Иман – біздің бағдаршамымыз

Иман – біздің бағдаршамымыз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам діні жайында көптеген ғалымдар құнды пікір айтса да көпшілік оны түсінбей басқа секталардың соңына ілесуде. Соның салдарынан жекелеген топтар (секталар) бір отбасына немесе ұлт болашағының дамуына кедергі келтіруде. Қазақ санасына тәлім-тәрбиесі жоқ осындай жалған діннің қоныс тебуі неліктен. Осының емі бар ма?...

Араб тілінен енген «дін» сөзі сөздікте әдет-ғұрып, сый-сияпат, бағыну, есеп беру, мойынсұну, үстемдік, патшалық, жарлық, қабыл етілген құлшылық, шариғат» секілді көптеген мағыналарды қамтиды. Батыс ғалымдары дінді төрт негізге бөліп былайша анықтама берген:

1. Саналық негіз.

Адамның өзінен үстем ұлы бір күш пен құдіреттің барлығын ақыл таразысымен өлшеп, саралап қабыл етуі. Бұндай тәңірлік ұғым яки жалпылай айтқанда қасиетті ұғым барлық діндерде бар негіз.

2. Сезімдік негіз.

Саналы түрде қабыл етілген ұлы бір күш пен құдретке жан жүрегімен берілген сезім.

3. Құлшылық негіз.

Саналы түрде қабыл етілген, жүрекпен берілген ұлы күшке кейбір іс-әрекеттер жасау міндеті.

4. Қоғамдық негіз.

Саналық, сезімдік, құлшылық негіздерді бөліскен адамдардың құраған қоғамдық негіз. Ислам ғұламалары діннің анықтамасын Құран мен Исламның сенімдерін есепке ала отырып былайша берген: «Дін – ақыл иелерін өз еріктерімен ізгілік пен туралыққа жеткізетін иләһи (құдайлық) заңдар жиынтығы». Жалпы діндер тәңірлік діндер, тәңірлік емес діндер болып екіге бөлінеді:

1. Иләһи тәңірлік діндер. Бұған Яһуди, Христиан, Ислам діндері жатады.

2. Тәңірлік емес діндер. Бұған аталмыш үш діннен өзге барлық діндер жатады. Бұндай жалған діндер адамдардың өз саналары арқылы жасалады. Сол себепті кешегі атеизмнің өзі де жалған діндер қатарына жатады. Өйткені, онда Ұлы Жаратушыны жоққа шығару арқылы жеке басқа яки өзін бәрінен үстем санап өзіне табынушылық бар. Олардың да христиандық сенімдегі тәрізді көсемдерінің суреттерін қасиетті санаулары, мавзолей секілді қасиетті орындары.

Оған бір барған қажылыққа барғандай құрметті саналулары. Капитал тәрізді қасиетті кітаптары т.б. Алайда бұның бәрі адамдардың өзіндік сенімдері. Адам сенімін сол сенімінің нағыз Иесіне арнауы қажет. Неге десеңіз адам – ғаламзатта бірден-бір саналы жан. Ол сол санасы арқылы өзіне сұрақ қоймақ. Әлемде бізден өзге жаратылыстың өз қызметі мен мақсаты бар. Бәрінің мақсаты – адамға қызмет ету. Бірақ адам баласының мақсаты не болмақ?

Біз бұл дүниге неге үшін, қандай мақсатпен келдік? Және қайдан келдік? Һәм ақырында қайда бармақпыз? Өлімге ме? Ал өлім деген не? Бұл ғұмырға өлу үшін келсек неге күллі жаратылыс бізге қызмет етуде? Ғаламзат адамзатқа бағынғанмен неге адам баласы бақытсыз һәм қауқарсыз әлжуаз? Неге қай уақытта болсын өзінің әлсіздігін сезінген кезде ұлы бір Күшке сиынып, соған арқа сүйегісі келіп тұрады? Ғаламзат маған бағына тұра, мен неге тым құрыса күннің жасындай да өмір сүрмеуім керек?

Неге маған ғана ақыл берілген? Өзгеде неге жоқ?  Неге? Неге? Міне адам баласы көкейін тескен осындай сауалдар қанағаттандырарлық жауап бере алмақ емес. Адам шеше алмаған жұмбақтың жауабын діннен ғана табады. Бұндай сұраққа жауап берген дін илаһи (құдайлық) болуы керек. Яғни, дін – өзі мен жалпы жаратылысты жоқтан жаратқан Ұлы Жаратушыдан келуі ләзім. Фарабидың сөзімен айтқанда (ө. 950) «Әлемді жоқтан бар еткен бір ықпал себеп бар. Бұл себеп, барлық әлемнен жоғары тұрған әрі ең алғашқысы».

Ендеше, адамның нендей мақсатпен шақырылғанын, діттеген мұраты мен мәңгілік бақытын білетін де Сол. Олай болса, Ұлы Жаратушы сүйіп жаратқан қонағын жауапсыз тастауы әсте мүмкін емес. Ол сол хабарын елшісі арқылы білдірмек. Міне, сол елшісі әкелген хабарды біз «Тәңірлік дін» дейміз. Алайда, осы тәңірлік діндер қатарына жататын жер бетінде үш дін бар. Ол жоғарыда айтылғандай Яһудей, Христиан, Ислам діндері. Осы діннің үшіншісі Ислам – ақырғы тәңірлік дін. Оның Құран кітабы – тарихтағы өзіне дейінгі адамдардың қолымен бұрмаланған өзге илаһи кітаптарға ұқсамаған жалғыз уахилық кітап. Осы жағынан Құран өзге кітап пен діндерді бағалауда жалғыз құқылы кітап. Себеп – Тәурат пен Інжіл ғасырлар бойы адамдардың бұрмалауына ұшырап, Құранның әлі күнге дейін бір әрпі де өзгертілмей сақталуында. Міне, қазақ халқының атасы түркілер осы кітапты Ислам орта азияға кірген кезден-ақ жылы қабылдап, қадам басқан. Одан әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми т.б даналар ілім алып, ғылымның өркендеуіне жол ашқаны белгілі.

Бергі замандағы Гете, Пушкин, Толстой т.б адамдардың Құранды пір тұтулары тегін емес. Негізі бүгінге дейін Исламды зерттеген өз дініне берік көкірек көзі ашық жандар арасында мұсылман болмағандар өте аз кездескен. Ал өз дінін жақсы танып тұрып, өзге дінді зерттеген көкірек көзі ашық мұсылмандардың арасында өзге дінге өткен ешкім болмаған. Міне, біздің қазақ халқымыз да ғасырлар бойы осы дінді берік ұстанып келген. Негізі сіз бір ұлттың қанына сіңіп, табиғатына айналған дінін білгіңіз келсе, сіз сол ұлттың мәдениетіне, салт-дәстүріне, әдебиеті мен жыр-дастандарына, мінез-құлқы мен құндылықтарына, мақал-мәтелдеріне, тіпті адам аттарына мән беріп, зерттесеңіз жетіп асады. Міне қазақ халқының осы ерекшеліктерінің тоқсан пайызында Ислам бояуы бар. Қысқасы, қазақтың жалпы құндылықтарының қайнары – Ислам діні.

Ал қандай да бір ұлт өзінің құндылықтарының қайнар көзінен айырылып қалса, бәрінен де мақрұм қалмақ. Жетпіс жыл бойы қазақ халқы дінінен көз жазып қалғандықтан мәдинеті мен құндылықтарынан да айырылып қала жаздады. Өйткені, қазақ мәдениеті дене болса, Ислам діні соның рухы. Рухсыз һәм басы жоқ дене қайда барсын?!

Жалпы адамның сақталар бес нәрсесі бар. Малы мен жаны, ұрпағы мен ақылы және діні. Шариғат осы бес негізді сақтау үшін қойылады. Егер адам дінінен айырылса қалған төртеуінен де айырылмақ. Кеңес үкіметі ыдырап, еркіндік алғалы бері қазақ халқы өз дініне бет бұра бастады. Ол атеистік тосқауылдан құтылып, енді ғана ғасырлар бойы аққан өз арнасымен қайта аға бастады. Бірақ қазақ қоғамы түгелдей сол дұрыс Исламға шынымен бет алды ма? Әлбетте жоқ. Осы кезеңде қазақ халқы өз бірлігін жоғалта бастағандай. Өйткені, халықты біріктіретін санадағы идея бірлігі яки жүректегі сенім бірлігі. Ал қазіргі таңда халықтың барлығы түгел дерлік бір сенім мен идеяда ма? Мәселе осында.

Атеисттік сенім тарқағаннан кейін оның орнын әр түрлі діндер мен секталар басты. Шет елдерден әр түрлі дін өкілдері келіп, халықты өз діндеріне баули бастады. Осының нәтижесінде елде әр түрлі ағымдар пайда болды. „Келіннің бетін кім ашшса сол ыстық көрінеді” деген. Қандай дін өкілі келіп діннен хабарсыз қазаққа өз сенімін айтса, әлгі қазақ оған мүлтіксіз сенді. Оның рухани аштығы көп ойлауға бой бермеді.

Ақиқатты білмеген соң жалған яки жалған аралас ақиқатты „толық ақиқат” деп ұқты. Сол себепті жүзмыңдаған қазақтар Иегова, христиан, кришна, буддизм, т.б діндерге өтіп кетті. Қандай да бір миссионер бір елге келгенде міндетті түрде өз сенімін сол елдің құндылықтарымен сәйкестендіріп түсіндіреді. Міне, осы ұстаным бойынша „Абай кришнаид, Абай буддист, Абай нағыз Ахмеди” т.б деп көрсетілуде. Алайда қазақ халқының ата-бабасынан ұстанған діні Ислам еді. Бірақ халық сол діннің өзін дұрыс түсіне алмады. Ел ішінде шииттік, ахмедилік, хизбут-тахрир, радикалдық, фанатиктік ағымдар белең алды. Бұлар да қарап қалмай Абай тәрізді дара тұлғаларды өзінің ағымының мүшесі етіп сайлап алып, өзге ағымдарды жоққа шығара бастады.

Осыдан барып ел іші жік-жікке бөлініп, бүліктің басы қылтия бастады. Бұл секталар „Ислам жетпіс үшке бөлінеді, соның біреуі ғана дұрыс жолда” деген хадистегі дұрыс бағытты өздеріне жатқызып ал өзгелерді бұрыс бағытқа жатқызды. Кішкене ғана айырмашылығы үшін бір-бірін ата-жаудай көріп, жауласты да ел ішіндегі дінсіздік яки өзге діндердің іс-әрекеттері және соларға қарай аққан бес жүзмыңға жуық қазақтардың тағдыры олардың негізгі мәселесі саналмады. Алайда Құранда Аллаһ Тағала кітап иелерінің өзін яғни яһудей мен христиандарды бірлікке, татулыққа және үн қатысуға шақырады: “Ей Кітап иелері! Біздің арамызбен сендердің араларыңа бірдей бір сөзге келіңдер; жалғыз Аллаһқа құлшылық етейік, Оған еш нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Аллаһтан өзге бір-бірімізге тәңір тұтпайық” деп айт» (Әли Имран, 3/64).

Басқа аятта. “Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар”дейді (Анкабут, 29/46). Құранда өзге дін өкілдерімен осылай үн қатысуға шақырса, бұлар неге Құранның рухынан алшақтап, бір-бірімен жауласпақ. Бұған куә болған қазақ қоғамы қай діннің яки қай ағымның етегінен ұстарын білмей дал болды. Аталмыш секта өкілдері яки қазақтың кейбір белсенді мен сөзге шешендері газет беттері мен телеарнада осы мәселені қозғай келіп, кінәні түгелдей Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына яки мешіт имамдарының мойнына іліп, осыны батыл ақиқат санап, ақиқатты қаймықпай айтқаны үшін өзін ел проблемаларын шешуде үлкен рол атқарған азаматтардың бірі санағандар да болды.

Алайда, өзге дінге өткен қазақтардың бетін қайтарып, иман келтірулеріне себепкер болу, ағымдардың ақ-қарасын ажырату тек қана діни басқарманың ісі емес қой. Құранда Ислам мен ақиқатты тек қана имамдар уағыздасын деген қағида жоқ. Хақ Тағала ман ақиқатты тану ман таныту һәм адамдарға түсіністікпен қарап, бейбіт ғұмыр кешуге ат салысу әрбір мұсылманның парызы. Мінберге шығып алып, мешіт имамдары мен діни басқарманы кінәлау оңай. Ал адамның өзін кінәлауы өте қиын. Ислам насихаты бойынша негізінде әр бір мұсылман қоғамдағы қайшылықтардың басты себебін өзінен іздеуі қажет. Мысалы, үйдегі балаңыз бір күні кришнаид яки Иегова не болмаса хизбут-тахрир мүшесі болып шықса оған кім кінәлі?

 Өзге дінге өткен қазақтардың да мұсылман болмауында бірнеше себептер бар. Ол, әуелі оны ақиқат деп ұғып, өз дінін өзге діндермен салыстырып қарамауы, рухына сол діннен жылылық сезінуі, сырттай қараған оларға мұсылмандардың барлығы секталарға бөлініп, бір-бірін алалап көрінуі және соңғысы жалпы Ислам дінінің қазіргі заманда экстремизм, террор діні саналып, оған қара күйе жағылып, қаралануы. Оған дәлел ретінде әдей қолдан жасалған Усама Бен Ладен тәрізді терроисттердің жасаған экстремистік әрекеттерін Құран аяттарымен байланыстыруы. Яғни, Исламдығы „имандылық таныту” мағынасындағы жиһад ұғымын „террор” ұғымына айналдырып көрсетуі. Және оған қосымша әлбетте Исламның ақиқатын және оның Алла Тағаладан жер бетіне бейбітшілік орнату үшін түсірілген дін екендігін таныта алмаған нағыз Құран рухына сай мұсылман қоғамының болмауы. Қайта Ирак, Ауғанстан тәрізді елдерде сунит пен шииттердің бір-бірімен қырық пышақ болулары яки кейбір араб елдерінің „Мәһди жақында келіп, бізді құтқарады” деп қол қусырып қарап отырулары т.б жалпы үш ғасыр бойы мұсылмандардың „Пайғамбарымыздың: „Бір заман келеді.

Ол заманда мұсылмандар басқа сайда, Құран басқа сайда жүреді” дегеніндей Құраннан алшақ ғұмыр кешулерін айтуға болады. Бірақ та Исламның: „“Сондықтан Исрайл ұрпақтарына: Кімде-кім кісі өлтірмеген яки жер бетінде содырлық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен және кімде-кім бір адамның өмірін құтқарса (тірілтсе), барлық адамзаттың өмірін құтқарғанмен бірдей деп жаздық” деген ұстанымды дін екендігін кейбір Елбасы тәрізді кісілердің: “Ислам – бұл адамзат тарихы мен мәдениетінің бейбітсүйгіштік, теңдік, әділдік пен төзімділік принциптерін ұстанатын ажырағысыз бөлігі”,(Егемен Қазақстан 14.02.2003) деп жеткізуге тырысқанмен аталмыш себептерге байланысты ондай мұсылмандардың үні әзірге бәсең болып тұр.

Бұған қазақ халқының зиялы қауымын да қосымша айтсақ қателік болмас деп ойлаймын. Бүгінгі таңда халық рухани сұранысын олар қанағаттандыра алмай отыр. Зиялы баяғыша идеясын айтады. Халыққа дін қажет. Ал одан олар бейхабар. Мысалы, бүгінде қазақ халқында көркем әдебиеттің деңгейі өте төмен. Өйткені, жетпіс жыл бойы жазушылар көбінесе дінсіз бағытта жазып, кеңес үкіметінің құндылықтарын жырлап келді. Ал қазіргі таңда сол бағытта жазылған кітапты халық қызығып оқи алмайды. Халыққа жаңа құндылықтарды ұстанған романдар мен өлеңдер қажет. Ол әлбетте діни тұрғыдан болуы тиіс. Ал кейбір зиялылар діни бағыттағы кітап жазуды ұят санайды. Дінді олар әлі де „ескі әдет” деп қарап жүр. Алайда әлемдегі ең мықты деген жазушылардың басым көпшілігі романдарын дінмен қатыстырып жазған жоқ па? Мысалы, Толстойдың „Анна Каренинасы”, Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтары» т.б. Қысқасы зиялы қоғамның да дінге көңіл бөлмеулері тосқауыл себептердің бірі. Сондықтан да қазіргі таңда қазақ қоғамы яғни қазақ елінде екі қауіп тууы ықтимал.

1. Ел ішінде қазақтың ата-бабасының құндылықтарының қайнары – мұсылмандық дінге жат әр түрлі өзге діндердің белең алуы және атам қазақтың ұстанған мұсылмандығының сунниттік көзқарасына жат бұрыс ағымдардың қауырт өсуі нәтижесінде халықтың өз ара қайшылыққа түсуін кейбір сырт мемлекеттердің өз саясатына айналдыруы. „Бөліп ал да, билей бер”.  

2. Аталмыш себептерге байланысты қазақтың бүгінге дейінгі жүзге бөліну проблемасы былай қалып, өз-ара тіпті бір отбасының өзі жеке-жеке секта мен дін өкілдеріне бөлініп, ел ішінің берекесін кетіріп, ыдырауы. Сондықтан үкімет басындағылар бұл мәселені дереу қолға алғаны абзал. Қазақстан мемлекеті „Зайырлы мемлекет”. Десек те, үкімет бұны „дін проблемасы” ретінде болмаса да, „елдің өзіндік проблемасы” деп қарауына болады. Және бұған ат үстілік етпей, тым болмаса „экономикалық мәселе” деңгейінде көңіл бөлу қажет.

1. Ата заңдағы дінге қатысты бабтарды қайта қарап, екшеу.

2. Қазақ халқының ежелден келе жатқан сунниттік көзқарасын анықтау.

3. Ол үшін Ислам дінін яки жалпы діндерді зерттейтін ғылыми зерттеу орталығын ашу.

4. Халыққа Құранның рухын түсіндіру. Оны жаратылыс пәндерімен салыстырып оқуға күш салу. Құран ғаламзат кітабын адамзатқа оқу мақсатымен түскен. Мұсылмандар оның бұл мақсатынан бірнеше ғасыр бойы бейхабар қалған. Мұсылмандар Құранды дұрыс оқығанда ғана бірлікке қол жеткізе алады.

5. Сунниттік бағыттағы мамандар даярлауға көңіл бөлу.

6. Мұсылмандар Діни басқармасының құзырын күшейту. Елде қазір мемлекеттің бақылауындағы Мұсылмандар Діни басқармасы бар. Бірақ одан басқа елде көптеген оған бағынбаған Исламдық діни қор мен ұйымдар бар. Олар өздеріне „Қазақстан зайырлы мемлекет. Сондықтан Діни басқарманың бізге әсері жоқ. Өйткені біз де дәл сондай ұйымбыз” деп қарайды. Билігі болмаса, ол неге ашылды?!

7. Мектеп пен жоғары оқу орындарында дін дәрісін енгізу мәселесін қарау. Соңғы айтар сөз, атеисттік қапастан құтылып, дін, сенім іздеген бір елде әр түрлі діндер мен секталардың көбейуі табиғи нәрсе. Әрі Ислам дініндегі әр түрлі бұрыс ағымдардың да болуы табиғи нәрсе. Бұл адамның қателесуінен яки өзге дін өкілдерінің дінге іріткі салу мақсатымен тумақ.

Бұл – Исламның дінінің дұрыстығына нұқсан келтірмейді. Жалпы ғасырлар бойы Пайғамбарымыз бен сахабалардан мирас болып келе жатқан мұсылмандарда көзқарас бар. Бұл – сунниттік көзқарас. Бұған жер бетіндегі мұсылмандардың тоқсан пайызы яки тоқсан бес пайызы жатады. Қалған бес пайызы ғана бұрыс ағымдарға жатады. Бұлар арам шөптей әр ғасырда бой көрсетеді де, бірі ұзақ, енді бірі қысқа ғұмыр кешеді. Қияметке дейін де бола бермек.

Мұхитдин ИСАҰЛЫ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: