«Әрбiр тәрбиешінің қолданатын жолы –ұлт тәрбиесі, әрбiр ұлттың бала тәрбиесі туралы ескiден келе жатқан жеке-жеке жолы бар....», - деген екен Мағжан Жұмабаев.
Ұлттық тәлім-тәрбиенің, яғни халықтың сан ғасырлық тәлімінің ұрпақ тәрбиелеудегі алатын орны ерекше. Ұлы ойшыл ғалым, ұстаз Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білімнен бұрын тәрбие беру керек, тәрбиесіз берген білім адамзаттың жауы» деген екен. Сондықтан, ұлттық тәлім-тәрбие, халықтың сан ғасырлық тәлімі, тағлымы, ұрпақ тәрбиелеуде маңызы зор. Ендеше, ұлттық тәлім-тәрбие деген ұғымға нені сыйдыруға болады?
Бүгін осы тақырыпта орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде облыстық «Әйелдер-қыздар секторының» ұйымдастыруымен, мешіттің әйел жамағаты және шәкірттерінің қатысуымен «Ұлттық тәлім-тәрбиенің негізі» тақырыбында іс-шара өтті.
Кездесуде мешіт ұстазы Үсенова Зейнеп: «Ұлттық тәлім-тәрбие дегеніміз - ұлттар мен ұлыстардың әлденеше ғасырға созылған ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдени ойлау үрдісінің озық үлгілерінің жиынтығы», - деп сөз бастаса, Алдасаева Гүлжан ұстаз жалпы тәрбие сөзінің мағынасына, тәрбиенің нені қамтитындығына, тәрбиенің түрлеріне, ақыл-ой тәрбиесі, эстетика тәрбиесі, экология тәрбиесі, адамгершілік тәрбиесі, еңбек тәрбиесі, дене тәрбиесі, қонақ күту тәрбиесі, отбасы тәрбиесіне қатысты түсінік беріп, әрқайсысына кеңінен тоқталып өтті.
Іс-шараға мешіттің бас имамы Данияр қажы Әлимұхаммедұлы арнайы қатысып, Бас мүфтидің «Өзгеруді өзіңнен баста!» деген бастамасына қатысты: «Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді», – деп баяндаған. Ибраһим (а.с.) пайғамбар Алладан өзінің мұрасын жалғастыратын ұл сұрайды. Олардың иманды, тақуа болуын сұрайды және «“Раббымыз! Есеп құрылатын күні, мені, әке-шешемді және мүміндерді жарылқа!”, - (деді)».Бұл аяттан ұғатынымыз әр адам қандай істі жасаса да бірінші өзінен бастау керек. Өзгеруді де. Бұл тәрбиеге де қатысты», - дейді бас имам.
Тақырыпқа арқау болған ұлттық тәрбие ұлттық мәдениетімізден де көрініс табатыны анық. Осыған байланысты, облыстық ұлттық мұражайдың қызметкерін мешітке арнайы шақырып, мұражайда сақталған ХХ ғасырға тән қазақ қыз-келіншектерінің көне ұлттық әшекейлері, жүзіктер, алқалар, шашбау, белбеу, көйлектер мен қамзолдар, етік, дулыға, торсық, қоржындар және ең құнды жәдігерлер сол ғасырға тән кішкентай Құран Кәрім көрсетілді.
Іс-шараға қатысқан жамағат осындай рухани уағыздан сусындап, ұлттық жәдігерлерді тамашалап көңілді тарқасты.
«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі