Адам ғұмырында ізгі қасиеттерді бойына сіңіруді мақсат тұтары анық. Әр ұлттың бойында да сондай бір адам сүйсінер ерекшелігі бар. Ал мұны мәдениет десек, қазақ тұрмысындағы мәдениет қай тұғырда. Қазақы мәдениет қандай мәдениет...
Мәдениет - жеке тұлға мен қоғамның ар азаттығы мен бақыттылығының айнасы. Бұған адамзат дін арқылы ғана қол жеткізе алады. Дін жоқ жерде көркем мінез бен парасаттылық жайлы сөз қозғау мүмкін болмаумен қатар ақиқи бақыттылық хақында пікір таластыру да қиын. Өйткені, көркем мінез бен мәдениеттің қайнары - ар-ождан. Сол ар-ожданды басқаратын жалғыз нәрсе бар. Ол Ұлы Жаратушмен байланыста тұратын дін.
Қазақ халқының мәдениеті де Хақ Тағаладан келген ақырғы дінмен тікелей байланысты. Қазақтың қара шаңырағында ғасырлар бойы осы ақырғы діннің байрағы желбіреп тұрды. Оны кешегі атеисттік режим де өзгерте алмады.
Кеңестік тәртіп құлағаннан кейін көп өтпей-ақ қайта жапырақ жайған бәйтеректей құлпырып сала берді. Өйткені, қазақтың болмысы Ұлы Жаратушының дінінен ажыратып ала алмайсыз. Қазақты “момын”, деп, текке айтпаған. Момын, мумин яғни діні табиғатымен егіз мұсылман халық, деген сөз. Кейбір зиялылардың ұғымында “мәдениет – сол елдің дәстүрі, тілі, әні, жыры, тарихы”, деп, текке айтпаған. Бірақ осы қазынаның сақталар сейфі мен қоймасы – дін. Яки мәдениетті алып бәйтерек десек, дін соның тереңде жатқан тамыры.
Қазақтың салт-дәстүрінің басым көпшілігі, мақал-мәтелдері, қанатты сөздері, жыры т. б. бала өмірге келгеннен бастап жерлеу рәсіміне дейін өзінің дінінен бастау алған. Мысалы қазақтың бесік жырын алып қарасақ, “әлди”, деп, басталады. “Әлди” “Алла”, деген сөздің қазақша ассимилацияланған түрі. Бүгінгі алдыңғы толқын зиялы қауымды әжелеріміз осылай тәрбиелеп, кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырған.
Жасынан әлдиін санасына сіңірген алдыңғы толқын кеңес заманында өссе де, құлағынан әлди деген сөз қашан да жаңғырып тұрды. Сол сықылды мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер де Құран мен хадистің мағынасына толы. Егер әлдекімдер қазақ мәдениетін өзінің дінінен бөлек алып қарайтын болса, қазақтың мәдениет табағында дәмсіз қара сорпа ғана қалар еді. Бізде ұлтын сүю, елін сүю иманнан келеді.
Пайғамбарымыздың “отанды сүю иманнан”, дегені де сол. Қазақтың діннен бойы мен санасына дарыған мәдениетінің ең басты ерекшелігі сол – жалпы адамзатқа деген сүйіспеншілігі. Елу-алпыс жылдың ішінде қазақ еліне қаншама ұлттар сүргін етіліп келді. Сонда қазағым жатсынбай, адам, деп, бауырына басып, артық үйі барлар үйін, артық үйі жоқтар қоржын тамының жартысын бөліп беруі осының дәлелі. “Адамды сүй, Алланың хикметін сез”, яки “Атаның баласы болма, адамның баласы бол”, деген мәдениет. Бұл нағыз мәдениет. Мұндай жоғары мәдениетті қазақ Пайғамбарынан және соған түскен кітаптан үйренген. Ұлы Жаратушы елшісін күллі адамзатқа пайғамбар етіп жіберген.
Ендеше, оның үмбеті де жер бетіндегі адамзатты сүюге тиісті. Адам тұрмақ, бүтін жаратылысты сүю мәдениеті - қазаққа діннен сіңген. Тек қана қазақ емес, Ислам дінін жақсы таныған барша мұсылман әлемге осылай қарайды. Сондықтан дін өзгерсе, мәдениет те түгелдей өзгеріп сала береді. Қазақтың әлдиі, құрбан айты, жарапазаны, қала берді бүтін болмысы түгел құрдымға бет алады. Ол кезде қазақтың ыңылдаған әні арзан сенімдерге (бүгіндері қаптаған секталарға) қарай ауа бастайды. Пайғамбардан қалған қасиетті шапан мен құт тақия және әженің кимешегі де өзге түске айналады. Тілі де басқа жалған діннің жетегінде кетеді. Бұл бір. Енді, толық мағынасындағы мәдениет пен мәдениетті адам түсінігі қандай болуы керек, дегенге тоқтала кетейік. Жалпы адамның мақсаты – «толық адам» шыңына шығу.
Ұлы Жаратушы адамды осыған лайық етіп жаратқан. Адам тұлға болғандықтан өзі үшін қайраттанумен қатар, өзге жандарды да ынталандыруы керек. Пайғамбарымыз «адамның жақсысы – адамға пайдалысы», дейді. Яғни, адам бойындағы ой-сана мен сезім, ерік күші секілді барлық ізгі қасиеттерін жарыққа шығарып, рухын жаңғыртуы.
Ендеше, мәдениет – адамның ізгі қасиет пен дарындылығының өркендеуіне лайық атмосфера, мәдениетті адам да сол аймақта сана-сезімі арқылы биікке өрлей отырып, қоғамға қызмет етуші. Мұндай мәдениетті адамдар елінің зиялысы. Осылар өз күшін сарп еткенде ғана қоғам қараңғылықтан айығады. Әрбір елдің зиялысы мәдениеттің жоғары деңгейдегі “өзгелер үшін өмір сүру” ұстанымын негізгі мақсат тұтады. Бір елдің зиялы қауымы өзгелер үшін ғұмыр кешкенде ғана оның қоғамы мәдениеттің шыңына жете алады.
Олардың басты ерекшелігі сол – қашан олар өзін ойлай бастаса, яки тым құрыса аз ғана уақыт өзгелерді ұмытса, бейне бір тынысы тарылған жандай қиналып, олар үшін өмірдің мән-мағынасы болмай қалады. Олар сусыз күні қараң, балық тәрізді. Вампир-қансорғыштар адам қанын сорып қана күн көрсе, бұлар өзгелерге ғұмыр-қанын сорғызып қана өмір сүре алады. Олардың басты мақсаты - басқаларға жан беру. Оларды бақытқа жеткізу. Құрандағы “Бір адамды тірілту күллі адамзатты тірлітумен бірдей”, аяты олардың басты қағидалары.
Қоғам дақыл болса, олар соның құнарлы топырағы. Оларды кейде топырақ, деп, елемегендер табылып жатады. Бірақ олар мені елемей қойды-ау деп қынжылмайды, керісінше қайтсем құнарлы топырақ бола алам, деп, бас қатырады. Ал кейбір зиялы болып көрінуге тырысқандар топырақ болуға намыстанып, тас, жартас болып көрінуге қайраттанады. Оларды алыстан қасқайып көрінді демесең, басқа әжетке жарамайды.
Бар мақсаты – жұртшылыққа жалт етіп көріну. Иә, әрбір мәдениетті адам артында із қалатындай ғұмыр кешкені абзал. Бірде бір әулие кісі шәкіртімен бір мазардың жанынан өтіп бара жатып, кенеттен жүзіне күлкі ұялайды. Жанындағы шәкірті тосын күлкінің мәнін сұрайды. Бірақ ұстазы айтқысы келмейді. Сонда шәкірті айтпасаңыз осылай да осылай қабірдің жанынан өтіп, қараптан-қарап, күлді деп, шәкірттеріңізге жаямын, деп, қыстап қоймаған соң, ұстазы тіл қатады: “Шәкіртім, мына қабірдегі әйел бұдан үш жүз жыл бұрын қайтыс болыпты.
Өзі өмірде жұртқа көп жақсылық жасаған, әрі тақуа жан екен. Бірақ, бір осал жері мойнына таққан моншағын қатты жақсы көріп, көбінесе сонымен әуре болады екен. Бірде сол моншағының жібі үзіліп, жерге шашылып түседі. Әйел еңкейіп моншағын теріп жүргенде, ажалы жетіп сол жерде қайтыс болады. Содан бері қабірде әлгі әйел еңкейіп, моншағын терумен әуре болуда. Мен соған күлдім”, - дейді.
Әрі қарай ұстазы ұлағатты сөзін жалғастыра отырып: “Иә, шәкіртім қалай ғұмыр кешсең, солай өлесің, қалай өлсең солай мақшарда қайта тірілесің. Өміріңді өзгелерге арна, сонда ғана қабірің жарық болады. Қабірің жарық болса, иншаллаһ мақшарда қайта тірілгенда Құдайдың рақымына бөленесің. Алайда, өміріңді күйкі тірлікпен, алдау, 40 арбаумен, жазықсыз жанды қанаумен өткізсең, өлгенде сен де алданасың, қайта тірілгенде білмеймін соғатынын қайда басың”,- деп, түйіндейді. Ал, дінге келсек, дін – мәдениеттің барлық принциптерін қамтиды. Дін арқылы адам жүрек пен сезім әлеміне жетіп, күллі жақсылық пен парасаттылықтың негізгі қайнар бұлағынан қанып ішуге қолдары жетеді. Ал, сол мәдениетіңіз бен биік парасатыңыз асылында, тек ақиқи діннен ізделуі керек. Дінсіздің парасатты, керісінше мүміннің парасат атаулыдан жұрдай болуы некен-саяқ. Демек, шынайы дін арқылы ғана адам өзінің биік адамдық қасиетін аңғарады.
Ендеше, кейбір тоқырау заманды бастан кешкен қоғамдағы жаңа мәдениет ерекше бір құлшыныс, соны бір иман қарғыны арқылы туады. Ал, мұндай иман мен саф рух құлшынысы болмаған қоғамда, барша ғылым саласы дамып, көкке ұшса да мәдениет бар, деп, айта алмаймыз. Бола қалған жағдайда да ондай мәдениеттің ғұмыры тым келте болмақ.