Періштелер – Алла тағаланың ерекше жаратылыстарының бірі. Олар нұрдан жаратылған, салмағы мен пішіні болмайды. Ең үлкен төрт періште – Жәбірейіл (ғ.с.), Микайл (ғ.с.), Исрафил (ғ.с.) мен Әзірейілден (ғ.с.) бөлек, тағы сан мыңдаған періштелер бар.
Олардың нақты саны тек бір Аллаға мәлім, қызметтері де әртүрлі: бірі адамның іс-әрекеттерін жазып отырса, бірі дұға-тілектерін Алла тағалаға жеткізеді, енді бірі дәм-тұзы таусылған адамның жанын алады т.с.с. Сол сияқты, біздің үйімізде де періштелер жүреді. Бірақ, тек Аллаға құлшылық ететін, Құран оқылып, ізгі амалдар жасалатын, тыныштық пен береке орнаған үйлерде өмір сүреді.
Ал жанжал, өтірік айтылатын, Алланы еске алмайтын, ішімдік, темекі сияқты күнәлі істер жасалатын үйге олар жоламайды. Осы орайда сонда олар біздің үйімізде не істейді, атқаратын қызметі қандай дейтін боларсыздар. Олар үйімізге бақ-береке мен тыныштық орнатып, жақсы ниеттерімізге тілеулес болады.
Күн сайын жұмысқа, оқуға кеткенімізде қайта оралғанша үйімізді жын-шайтан, пәле-жала, қауіп-қатерден қорғайды. Сондықтан бір жаққа шығарда олардың үйімізде қалғанын ұмытпай, келген кезде міндетті түрде сәлемдесіп кіргеніміз жөн.
Ал оларды үйімізге көбірек шақыру үшін әрдайым Алланың атын аузымызға алып, құлшылықтарымызды үзбей, тек жақсы амалдар мен ізгі істер жасауымыз керек. Бір-біріне ренжіп, дауыс көтеріп, жанжалдасып, ұрыс-керіс пен айғай-шу үзілмейтін үйден олардың қашатынын ұмытпағанымыз жөн.