ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігі, орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұйымдастырумен, облыс және қала әкімдігінің атсалысуымен Тараз қаласындағы Сарымолдаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Һибатулла Тарази» медресесінің асханасында арнайы ауызашар берілді.
Бірлесе атқарылған шараға Тараз қаласының әкімі Әбдірайымов Ғалымжан Райылұлы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дауылбаев Еркебұлан Әбілханұлы және ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Жұмабаев Данияр Әлимұхамедұлы арнайы қатысып, ауызашарға келген балаларды мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Еркебұлан Әбілханұлы «Он білімді адамнан, бір мейірімді адам артық» деген сөзі арқылы, қоғамда мейірімділіктің алатын орнын ерекше атап өтті.
Жиын соңында «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев барлық балаларға түрлі тәттілер салынған арнайы сыйлықтар таратты.
Тараз қаласындағы Сарымолдаев атындағы балалар үйінде қазіргі уақытта 123 бала тәрбиеленіп жатыр, оның 38 тұл жетім, ал 85-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар.
«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі