«Кеңесхан қажы» мешітінде апталық ауызашар өтті

«Кеңесхан қажы» мешітінде апталық ауызашар өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Кеңесхан қажы» мешітінің апталық ауызашарынан кейінгі уағызды мешіт бас имамы Жұмағұл Қанат бастап, адамды сырқы келбеті мен киіміне, амалына қарап бағаламауға, кісі сыртынан күнәлі сөз айтпауға шақырды. Алла алдында әрбір сөзіміз үшін жауапкершілік бар екенін ескерте отырып, Әбу Хурайрадан жеткен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына сахих хадисін айтып өтті:

«Сендерге дейінгі үмметте екі бауыр болған. Олардың біреуі тақуа кісі болса, екіншісі күнә жасап қояды екен. Тақуа бауыры күнәһар бауырына насихат айтады екен. Бір күні келгенде күнәһар бауыры күнә жасап жатқанын көреді, оны тоқтатпақшы болып: “Бұл не істегенің? Мұсылманға осы лайықты ма?” дегендей батырып айтады.

Күнәһар бауыры ашумен: «Сен маған осынша қатты сөз айтатындай маған ешкім емессің», - деп жауап қайырады. Сонда тақуа бауыры: «Алланың атымен ант етемін, сені Алла Тағала кешірмейді, жаннатына кіргізбейді», - деп ауыр сөз айтып қояды.

Біраз уақыт өтіп, екеуі де о дүниелік болады. Екеуі Алла құзырына барғанда ауыр сөз айтқан адамға Алла Тағала: «Сен менің атымнан «Алла Тағала кешірмейді», - деп айтатын кімсің? Әлде саған аян келді ме?» - дейді. Алла тағала  күнәһар кісіге: «Сен менің рахымыммен жәннатқа кіресің», - дейді. Алла әлгі тақуа кісіге байланысты: «Ал мынаны тозаққа тастаңдар!» - деп періштелеріне бұйырады. Хадисті жеткізген сахаба Әбу Һурайра (р.а.): «Әлгі кісі сондай бір сөз айтып қойды, онымен осы дүниесін де, ахиретінде жоғалтып алды», - дейді.

Уағызды Һибатулла Тарази мешітінің наиб имамы Әміреев Бахтияр «Бидғат» тақырыбында жалғастырды:

«Бір хадисте: Бірде Алланың елшісінің () уағызы уақытында біздің жүрегімізге қорқыныш ұялап, көздерімізге жас келді. Сонда біз: «Иә Алланың елшісі, сенің бұл уағызың қоштасатын адамның уағызы секілді, сондықтан бізге насихат айтыңызшы», – дедік. Ол былай деді: «Менің насихатым мынау: Ұлы Алла Тағаладан қорқыңдар, егер сендерге құл әмір болса да, оны тыңдаңдар және оған бойұсыныңдар. Расында, араларыңдағы көп өмір сүргендер әлі көп ұрыс-керіске (фитнаға) тап болады, сондықтан сендерге еш ауытқымай менің Сүннетімді және дұрыс жолмен жүрген діндар халифалардың сүннетін ұстану керек болады және сендерге бүкіл (діндегі) жаңалықтан (бидағаттан) қашу керек болады, өйткені әрбір (діндегі) жаңалық адасу болып табылады».

Ханафи ғалымы Бәдруддин әл-Айни Сахих Бухариға жазған түсіндірме (шарх) кітабында бидғат жайында былай дейді: «Бидғат негізінде Алла Елшісінің (с.ғ.с.) көзі тірісінде болмаған, кейінен көрініс тауып, кейінен туындаған нәрселерге айтылады. Бидғат – екі түрлі. Біріншісі, шариғат құптайтын, ұнамды деп есептейтін (мүстәхсән) нәрселердің қатарына жататын «жағымды бидғаттар». Екіншісі, шариғатта жағымсыз деп танылған, оның құптамайтын (мүстәқбах) нәрселер қатарынан есептелетін «жағымсыз бидғаттар».

Ибнуль Әсир өзінің «Ән-Ниһая» атты еңбегінде «бидғат» сөзін түсіндіру барысында былай деген: «Бидғат екі түрлі: Дұрыс бидғат және адасқан бидғат. Алла және Оның Елшісінің (с.ғ.с.) бұйырғанына қайшы келетін болса, ол бидғат құпталмай, тыйым салынады. Ал, егер Алланың және Расулуның (с.ғ.с.) жалпылама рұқсат еткен және үнемі насихаттап, итермелеп отыратын нәрселеріне сай келетін болса, ол бидғат сүйкімді, мақтауға лайық болмақ».

Имам Шафиғи де бидғатты екіге бөліп қарастырған. Ол (р.а.) былай дейді: «Кейіннен пайда болған діни үрдістер екі түрлі. Біріншісі, Құранға, Пайғамбарымыздың хадистеріне яки қиясқа немесе ижмаға қайшы келетін бидғат (жаңа құбылыс не әдет). Мұндай бидғат дінге теріс. Екіншісі, аталмыш дәлелдерге теріс келмейтін, жақсылықтан туындаған жаңа әдет. Бұның, дінге терістігі жоқ «жағымды» бидғат».

Бахтияр Әміреев өз сөзін: «Жоғарыда Қанат Әділханұлы имам айтқандай, менің де айтарым – мұсылман адамның сыртынан тон пішіп, «Пәленше бидғатшы екен» деп асығыс шешім шығармауға тиіспіз. Бұл үшін Алланың алдында жауап береміз. Алла баршамызды сүннетке сай амал еткен мұсылмандар қатарынан етсін!», - деп түйіндеді. 

«Кеңесхан қажы» мешітінің Баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: