Аса Қамқор,Ерекше Мейірімді Алланың Атымен бастаймын!
Қазақстан халқының 70 пайызын әртүрлі ұлттардан тұратын мұсылмандар құрайды. Бұл діни тұтастықты сақтаудың қаншалықты қажет екенін аңғартатын көрсеткіш. Өйткені еліміздің денін құрап отырған мұсылман халықтарының бірлігі еліміздің тыныштығын, бейбітшілігін бейнелейді деуге болады. Сондықтан да, мұсылман халықтарының діни тұтастығымен бірлігін бұзатын барлық қауіптен сақтануға тиіспіз. Неге десеңіз, тәуелсіздігін алып тәй-тәй басып келе жатқан еліміз үшін бейбіт күннің берекесінен қымбат ешнәрсе жоқ.
Қазіргі таңда мұсылмандардың арасындағы ынтымақ пен ымыраның шаңырағын шайқалтуы мүмкін болған екі нәрсе бар. Олар басшылыққа бағыну мен мәзһаб мәселесі. Біз осы екі мәселе жөнінде сөз қозғамақпыз.
Ислам тарихында ең алғашқы бүлік фитна адамдардың мұсылман үкіметінің басшылығымен келіспеушіліктерінің және оған қарсы шығушыларының салдарынан болған еді. Осы фитналардың нәтижесінде Осман (оған Алла разы болсын), Әли (оған Алла разы болсын) сияқты халифалар қаза болды.
Ислам діні мұсылмандардың бүкіл ахуалына, соның ішінде құлшылық мәселелеріндегі бірлігіне де қатты көңіл бөледі.
Абдуллаһ ибн Амр (оған Алла разы болсын) былай деді; бірде таңертеңгісін Алланың елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) барғанымда бір аят жайлы дауласып тұрған екі адамды көрдім. Сол кезде пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шығып ашуланған кейіпте: «Расында сендерден бұрын өмір сүргендер Аллаһтың кітабы жайында болған келіспеушіліктері салдарнан құрып кеткен» - деді.
Сондықтан қоғамдағы ұлы апаттардың алдын-алу мен ынтымақ, тыныштық ұстап тұрудың барлық кілті мұсылмандадың бір мәзһабтың және бір басшылықтың төңірегінде топтасуында болып отыр.
Діни мәселелерді дұрыс шешу үшін де ортақ ислами құқықтану заңнамасы керек. Бұл мәселе біздің ұстанатын жолымыз ата-бабамыздан мирас болып келген, әйгілі Имам Әбу Ханифа (оған Алланың мейірімі жаусын) мәзһабы болуы керек.
Егер діни басқарма тарапынан бір-біріне қарама-қайшы пәтуалар шығарылатын болса, мешіттегі мұсылмандар арасында үлкен дау-дамай жанжал пайда болатыны белгілі. Сондықтан бұрынғы және қазіргі уақыттағы мұсылман басшылары өз мемлекетіндегі бір ғана мәзһабты ұстануды әмір еткен.
Алла Тағала Құранда: «Әй, иман келтіргендер, Аллаға мойынұсыныңдар және елшіге сондай-ақ, араларыңдағы билік иесіне бойынұсыныңдар» -деп бұйырған(Ниса сүресі,5 аят).
Осы аятты тәпсірлеген Ислам ғұламалары басшыға бағынудың уәжіп екендігін айтады. Мұсылман адам мемлекет басшыларына қару алып, қарсы шықпақ түгілі олардың артынан жағымсыз сөз айтудан да сақтаған.
Имам Бәрбәһари (оған Алланың мейірімі жаусын) «Өзінің басшысын жамандап жатқан адамды көрсең, онда ол адамның азғырушы сезімге ерген адасушы екенін біл. Ал егер өзінің басшысы үшін Алладан жақсылық сұрап жатқан біреуді көрсең, ол адамның сүннетке ерушілерден екенінен біл, ин ша Аллаһ» - деген.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Имамдар, сендермен намаз оқиды. Егер олар дұрыс жасаса онда сендерге де, оларға да сауап бар. Ал егер олар қате жасаса онда сендерге сауап, ал оларға күнә болмақ»(Бұхари).
Имам әл Әбул Изз әл Ханафи (оған Алланың мейірімі жаусын): «Бұл, егер имам қате жасаса оның зияны оған ерушілерді емес, имамның өзін табатыны жайындағы анық мәтін»-деген.
«Намаз оқушы адам имамның дінге жаңалық енгізуші немесе анық пасық екенін белгілі болса да, ол имамның сол мешіттің күнделікті имамы болатын болса, сонымен қатар одан өзге имамды тағайындау мүмкін болмаса, онда мұсылмандар сол имамның артынан намаз оқуға міндетті. Бұл әуелгі имамның да, соңғы буынның да пікірі»-деген. Бұл мәліметтер мұсылмандардың жетекшісі болып табылатын имамдардың иман және білім деңгейлердің қаншалықты екеніне қарамастан, оларға ұю қажет екенін дәлелдейді. Мұның бәрі мұсылмандар бірлігінің мызғымай тұруна игі әсерін тигізеді.
Сүннет иелері өзге ағым өкілдерінен өздерінің Елбасына да, дінбасына да шынайы түрде адалдық танытумен ерекшеленеді. Тәмим әд-Дари (оған Алла разы болсын) есімді сахаба риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дін адалдық таныту»-деді. Сонда сахабалар: «Кімге?» -деп сұрайды.Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға, оның кітабына, елшісіне, мұсылмандардың басшыларына және де жалпы мұсылмандарға»- деп жауап берді.
Ғұлама Әл-Хаттаби (оған Алланың мейірімі жаусын): «Мұсылмандардың басшыларына болатын адалдық таныту дегеніміз олар үшін жасырын дұға жасау, олардың басшылығы қарамағында қызмет ету, оларға қарсы қару көтермеу, қателескені не жамандығы білінсе, олардың түзелуі үшін дұға істеу»-деген.
Мұсылмандардың басшыларының біріне қарсы шыққандар, мұсылмандар бірлігін бұзушы болып табылады. Басшыға қарсы шығушыларды – хауариждер деп атайды.
Хауариждер (шығып кеткендер) бұл Исламдағы ең алғашқы секта. Мұсылман басшыларына қарсы сөзбен немесе оларға қарсы қарумен шығу – олардың ең алғашқы белгілерінің бірі болып табылады. Олардың кейбіреулері мұсылмандарды кәпір деп оларды өлтіруге болады деп шешім шығарған. Олар күпірлікте кіналап, өлтірген адамдарының ішінде Әли ибн Әбу Талиб (оған Алла разы болсын) те бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олар жайында хабар беріп: «Шын мәнінде өздерінің құлшылықтарында өте тиянақты болғаны сонша, өзгелер де, өздерің де таңқалатын араларыңда бір қауым болады. Бірақ олар садақ оғы нысананы тесіп өткеніндей, Исламнан тез шығып кетеді»-деген. Сондай-ақ, олар жайында айтқан басқа бір хадисінде: «Пұтқа табынушыларды тастап, иман иелерімен соғысатын болады»-делінген.
Тағы бір хабарларда Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шығыс жақта менің үмметімнен болған бір адамдар пайда болады. Егер Құран оқыса жұтқыншақтарынан ары өтпейді. Олар әр ғасырда шығып, күл-талқан етіледі. Сөйтіп олардың әскерлерінің арасынан Дәжжал шыққанға дейін осылай жалғасады»-деген. Бұл хадисті «хауариждер біздің заманымызда жоқ, олар тек сахабалар дәуірінде болған»-деген қате пікірді ұстанушыларға қарсы жауап айтылған. Яғни, олар сол кезде болған, қазір де бар әрі қияметке дейін бола бермек. Сондай-ақ, бұл хадисте жерде бүлік және бұзықтық тудырып жүрген хауариждерге Алла Тағаланың ешқашанда билік тізгінін ұстатпайтындығына әрі олар ешқашанда ақиқат жолындағылардан басым болмайтындығына дәлел айтылған.
Басшымен соғысу немесе оған қарсы шығу ешкімге де рұқсат етілмеген. Ал кім бұлай жасайтын болса, онда ол дінге жаңалық енгізуші әрі сүннет пен сахабалар жолына қарсы келуші болып табылмақ. Ади ибн Хатим (оған Алла разы болсын) былай деп әңгімелейді: «Бірде біз Алланың елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әй, Алла елшісі! Біз тақуа болған басшыға бағыну жайында сұранамыз, ал егер ол мынадай-мынадай жамандықтар істесе не істеуіміз керек?»-деп сұрадық. Сонда ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһтан қорқыңдар да, басшыларың мойын ұсынып тыңдаңдар» -деді.
Әй, мұсылмандар! Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждерге қарсы соғысуды бұйырып, ал әділетсіз болса да мұсылман басшыға бағынуды бұйыратынына назар аударыңызшы. Бұл залым болса да патшалардан келетін зияннан гөрі, басшыға қарсы шығушылардың зияны дініміз бен жалпы мұсылмандарға қатты болатынын көрсетпей ме?
Бұл жерде Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер біреулерің басшы тарапынан өзіне ұнамайтын нәрсені көрсе, онда сабыр сақтасын. Себебі шын мәнінде кімде-кім бір қарыс болса да жамағаттан бөлінетін болса, онда ол надандық өлімімен өледі»-деген хадисіне сүйенгеніміз мақұл болады.
Ислам ғұламалары сүннет иелері мен дінге жаңалық енгізушілердің арасы – басшыға қарсы шығу және қарсы шықпаудан білінеді деген шешімді айтады. Сүннет иелері басшы қандай пасықтық жасап жатсада, ашық күпірлік келтірмейінше басшыға қарсы шықпауды айтады.
Бұл шарттар бойынша сараптап зерделеп қарасақ, Қазақстан жағдайында Елбасшыға да, діни басқармаға да бағыну бізге уәжіп болады. Өйткені жоғары басшылық пен жамағат арасындағы игі қарым-қатынас мұсылмандар бірлігі мен тұтастығын сақтауға кепілдік болады. Сондықтан бүгінде бізге бір басшылық төңірегінде топтасу қажеттігі туды. Бұл бір мемлекетте тұрып, бір Елбасыға бағынатын елді бір мәзһаб төңірегінде біріктіру дегенді білдіреді. Ал біз мұсылмандар Имам Әбу Ханифа (оған Алланың мейірімі жаусын) мәзһабындамыз. Бір мәзһаб төңірегінде бірігуіміз керек.
Алла Тағала айтады: «Өздеріңе ашық дәлелдер келгеннен кейін, сондай бөлініп қайшылықта болмаңдар.Міне соларға зор азап бар»(Әл-Ғимран сүресі, 105 аят).
Алла Тағала Қазақстан мұсылмандарына ынтымақ пен бірлік нәсіп етсін» Әмин!
Жамбыл облысы, Тараз қаласы,
«Шейх Зуннун» мешітінің наиб имамы,
Хадиметов Абдууаһит