Орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде мектеп бітірушілерге арналған «Жолың болсын, жас түлек!» атты шара болып өтті.
Он бір жылдық оқу бағдарламасын ойдағыдай аяқтап, үлкен өмірге аяқ басқалы отырған жас түлектер алғашқы қадамдарын Алла үйінен бастап, игі жақсылардың ақ батасымен қуаттанып қайтты.
Мешітке жиналған жас түлектерге «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Аманбаев Ержан жүрекжарды лебізі мен тілектерін жеткізе отырып: «Қасиетті Құранда: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?», - деген аят бар. Шын мәнінде Ислам діні білім мен ғылымға ерекше мән берген. Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) алғаш уахи еткен аяты да білім жайлы еді. Білім – діндарлық, тақуалық, шүкіршілік секілді жақсылық атаулының бастауы. Сондықтан, ең әуелгі иләһи пәрмен де білім туралы болды. Үмітсіздік, мақсатсыздық, келекшекке сенімсіздік секілді нашар сипаттардан алыс болайық! Әркімнің өз тағдыры өз қолында. Алла Тағала ҰБТ-де жеңілдік беріп, алға қойған мақсаттарыңызға жетулеріңізді нәсіп етсін!», - дей келе, түлектерге ақжол тілеп, ақ батасын арнады.
«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі