Жазмыштың жазуымен жанарынан айрылған азаматтар аз емес. Көру мүмкіндігі шектеліп, тағдыр тауқыметін тартқан олар өздерінің бұл «ерекшеліктерін» Алланың берген сынағы деп қабылдап келеді. Араларында қасиетті айда ораза ұстағандары да бар.
Мешіт бас имамы Жұмағұл Қанат қонақтарды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, бірлік туралы уағыз айтты. Қанат Әділханұлы өз уағызында елдің әр азаматы өз хал-қадірінше елдің бірлігінің нығаюына жұмыс жасауы керектігін тілге тиек етт.
Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят) деген.
Бірлігінен айырылған елден береке қашады. Ұлы Алла Құран Кәрімде бізді бірлікпен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» (Әл Ғимран сүресі, 103-аят).
Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес» дей отырып, біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген.
«Қазақ соқырлар қоғамы» Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Әбдіқайым Керімқұлов зағиптардың атынан қала имамы Қанат Әділханұлына шын жүректен рахметін айтып, алғыс хатпен марапаттады.
«Кеңесхан қажы» мешітінің Баспасөз қызметі