«Денсаулық адамның басына киілген алтын тәж секілді, оны тек ауырған адамдар ғана көреді» деген дана халқымыз. Расында денсаулық болмаса, адам баласы парыз болған ғибадаттарын орындауда да, әлеуметтік өмірінде де көптеген қиыншылықтар кездесетіні сөзсіз.
1-маусым балаларды қорғау күніне байланысты, Қасиетті Рамазан айында Шу аудандық «Төле би» мешітінің және аудандық мүгедек балаларды оңалту орталығының ұйымдастыруымен, «Құралай» мейрамханасында мүмкіндігі шектеулі 27 мүгедек балаларға арналған игі іс-шара өткізілді.
Жиын барысында ауданымыздың бас имамы Аят қажы Алмаханов балалар мен ата-аналарға, жиналған жұртшылыққа Алланың сынағына сабыр қылу және өмірімізге шүкір ету жайында әсерлі уағыз насихат айтты.
Бала жанын қуанышқа кенелтетін нәрсенің бірі – сыйлық беру. Мешіттің бас имамы Аят қажы Дыбысұлы өз отбасының атынан 100 мың теңгеге дайындаған сыйлықтарын 27 мүгедек балаларға табыстады.
Өз кезегінде мекеме басшылары мен аудан тұрғындары да осындай игі іс-шараны ұйымдастырған ер азаматтарға өз алғыстарын жаудырып, мешіт қызметкерлеріне өздерінің ризашылықтарын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді. Шара соңында балалар мен ата аналарға дастархан жайылып, ас берілді. Аудан имамы осындай игі іс-шара алдағы уақытта өз жалғасын табатынын жеткізді.
Шу аудандық «Төле би» мешітінің Баспасөз қызметі