РАМАЗАН ҚҰТТЫ, ОРАЗА ҚАБЫЛ БОЛСЫН!

РАМАЗАН ҚҰТТЫ, ОРАЗА ҚАБЫЛ БОЛСЫН!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әлем мұсылмандарының асыға күтетін қасиетті Рамазан айының бірінші жұлдызы, 28 маусым басталып, мұсылмандық ай күнтізбесімен қасиетті ай биыл 30 күнге толады. Күллі мұсылман бұл айда ораза ұстап, ауыз аштырып, тігінен-тік тұрып тарауих намазын оқып және Құран қатымға қатысып, пітір садақасын берумен жүректерін нұрға шомылдырып, рухани мәре-сәре болады. Себебі, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім Рамазан айы келгеніне қуанса, оған тозақ оты харам болады»,- немесе «Егер үмбетім Рамазан айындағы Алла Тағаланың тарапынан жіберілетін нығметтердің қандай екенін білсе, онда ол жыл он екі ай бойы Рамазан айы болуын тілер еді», - деген өсиетінде өте терең мән-мағына бар. Келе жатқан кешірім айымен баршаңызды құттықтай отырып, елімізге амандық, жерімізге тыныштық, шаңырақтарыңызға Алла Тағаланың жақсылықтары бұйырсын, деп тілеймін!

Рамазан - игілік, береке, кешірім, мейірім және қайырымдылық айы. Рамазан – араб сөзі, түбірі «рамзау» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына  біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді»,–деп түсіндіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі»,– дейді. Сондықтан, Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға негіз бар.

Рамазан – ерекше ай. Бұл айда жасалған ғибадат, құлшылықтарға Алла тағала еселеп сауаптар жазады. Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадис-шәріпінде: «Рамазан айында бір жақсы іс жасаған адамға Алла тағала басқа айларда  парыз істі орындағанның сауабын  береді. Ал парызды орындағанға басқа айларда жетпіс парыздың сауабын жазады»,-дейді. Демек, бұл айда жәй садақа жасаған кісі басқа айда зекет бергендей сауап алады, ал бес парыздың бірі – зекетті осы айда өтесе, жетпіс рет зекет жасағанның сауабын алады. Сондай-ақ, нәпіл, тарауих намазға жығылса, басқа айда парыз намаз оқығанның сауабындай сауапқа кенеледі, ал парыз намазын оқыса, басқа айда жетпіс парыз намазын оқығанмен тең сауап жазылады. Сол себепті, бұл айды әдеттегіден де имандылыққа барынша ден қойып, маңызды өткізген жөн.

Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Санаулы күндер. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін. Ал ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір міскіннің пидиясын берсін. Сонда кім өз қалауымен қайырлы іс жасаса, ол өзіне жақсы. Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың өздерің үшін жақсы»,(“Бақара” сүресі, 183, 184 аяттар) – делінген. Осы аяттан ораза ұстау жаңа бір ғибадат емес, керісінше, ораза ұстау барлық діндерде бұрыннан бар ғибадат екенін байқаймыз. Ал, исламдағы ораза – қасиетті Рамазан айында парыз болуымен мәртебеленген, иләһи мағынаны қамтитын, нағыз ғибадат.

Ораза деп айтып отырған сөзіміз жоғарыдағы аяттағы «сиям» деген сөзден аударылды. Мағынасы «өзін тыю» деген сөз. Шариғатта «таң атқаннан күн көзі толық батқанға дейін ниетпен оразаны бұзатын немесе ашып жіберетін нәрселерден өзін тыюға» айтылады. Оразаны бұзатын нәрселер дегенге тоқталатын болсақ, жеуді, ішуді, жыныстық сезімге берілуді және  басқа да оразаны бұзатын әрекеттерді түсінеміз.

Исламда ораза ғибадаты діннің тірегі саналады. Рамазан айына аман-есендікпен жеткен, дені басы сау, балиғат жасындағы өзін мұсылман санаған адамға ораза ұстамау – үлкен күнә. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазан айында парыз болған оразаны ұстамаған адам, бір күн әдейі өмір бойы ораза ұстап өтсе де, сол ұстамаған күнінің орнын толтыра алмайды»,-дейді. Сондықтан, Алланың әмірін өз уақытында орындау үлкен сауаптарға кенелтеді.

Сондай-ақ, Алла тағала рамазан айында сырқат және сапарға шыққан адамға көрген қиындықтарының үстіне ауырлық болмасын деп жеңілдік береді: «Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін». Яғни, сырқат ауруынан айыққан соң, жолаушы сапардан қайтқаннан кейін, қанша күн ұстамаған болса, сонша күн рамазаннан басқа айда қаза ораза ұстайды. Шариғат ғалымдары сырқат адамдардың қатарына етеккірі келген әйелді, жүкті әйелді және қолында емізулі нәрестесі бар әйелдерді де қосады. Етеккірі келген әйел рамазанда қанша күн ораза ұстамаған болса, рамазаннан басқа айда сонша күн қаза ораза ұстайды. Жүкті әйел босанып, емізулі баласын емшектен шығарғаннан кейін қаза ораза ұстайды.

Аяттағы: «Ал ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір міскіннің пидиясын берсін»,-дегеннен ұзақ ғұмыр кешіп, ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі кісілерді түсінеміз. Олар рамазан айында ұстамаған әрбір оразасының орнына бір міскін бейшараның қарны тоятындай тамақ беріп отырады. Мұны шариғат тілінде «пидия» дейді. Ғұламалар  ауруынан айықпайтын сырқат адамдарды да жасы ұлғайып, әлжуаз тартқан қарттар тобына қосады. Олардың ораза қазасын ұстауға шамалары жоқ. Өйткені, жазылып кетуінен үміт жоқ. Сондықтан, оразаның орнына пидия береді.

Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде: «Әлде кім тазарса, ол құтылды. Ол Раббыңның атын еске алып, намаз оқыды». (Ағла сүресі, 14-15 аяттар). Кейбір тәфсірші ғалымдардың айтуы бойынша «Тазарса» деген сөз пітір садақаны берген адамды білдіреді. «Ол Раббының атын еске алып» деген айт намазында тәкбір айтуды білдіреді.

Биыл Рамазан айында жан басына берілетін пітір садақа мөлшері еліміз бойынша 200 теңге. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде еліміздің әр аймағындағы бидай бағасын ескере келе, ортақ есеппен бірауыздан осылай бекітілді. 

 «Кім өз қалауымен қайырлы іс қылса, ол өзіне жақсы»-делінген аятта. Кім өз ынтасымен көп сауап аламын деп бір міскінге ғана емес, екі-үш адамға немесе арзан емес орташа немесе бір кісіні болса да аса бағалы дәмді тағамдармен тамақтандырса, өзі үшін жақсы. «Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың – өздерің үшін жақсы»,-дейді. Демек, басқа ғибадаттар сияқты ораза да әуелі ауыз бекіткен пенделеріне жақсылық келтіреді.

Ораза ғибадаты пенденің Аллаға деген сезімін оятып, сүйіспеншілігін арттырады, ораза – адамның тақуалығын күшейтеді, ораза – адамды Жаратқанға жақындатады, ораза – Алланың ризалығына бөлейді, ораза – мол сауапқа кенелтеді, ораза – жәннат есігін ашады, ораза – тозаққа  қалқан болады. Және біз білетін-білмейтін жақсылықтарға жеткізеді. Сондықтан, ораза ұстаған адамнан Аллаға жақын адамның табылуы екіталай. Өйткені, ораза ұстаған адам тек Алла үшін, Оның ризалығына жету үшін таңнан күн батқанға дейін аш жүреді, шөліркейді және жыныстық сезімдерге берілмейді. Алла тағала хадис құдсида: «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, адамзат әрбір жақсылығы үшін оннан жеті жүз сауапқа дейін, тіпті одан да көп сауап  алады. Ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана білем, есесін Өзім берем. Өйткені, ол Менің ризалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан бас тартты»,-дейді. Басқа ғибадаттарға қарағанда, оразаның сауабы тым көп болғандықтан, санмен шектелмейді. Сол үшін Алла тағала: Оразаның сауабын Өзім берем, яғни сауабының көптігі маған ғана аян,-дейді. Шын мәнінде, оразадан басқа құлшылықтарда ғибадат жасаушының амалдары оның еркінен тыс аз-кем көрініс беріп қалуы байқалады. Ал, ораза ұстаған адам тек Алланың ризалығы үшін, оразасын ешкім жоқ жерге кіріп алып ашып жібермей, ниетпен соңына жеткізеді. Сондықтан да, Алла: «Оразаны пендем Мен үшін ұстайды»,-дейді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадис-шәріпiнде: «Жәннатта бiр есiк бар. Оның аты – Райан. Қиямет күнiнде ол есiктен тек ораза ұстағандар ғана кiредi. «Ораза ұстағандар кірсін»,-дегенде, олар орындарынан тұрып осы есiктен кiргiзiледi. Соңынан есiк жабылады. Олардан кейiн ол есiктен ешкiм кiргiзiлмейдi»,-деген. Тағы бір хадис-шәріпiнде: «Үш адамның дұғасын Алла тағала кері қайтармайды. Яғни, үш кісінің тілегі Алла құзырында қабыл болады. Ата-ананың перзенті үшін жасаған тілегі, дұғасы. Ораза ұстаған адамның тілегі. Жолаушының тілегі»,-дейді.

Жоғарыда келтірілген аятта: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса»,– деп айтылған. Ал, сонда «тақуалық» деген не? Тақуалық деп – жаманнан жиренуді, жақсы, көркем мінездерге бейімделуді айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иман – жалаңаш, тақуалық – иманның киімі»,– деген. Демек, тақуалығың болмаса, имандымын деп айтудан ұял дегені. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Тақуалық қайда?»– деп сұрағанда, көкірегіне алақанын басқан екен. Алла тағала: «Жәннатқа тақуалы жандар кіреді»,– деп қасиетті Құранның бірнеше аятында баяндайды. Сондай-ақ, қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің ең алғашқы аятында: «Бұл Құран тақуалы жандарды ғана тура жолға бастайтын кітап»,-дейді. Демек, тақуалық – адам бойындағы ең жақсы қасиет. Егер, аяттағы «тақуалықтан үміттерің болса»,– деп айтылуына мән берсек, онда оразаның мұсылманды тақуалы етуі үшін парыз болғаны ақиқат. Ораза – тақуалыққа апаратын жолдардың ең негізгісі. Ораза ұстаған адам тақуалыққа бет бұруы керек. Ал егер кім ораза ұстаса, бірақ көкірегінде тақуалық сезім пайда болмаса, яғни, жаманнан жиренетін, көркем мінездерге өзін бейімдейтін сезімі пайда болмаса, ол адам оразаны шынайы  ықыласымен  ұстамаған саналады. Оның оразасынан тек қиналғаны ғана қалады. Осылай болып қалудан Алла сақтасын! Келе жатқан рамазан айында ораза ғибадатын шынай ықыласымызбен ұстауды Алла нәсіп етсін. Жаратқан баршамызға өзі жар болғай!

Қасиетті Құранда: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын» («Бақара» сүресі, 185-аят),– делінген.

Рамазан – айлардың сұлтаны. Ол – он екі айдың ішіндегі ең абзалы, ең қадірлісі. Өйткені, бұл мүбәрак айда Алланың күллі адамзатқа жіберген соңғы кітабы – Құран Кәрім түсірілді. Құран адамдар үшiн жолбасшы, тура жолды түсiндiрiп, ақ пен қараны, сауап пен күнәні, ақиқат пен жалғанды, жақсы мен жаманды айырушы, жаман қылықтардан сақтандырушы қасиеттi кітап. Рамазан – қасиетті Құран айы. Мұсылмандар осы айда қасиетті Құранды көбірек оқиды. Рамазан айында Құранды бір хатым жасау – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Сондықтан, Рамазан айында мешіттерде тарауих намазы оқылып, онда Құран хатым түсіріледі.

Тарауих намазы – мүбәрак Рамазан айының ең көзге көрінген маңызды ғибадаттарының бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім рамазан айында тарауих намазын иманмен, ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»,– деген. Тарауих намазы Рамазан айы бойы құптан намазынан кейін үтір намазынан бұрын немесе кейін оқылады. Тарауих намазы жиырма рәкәттан тұрады, екі рәкәттан он рет ниет жасап оқиды. Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу абзал. Бірақ, үйде немесе басқа жерде жалғыз оқыса да болады. Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл намазды кейде мешітте жамағатпен оқыған мұсылмандарды тарауих намазын оқуға үндеген, бірақ бұйырмаған. Сол үшін тарауих намазы шариғатта парыз немесе уәжіп емес, сүннәт мүәккада саналады.

Ескеретiн жайттар,Оразада таңертең күнде ниет ету және ұйқыдан оянып, сәресiнi iшу – сауап. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадисiнде: «Сәресi тамағы – берекет. Бiр жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткенi Алла Тағала сәресiде тамақтанғандарға рақымдылық етiп, перiштелерi де олар үшiн кешiрiм тiлейдi» деген. Ақшам намазын кешке ауызашардан кейiн оқу да – сауапты iс. Сонымен қатар «Мен – оразамын» деу де сүннет. Егер бiреу ораза ұстаушыға дауыс көтерiп сөйлесе, керiскiсi келсе, «мен – оразамын» деп ескертуi тиiс.

Оразаға ниет: Алла Тағала үшін мүбәрак Рамазан айының оразасын ұстауға таңнан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім.

Сәресіде ауыз бекітерде оқылатын дұға: "Науайту ан асума соума рамадана минал фажри иләл мағриби, халисан Лиллаһи таъала, Аллаһу акбар" (аудармасы: Алла ризашылығы үшін ниет еттім, Рамазан оразасын таң атқаннан күн батқанға дейін тұтпаққа, Аллаһу акбар)Сәресін ішу таң намазының кіруіне 10 минут қалғанда тоқтатылады.

Кешке ауызашарда оқылатын дұға: "Аллаһумма ләкә сумту уә бикә аманту уә ъалейкә тауәккәлту уә ъалә ризкикә афторту уа ли соуми ғодин мин рамадана науәйту" (аудармасы: Жаратушы Ием, Сенің ризашылығың үшін ораза тұттым, Саған иман еттім, Саған тәуекел етем, Сенің берген ризығыңмен аузымды ашамын, ертеңгі рамазан оразасына ниет етем). Ауызды ақшам намазының уақыты болысымен құрмамен немесе сумен және т.б. жеміспен де ашуға болады.

Рамазан айы баршамызға қайырлы болсын. Рамазан айына лайық ғибадаттар жасайық. Алла береке, бірлік берсін. Рамазан құтты, ораза қабыл болсын!

 

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы,

облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің Бас имамы,

Жұмабаев Данияр қары Әлимұхаммедұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: