ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен биылғы жыл «Ислам және отбасы жылы» деп жарияланған болатын. Осыған байланысты Жамбыл облысының мешіттерінде біршама іс-шаралар атқарылды.
Бүгін орталық «Һибатулла Тарази» медресесінде ерекше шара ұйымдастырылды. Мешіт және медресе қызметкерлері балалары арасында «Құран», «Қырық парыз», «Жарамазан айту» сынды 3 бөлімнен тұратын сайыс өтті. Сайысқа 3 және 13 жас арасындағы балалар қатысты.
Балалардың өнерін бағалау үшін құрамында «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Әлимұхамедұлы, медресе ұстаздары Асхат Ақмамбетов, Үсенова Зейнеп және жамағаттан Нұржамал ханым бар арнайы әділ қазылар алқасы құрылды.
Бас имам Данияр қажы жарыс соңында жеңімпаздарды марапаттап, мақтау қағаздарын, велосипед табыс етті. Сондай-ақ сайысқа түскен барлық балаларғада түрлі ойыншықтар берілді.
Осындай иманды ұрпақ өсіріп отырған ата-аналарға шексіз алғысымызды айта отырып, Алла отбасыларына амандық пен береке берсін деп тілейміз.
«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі