ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігі мен «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры бірлесе отырып жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектеп сөмкесі» қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қуаныш сыйлап, білім іздеген бүлдіршіндерге көмек көрсетті.
Қайырымдылық шараларының қара шаңырағына айналған облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде өткен іс-шара аясында Тараз қаласындағы 80 оқушыға, оқуға қажетті құрал-жабдықтар салынған 80 сөмке таратылды.
Іс-шараға орталық "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы Жапек Ғалымбек, «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Айтбай Қайрат мырза қатысып, оқушылар мен ата-аналардың қуанышына куә болды.
Игі шараның шымылдығын ашқан облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Жапек Ғалымбек асыл дініміздегі оқу-білімнің орны жайлы айта келе, жас бүлдіршіндерді оқуда озат болуға шақырды.
Көмек алған барлық оқушылардың ата-аналары шараны ұйымдастырушыларға шексіз алғыстарын жеткізді.
«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі