Өткен жылы бір топ туысқандарыммен бірге Қасиетті мекенге умраға барып қайттық. Өте әсерлі де, жүрек қуанышына толы ерекше сапар болды. Марқұм әкемді көзі тірісінде апара алмағанымнан туындаған көңіл түкпірінде өкінішім бар еді. Анашым мен әкемнің 80 жастағы Жамалхан әпкесінің табанын осынау қасиетті жерге тигенін көргенде, көңілімді ерекше қуаныш билеп, іштегі әттегенайым аз да болса жеңілдегендей күй кештім.
Қажылық пен умра жайлы көп айтылып жүр ғой. Мен сіздерге Мәдина қаласындағы құрма бағында айтылған қызық мәліметті бөліскім келді. Құрма бақшасының бағбаны бізді ерекше ықыласпен күтіп алып, дастарханға шақырды. Дастарханға көз салдым. Тек өз басқашасында өсіп-жетілген сан-алуан құрма түрлері қойылған екен. Әртүрлі құрманың дәмін татып отырып, сораптап ыстық шай іштік. Дастархан басында Бағбан құрма жайлы бұрын естімеген қызық әңгімесін айтып берді.
Бағбан: «Құрма ағашы ең көне ағаштардың біріне жатады» деп бастады әңгімесін. Араб тілінде құрма ағашына «Нахла» делінеді. Алла Тағала атамыз Адамды жаратқанда, ең әуелі топырақты елекке салып елеген. Еленген топырақтан Адамды жаратып, електің үстінде қалған топырақтан осы құрманы жаратқандығы айтылады. Електің үстінде қалған қоқымға «нахла» делінеді. Електің өзіне минхал, яғни елеуші құрал дегенді білдіреді. Байқағанымыздай қазір де арабтар құрма ағашына «нахла» дейді. Демек адам мен құрма ағашының арасында тығыз қарым-қатынас пен ұқсастық бар. Мен құрма ағаштарының бағбаны ретінде осы ұқсастықтарды айтып шығайын. Мысалы, адам секілді құрма ағаштарының да орташа жасы 60-70 жыл. Ал ең ұзақ ғұмырлысы 100-110 жыл. Адам секілді құрма ағашының ең жемісті кезі 15-45 жас аралығында болады. 60 жастан кейін жеміс бермейді. Сондай-ақ, құрма ағаштары да адам секілді еркек-ұрғашы болып бөлінеді. Адам шашы тәрізді еркектерінің жапырағы тік және қысқа болса, ұрғашыларынікі ұзын және төмен қарай жайлып өседі. Олар өзге өсімдіктер секілді тозаңдау жолы арқылы емес, ұрықтандыру арқылы көбейеді. Еркегінің ұрығын алып, ұрғашысына салып, қолдан ұрықтандырамыз. Жас өскін ананың құрсағы секілді бүйірінен томпайым өсіп шығады. Белгілі бір уақыттан кейін ұрғашы құрма ағашының бүйірінен бөліп алынады да, жақын жерге отырғызылады. Егер анасынан алыс жерге отырғызылса, өліп қалады. Бір қызығы еркегінің ұрығының исі адам шәуетінікімен бірдей.
Тағы бір ұқсастығы адам басы секілді құрма ағашының да жоғарғы жағында «жумра» атты домалақ басқару жүйесі орналасқан. Басқа ағаштардың жоғарғы жағын кесіп алып тастасаңыз, жанынан бұтағын жайып, өсіп кете береді. Ал құрма ағашы олай емес. Жұмрасын кесіп тастасыңыз яки, қатты соққы жесе, ағаш қурап кетеді. Яғни, өліп қалады. Адам сусыз өмір сүре алмайды. Құрма ағашы да басқа ағаштарға қарағанда суды көбірек қажет ететін өсімдік. Күнде суғаруға тура келеді», – деп әңгімесін аяқтады.
Қызықты осынау мәліметті естіп отырып Айша (р.а.) анамыздың мына хадисі есіме түсті: «Шаңырағымызда үш ай бойы қазан асылып, ыстық тамақ іше алмайтынбыз. Тек қара су мен құрманы азық ететінбіз».
Кез-келген бір келкі тағамның адам денсаулығына кері әсері болуы ықтимал. Ал құрма жемісі олай емес. Неге? Себебі құрманың құрамы адам бойындағы барлық қажетті витаминдерге бай. Ендеше әу баста айтылған құрма ағашының адам жаратылған топырақтан жаратылғандығының бір қосымша дәлелі ме? Ойланатын дүние!
Бағбан айтқан бұл мәліметтердің діни негізін ақтарып отырып кітаптардан тауып алдым. Əзіреті Əлиден (р.а.) риуаят етілген бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Немере әпкелеріңіз саналатын Құрма ағашын қадірлеңдер. Өйткені құрма ағашы Адам пайғамбар жаратылған топырақтан жаратылған. Құрма ағашынан басқа ұрықтанып, көбейетін ағаш жоқ. Жүкті әйелдеріңізге балғын құрманы жегізіңіздер. Ал балғыны жоқ болса, онда кептірілгенін беріңдер. Ағаштардың арасында көлеңкесінде Имранның қызы Мəриям саялаған құрма ағашынан артық ағаш жоқ».
Әрине аталмыш бұл хадис жету тізбегі тұрғысынан сын көтермесе де, мағына тұрғысынан жоғарыдағы айтылғандарды қуаттай түспек.
Сондай-ақ, ғұлама Ниғматуллаһ әл-Жазайри өзінің «Әнуарун-Нұғмания» атты еңбегінде де құрма ағашының адам пайғамбар жаратылған топырақтың елегіндегі қалдықтан жаратылғандығын, сондықтан оған «нахла» делінетіндігін келтірген.
Айтылған мәліметтермен келісіп-келіспеу әркімнің өз қалауындағы дүние. Сенім мәселесіне жатпайды. Бірақ мазмұны шындыққа жақын қызық дүние. Міне, мен осылайша Мәдинаға барып, немере әпкемді, ерекше жақын туысқанымды тауып қайттым. Алла Тағаланың жаңа босанған Мәрия анамызға: «Қане, мына құрма ағашын өзіңе қарай тартып сілкілеп жібер, алдыңа жаңа піскен таза құрмалар түссін. Ал енді (құрмадан) жеп, (судан) іш һәм көзайым бол!» -деуі құрма жемісінің қасиеті жайлы көп нәрседен сыр шертсе керек.
Дастархандарыңыздан құрма жемісі үзілмесін!
Қайрат Жолдыбайұлы