Рамазан – ерекше жомарттық айы

Рамазан – ерекше жомарттық айы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Барша жаратылыстың иесі аса Ұлы Алла Тағалаға шексіз шүкіршіліктер, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Мұстафаға  сансыз салауаттар болсын! 

Алла Тағала Құранда шынайы иман келтірген құлдарын былайша сипаттайды:

«Сондай олар көмеске иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) пайдаландырады» (Бақара сүресі,3-аят). Сондай-ақ Жомарттық иесі Алла Тағала иман келтірген құлдарын жомарттық қылуға шақырып былай дейді:

«Алла жолында мал сарып қылыңдар».(Бақара сүресі, 195-аят).

Ал адамгершілік қасиеттердің озық үлгісі болған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте былай дейді:

«Егер менде Ухуд тауының көлеміндей алтын болса, үш күннен соң одан қарыздарымды өтейтін мөлшерде ғана қалдырып, қалғанын таратып жіберсем қуанар едім»(Бухари, Муслим). Әлбетте бұл дүние біздер үшін амалдарымыз сыналатын сынақ дүниесі екені даусыз. Сондықтан өзімізге Алла тарапынан нәсіп болған мал дүниемізді орынсыз ысырапқа ұшыратпай, керісінше орын-орынымен Алла жолында жұмсап, мол сауапқа кенелуге асығуымыз керек. Бес парыздың бірі болған зекеттің де дінімізде өзіндік орын алуы тегін емес. Байлардан алынып, мұқтаж жандарға берілетін зекет ғибадаты шын мәнінде ұлы ғибадат болып табылады. Құран Кәрімнің көптеген аяттарында зекеттің намазбен қатар бұйырылуы осы сөзіміздің дәләлі болса керек. Әрине, Алла разылығы үшін орындалатын әрбір ғибадаттың қабыл болу шарты риясыз ықылас пен ниеттің дұрыс болуымен қатар сүйікті пайғамбарымыз Мухаммедтің (с.ғ.с.) сүннетіне сәйкес болуы керек екендігін білуіміз керек. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

«Олар, ғибадатты нағыз Аллаға шынайы ынтамен бірбеткей түрде орындаулары намаз оқулары, зекет берулері үшін әмір етілген. Міне осы тұп-тура дін». (Бәийнә сүресі, 5- аят). 

Зекеттің исламдағы үкімі – өзінің мұқтажынан артық байлығы шариғатта белгіленген мөлшерге жеткен әрбір мұсылманға жылына бір рет байлығының белгілі бір бөлігін зекет етіп беруі парыз. Әрбір парыз амалдың шариғатқа сай орындалуы пенденің тозақ отынан құтылып, пейішке кіруіне себепші болады. Зекет пен садақа беру жүректі сараңдық дертінен айықтырып, жомарттық қасиетке тәрбиелейді. Сонымен қатар, зекет – дүние табу жолында кеткен қателік кемшіліктерді жуады. Қоғамдағы теңсіздікті ретке келтірудің бірден-бір жолы. Раббымыз зекет берген құлдарын қалай рақымына бөлесе, зекет беруден бас тартқандарды азабына душар ететінін ескертеді:

«Алланың кеңшілігінен өздеріне берген нәрселеріне сараңдық істегендер, олардың сараңдық қылған нәрселері, қиямет күні өздерінің мойындарына оралады».(Әл-Ғимран сүресі, 180-аят).

«Алтын мен күмісті қазына етіп және оны Алла жолында жұмсамағандарды қатты азаппен сүйіншіле. (Қиямет) күні жаһаннамның отында қыздырылып, онымен олардың маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланып: Мынау өздерің үшін қазына еткендерің. Ал енді қазына еткендеріңнің дәмін татыңдар (делінеді)». (Тәубе сүресі, Тәубе сүресі, 34-35-аяттар). 

Алланың сүйікті елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.):

«Алла мал-дүние берсе де зекетін төлемегенге Қиямет күні (байлығы) көздерінде екі қара дағы бар улы жылан кейпінде келеді. Сосын оны орап алып, ұртына, яғни жақтарына жабысып: «Мен - сенің байлығыңмын, мен – сенің қазынаңмын»,- дейді. Сосын:-« Сараңдық еткендер есептемесін...» (Әл-Ғимран сүресі, 180-аят)- деген аятты оқыды» –деген.     

Құрметті облыс тұрғындары, Рақымды да Мейірімді Алла Тағаланың рақым-мейіріміне бөленіп, дүние-ахиреттің жақсылығына жеткіміз келсе, дүниеқұмарлықтан арылып, жомарттықты жанымызға серік етейік. Міне, кіріп келген айлардың сұлтаны болған қасиетті рамазан айы мұсылмандар үшін қаншалықты қадірлі, қымбат екендігі баршамызға белгілі. Жомарттық иесі болған Ұлы Алла Тағала осы айда жасаған әрбір құлшылығымызға сансыз сауаптар нәсіп етіп, қаншалаған күнәларымызды кешіруге уәде етеді. Ендеше сол жақсылықтардан құр қалмай, рамазанның әрбір сәтін құр жібермей, Жомарт Иеміздің мейіріміне бөленуге ұмтылайық, ағайын! Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша:

«Расулуллаһ (с.ғ.с.) жақсылық істеуде адамдардың ішінідегі ең жомарты еді. Әсіресе, Рамазан айында Жәбраилмен (ғ.с.) кездескенде, ерекше жомарт болып кететін»(Бухари, Муслим).

Осы Рамазан айында берілуі уәжіп болған тағы бір садақаның түрі пітір садақасы деп айтылады. Пітір садақасы – мал-дүниесі нисаб мөлшеріне толған әрбір мұсылманға уәжіп, және бұл садақа айт намазына дейін кедей - кепшіктерге үлестіріледі. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:

«Құдайдың құтты күні екі періште  түсіп, ол екеуінің бірі: « Аллам! кеңпейілді садақа берушіге кіріс бере гөр!» - дейді, Екіншісі: «Шықбермеске шығын бере гөр!» - деп айтады»  (Бухари).

Алла Тағала барша мұсылман бауырларымыздың күнәларын кешіріп, Құран мен сүннеттің тура жолынан адастырмай, дүние-ахиреттің игілігіне жетуімізді нәсіп етсін, ӘМИН!

 

ҚМДБ-ға қарасты «Зекет» қорының

Жамбыл облысы бойынша өкілі,

«Бегалы ата» мешітінің имамы,

Бөлегенов Ерлан Әбутәліпұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: