуантты (ФОТО)

Тараз шаһары жаңа мешітпен бұқараны қуантты (ФОТО)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Көненің көзі болған 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз қаласында ұлыстың ұлы күні жаңа мешіт бой көтерді. Наурыз тойына сый болған Алла үйі Шалғай Қарасу ауданы Абай даңғылыда орналасқан.

Күмбезі нұр боп күнге шағыласқан көрікті мешіттің ашылуына арнайы қонақтар мен қала тұрғындары, балалар үйінің бүлдіршіндері шақырылып, мешіт ашылуы ғалым, хафыз Ерсін Әміренің Құран оқыуымен басталды.

ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл сөз сөйлеп, көпшілікке мешіт салудың мол сауабы туралы уағыз айтты. Тарихи оқиға болған жиынға Алматы қаласында орналасқан "Бәйкен" мешітінің бас имамы қари Данияр қажы Жұмабаев, ұстаз, белгілі уағызшы Қабылбек Әліпбайұлы, ғалым Ризабек Баталұлы арнайы келді.

Өкіл имам аталған мешіттің бас имамы қызметіне Бағзат Расулұлын тағайындап, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығын  оқып, жамағатқа таныстырды. Айта кетейік, Бағзат Расулұлы бұған дейін Астана қаласындағы "Садуақас Ғылмани" мешітінде наиб имам кызметін атқарған болатын.

Сонымен қатар, мешіттін салынуына себепкер болған Тараз қаласының кәсіпкер азаматына алғыс білдіріліп, өкіл имам Қанат Әділханұлы демеушінің ата-анасына алғыс хат табыс етсе, жаңа мешіттің іргетасының қалануына тікелей мұрындық болған, Жамбыл облысында бірнеше жыл бойы өкіл имам қызметін атқарып, бүгін де Алматыдан ат артып келген Данияр қажы Жұмабаев Жамбыл облысының атынан ерекше сый тарту етті. Ал жүректі тебірентер Алланың Кәләмін оқып, жиынды ашқан қари Ерсін Әміреге сый-құрмет ретінде қазақы дәстүрлі шапан жабылды.

Ақсақалдар батасын беріп, құттықтауын жеткізсе, ақ жаулықты әжелер шашу шашып қуантты.

Жиналған көпшілік пен имамдар мешітте екі ракат намаз оқып, Алла үйіндегі алғашқы жұма уағызын Қанат Жұмағұл жүргізді. 

Жұма намазына жаңа мешітте сап түзеген жамағат пен қала имамдары дастархан басында  бас қосып, ата-бабалар рухына Құран сауаптары бағышталды. Өлкеге келген ғалымдар болса мейрамханада өткен аста уағыз-насихат айтып, көпшілікке рухани азық сыйлады. 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: