Тараз Қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінде әйелдер- қыздар секторы ұстаздарының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жаңа оқып үйренген шәкірттерді марапаттау салтанаты өтті.
Жиын қонағы «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы Үсенова Зейнеп «Құранға деген махаббат және қызмет» тақырыбында уағыз айтып, шәкірттерді бастап отырған қадамдарымен құттықтады. Мешіт ұстаздары тарапынан Құран кәрім тақырыбында зияткерлік сауалдар қойылып, дайындалған арнайы сыйлықтар табысталды. Мұсылман ханымның дүниедегі асыл тәжі болған жаулықтар кигізіліп, жәннатта Алла Тағала Хафыз тәжін кидірсін деген дұғалар айтылды.
Жиын мақсаты - екі дүние сұлтаны, ең алғашқы хафызымыз - Расулалланың Құран үйренушілерді сүйіншілеген көптеген хадистері айтылып, шәкірттерді Құран Кәрімге ынталандыру еді.
«Құран оқыңыздар- шын мәнінде ол ,өзін оқығанға ахрет күні шапағатшы» деген хадисті негізгі ұстаным етейік деген ұстаздар, дүниелік амалдарымыздың төркіні ақыретіміз үшін, риясыз, боямасыз болуын тілеп, мақсат - Алланың разылығы болсын деген тілекпен жиын қонақтары дастарханда бас қосты. Дүние және ақыретімізді, Жаратушы Алла Құранмен нұрландырсын!
«Кеңесхан қажы» мешітінің Баспасөз қызметі