ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің «Әйелдер-қыздар секторының» ұйымдастыруымен және «Һибатулла Тарази» медресесінің әйел шәкірттерінің атсалысуымен Тараз қаласындағы Сарымолдаев атындағы балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге «Балаларды қорғау күніне» орай қайырымдылық жасалды.
Медресе ұстазы Үсенова Зейнептің басшылығымен әйел шәкірттер алдын ала аталмыш балалар үйіне арнайы барып, сол балалар үйінің тәрбиешісімен кездесіп, балаларға қажетті заттардың тізімін алып қайтқан болатын.
Балалар үйінің ұлдар және қыздар тобымен кездескен Зейнеп ұстаз бен шәкірттер оларға түрлі тәттілер, киім-кешек, оқу құралдары және т.б. қажетті заттар салынған пакеттерді әр балаға таратып, олардың қуанышты жүздерін көріп қайтты. Кішкене де болса, көңілдері көтеріліп, қуанған балалар да, балалар үйінің ұжымы да осындай игі бастамаға мұрындық болған медресе шәкірттері мен ұстазы Зейнеп Үсеноваға шексіз алғыстарын білдірді.
Айта кету керек, мұнда 123 бала тәрбиеленіп жатса, оның 38 тұл жетім ал 85-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар.
Алла жер бетіндегі әр балаға ата-ананың сүйіспеншілігі мен бақытты балалық шақты нәсіп етсін!
«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі