Алла – тазалыққа мән бергенді жақсы көреді

Алла – тазалыққа мән бергенді жақсы көреді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам діні тазалық негізінде құрылған. Мұнда тазалықтың үлкен маңызы бар. Тазалық дегенде – жеке бастың оның ішінде ішкі тазалық пен сыртқы тазалық және айналаның тазалығы деп алайық. Алғаш түскен аяттардың бірі Мүддәсир сүресінде Алла Тағала: «Киіміңді тазала. Әртүрлі лас істерден аулақ бол», – деген аятын түсірді. Мінекей, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ға түскен алғашқы аяттарының бірі тазалыққа қатысты екен. Осыған орай Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) мына бір хадисінде болса: «Алла таза әрі тазалықты сүйеді», – деген.

         Алланың тазалығында мін жоқ. Әрбір жаратылысты адал да таза етіп жаратқан. Тазалықты сүйетіндіктен, адамзатты ардақты етіп жаратқандықтан болар Өзінің құзырына қабылдамас бұрын пендесінің ішкі әрі сыртқы тазалығына ұқыпты болуын айтқан. Дәрет – намаздың кілті, намаз – жәннаттың кілті делінген. Жан дүниесінің тазылығы үшін тәубені берсе сыртқы тазалыққа дәрет, ғұсыл деген тазалықты беріп қойды. Қасиетті Құранда: «Сөзсіз, Алла тәубе еткендер мен тазаланғандарды сүйеді»(Бақара, 222) – деп, тазалықтың Алланың сүйіспеншілігіне лайық іс екені айтылған. Аятқа түсіне қарасақ, тәубе мен тазалануды айтады. Намаз үлкен құлшылық. Алламен кездесу құлшылығы. Алланың құзырында тұрғанда ішкі мен сыртқы тазалықты сақтап тұру.

         Денемізді сабындап, мол сумен тазалану ғана емес, ішкі жан тазалығы да керек. Ислам ғалымдары адамның ішкі әрі сыртқы тазалығын ескере отырып тазалықты төрт дәрежеге бөлген.

1) Дене, киім және намаз оқитын жердің таза болуы. Бұған дәрет, ғұсыл, киім және жайнамаздың тазалығымен қатар тырнақ және денедегі артық түкті алу – сүннет амал болып табылады.

2) Дене мүшемізді өтірік, ғайбат, өсек, харам нәрсе жеу, аманатқақиянат, зина т.с.с. күнәлардан тазалауы.

3) Жүрек сыртының тазалығы.Бұған қызғаныш, мақтаншақтық, күпірлік, көзбояушылық, дұшпандық таныту т.б. жүректі ауруға шалдықтыратын әдеттерден тазалануы. Бұл жаман әдеттердің орнына кішіпейілділік, қанағат, тәубе, сабыр, үрей мен үміт, сүйіспеншілік сияқты т.б. сипаттарды бойына сіңіру. Бұл сипаттар тақуа адамдардың имани дәрежесін білдіреді.

4) Жүректің өзін Алла Тағаладан басқасының бәрін тазалауы.Яғни, жүректе тек Алланың болуы. Жүрек екеу емес. Алланы да дүниені де сиғызатын. Дүние адам үшін жаратылған, ал адам баласы Аллаға құл болу үшін жаралған. Алланың құлы екенбіз кеудеде жан шыққанша бір Аллаһ болуы тиіс. Мұның белгісі «ләә иләәһә иллаллааһ» тәухид негізінің жүректе орнығуы.                       

Ойымызды жалғастыра келе сыртқы әрі ішкі тазалықпен Алланың құзырында тұрған момын мұсылманның намазы – оның миғражы болады екен. Денемізді тазалап сыртқы кірден, әрі дәрет алған сайын сумен қоса күнәлар төгілсе, тәубе ете отырып жүректегі қара дақтарды кетіргенде ғана намаздан ләззат алады. Мұндай адамның намазы өз иесін жамандықтан, арсыздықтан сақтайды.

        Ал енді айналаның тазалығы демекші – Алла әр нәрсені мұнтаздай тап-таза етіп жаратты. Десек те адам баласы табиғаттың тазалығын бұзып ластайды. Шама келгенше айналаны тазалауға тырысамыз-ақ алайда, Алланың тазалығындай мінсіз етіп ешкім тазалық істей алмайды. Алла қарымен, жаңбырымен жуып, тазалап тұрады екен. Қарапайым мысал келтірер болсақ, түкірікті кез-келген жерге түкіреміз. Адамның денесінен бөлініп, сыртқа шыққан соң микробтар жинайды да шаңмен араласа ауаға сіңіседі. Біздер табиғаттың таза ауасы деп микробы бар ауамен тыныс аламыз. Қазіргі таңда аурудың, түр-түрі шыққан. Осы ласты ауа мен тыныс алған адамның ауруын осындай микробтар негізін салады. Ал енді ластықты ұнатпайтын Алла өз жаңбырын біздерге, жер бетіне жиі-жиі жібереді. Ал күллі оқырмандарымызға тазалықтың әрбір-түріне жан-жақты ұқыпты қарауларын ескертеміз. Ішкі жан-дүние тазалығы, дене тазалығы және қоршаған ортаның тазалығы. Тазалық – әрқашанда бақыт сыйлайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұны иманның жартысымен бекіткен. Иманы бар адам таза әрі тазалықты сүйетін адам болмақ. Демек, тазалық өз қолымыздағы нәрсе, анау тазалайды, мынау тазалайды демей дер кезінде тазалықты ақтайық. Ең бастысы тазалық денсаулығымыздың кепілі екендігін ұмытпайық. Ендеше, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» – нің кілті тазалықта ағайын!

 

Зейнеп Усенова,

Жамбыл облыстық орталық

«Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: