Дін дәстүрдің дінгегі

Дін дәстүрдің дінгегі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ халқында қалыптасқан ұлттық дәстүрлердің,ділдегі таным-ұғымдарының,әдетке айналған салт жораларының басым көпшілігі Ислам дінімен бірге өрілген.Өйткені қазаққа Ислам ерте ғасырдан-ақ ұлттық құндылықтарына айналған.Қазақ дәстүрінің бастауы да,діліде дінгегі де Ислам екендігі шүбәсіз.Оған қазіргі уақытта ұмытылғаны бар,есте бары бар күнделікті әдет ғұрыпқа айналған салт-дәстүрімізді көбісі мысал бола алады...Кейде ата дәстүр деп күнделікті тұрмыс тіршілігімізде атқарып жүрген ісімізді түбіріне барып пайымдай бермейміз.

Ата-бабамыз не үшін оны істеді?Неге ұрпағына бұл өсиеттерін атқаруды аманат етті?Неге сенді,неге сүйенді?Мәніне түсініп ,үңілмегендіктен,бүгінгі күнгі сол дәстүрлеріміздің жұрнағы ғана қалды.Яғни,асылы кетіп,әдеті ғана қалды.Әдет ретінде атқаратын бірқатар салт дәстүрлеріміз сақталған.Оның өзі рухсыз дене сияқты,не асылынан бұзылған,не мақсатынан айныған Мысалға,азан айтып ат қою,шілдехана,сүннетке отырғызу,қыз-ұл тәрбиесі,құда түсу,қыз ұзату,беташар,той бастар,сыбаға,байғазы,сарқыт,қыз төркіндеу,нағашы-жиен,күйеу бала,келінмен қайын ата ененің қарым қатынасы,ағайын жегжат қарым қатынасы,әке шешемен баланың қарым қатынасы,кісіні ахиретке шығарып салу рәсімдері т.б осы негіздегі салт дәстүрлеріміздің қаймағы бұзылған.


Қазақ халқы тек ұрпағына азан айтып ат қоядан шебер түспеген.Ол ұрпағын иман құндылығымен тәрбиелеген.Бесікте «Әлди» деп,яғни Алла деп тербеткен әжелеріміз сәби құлағына Аллаға деген таза сенімді сіңірген.Бесік жырымен жетілдіріп,батырлар жырымен иманды,отаншыл,батыл ғып өсірген. Қызға қырық үйден тиым салып,ұлды отыз үйден тежеген.Ел болып,қоғам болып ұрпақ тәрбиесіне қатты мән берген.Құдайдан қорықпағаннан қорық деген сөзді негізгі ұстаным қылып,ұрпағын әуелден дін негіздері иманмен тәрбилеген.Аллаға бойұсынған,Алланы таныған ұрпақ дұрыс бағыттап отырса,өздігінен ақ тәлім тәрбиеге көнеді.Қазақ халқының ұрпақ тәрбиесінде жетістікке жетуі,сондай ақ жеңіл тәрбиелеуі Алланың діні Ислам негіздеріне сүйенгендігінен екендігі анық.Оған бүгінгі күнге дейін жұрнағы болса да сақталған ауыз әдебиеті,шешендік сөздері,таным нақылдары,тәрбиелік мақал мәтелдері нақты дәлел бола алады.Мөңке бидің;- Заманақыр таянғанда,кекірей деген келінін,ежірей деген ұлын,бажырай деген қызын болады деп айтқан көрегендігі бүгінгі күннің шындығы болып тұр.Әке шешенің тілдеген ұрпақ,қарттар үйіне қараусыз өткізген безбүйрек ұл,бажырайып беттен алған бетпақ қыз,енесін ата жауындай көрген кекірейген келін біздің қоғамда көптеп орын алуда.Бұл азғындықтын ең шегі шығар,алайда ең аз дегенде өз баласына көңілі толмай отырған ата ананы Құдайдың құтты күні кездестіреміз...

Айтқаныма көнбейді,тілімді алмайды ,не істеймін деп әбігерге түсіп жатады. Ұрпақ тәрбиесі үшін құралған қазақтың салт дәстүрлерінің кейбірі орындалса да,ешбір пайда бермейді.Өйткені оны ділі,дінгегі болған дін қараусыз қалды.Азан айтып ат қойып,сүндеттесенде,батырлар жырын ұрып оқытып жаттасанда,қазақтың нақыл даналықтарын шешендік сөздерін жатқа айтқызсанда ол руханияттың ділі,қайнар күші,бастауы болған ата дініміз Ислам туралы білмеген ұрпақ ол дәстүрден ешбір әсер алмайды.Ділсіз дәстүрден нәр алмаған ұрпақ,өзге халықтардың жұғынды әдет ғұрпынан әсерленіп,тозығы жеткен дүниеге ессіз еріп кете береді.Анығырақ айтқанда,ділі бөтен жат дінге, дәстүрін мансұқтаған жат ағымға ілесіп кете береді.


Тек сақтау,нәсілге көңіл бөлу қазақ халқының атадан қалған асыл бір қасиеті еді.Құранда да бұл шегін белгілеп қатты мән берген тақырыптардың бірі.Тексіздік,жеңіл жүрістен пайда болу Құранда да ата дәстүрде жек көрінілген.Алайда бүгінгі күнгі ол мән берілмейтін тақырыптарға айналды.Қыз баласының мектеп табалдырығын аттамастан жүкті боп қалу,жеңіл жүріске салыну немесе жүкті болып үйлену бүгінгі күннің үйреншікті жағдайы болғандай...


Ата дәстүрде осындай жағдай болса,бір қарындасын қорғай алмағандығы үшін бір рудың жігіттері намыстан жарылып өлетін.Ал қазір сол жігіттер намыстан жарылмақ түгілі,ешбір тегін сұрамастан түнгі клубтарда,жын ойнақтарда серілік жасайды.Бәлки ол оның қарындасы руласы шығар білместен ешбір ұятсыз,намыссыз тірліктерге барады да,ең аяныштысы оны өзіне арда санамайды.Түптің түбінде өз тегіне мән бермеген ұлт не тарихта құрып тынады.Не ол ұлттан елім дейтін ер тумайды.


Қазақ дәстүрінде құдалық деген үлкен мектеп бар.Ол ұрпақ тәрбиесін сатылап жетілдіретін тамаша дәстүр.Әрі жаңа өмірге қадам басып,отбасы құрған жастарға жол бағыт көрсету үшін үлкендердің құрған өмір тәжирибесі.Бір жағынан құдалық тек екі ел арасындағы сыйластық емес,ол екі отбасы құрған жастардың бітімгершілігін,татулығын қамтамасыз етеді.Үй болған соң ыдыс аяқ сынғырламай тұрмайды,ұрыс жанжал болып,ажырасуға дейін іс насырға шапса,үлкен кісілер,құдалар араласып,екі жасты татуластырып жібереді.Бұл дәстүрдің де ділі Құран мен Пайғамбарымыз С.Ғ.С сүннеті.Отбасы татулығына қатысты Құранда Алла шегін түзеп,тәртібін бекіткен.Тіпті осы тақырыпқа арнайы бір сүреде арнаған.Ал Пайғамбарымыз С.Ғ.С бұл тақырыпта айтқан хадистерінің өзі бір кітап.Атамыз қазақ шариғаттың осыншалық үкімдерін бір ақ дәстүрге сидырып,өмірлерінде жүзеге асырған.

Сол үшін де қазақ тарихында отбасы ажырасып,жетім жылап,жесір қаңғырып көрмеген.Сол дәстүрдің жұрнақтары бүгінгі күнде бар болғанмен,пайдасы шамалы болып тұр.Үйленген жастың бір жылға жетпей-ақ үштен бірі ажырасады.Отбасының дау жанжалымен сот залдарының есігі тозған.Күні кеше қайта шапқан жау жаман,қайтып келген қыз жаман деген қазақ,төркіне үре қашып келген қызға төрін беруді дағдыға айналдырды.Қайтқан қызды намыс көретін халық,тіпті ұят деп білмейтін болды.Әйел жіберген еркекті ессіз дейтінде халық,бұл мәселеге мән де бермейтін деңгейге жетті.Осы кигілжінді дүрліктірмей ата дәстүрде шешетін құдалық жолы қайда қалды?Бірін бірі ұнатсын ұнатпасын,құда болсан шыда деп,екі жастың бақыты үшін төс қағысып,құда болған,төзімділік танытып,барымен сыйласқан құдалар қайда қалды?Неге дәстүр тұрса да,бұл жағдай реттелмей ушығып тұр.Әлбетте бұл жерде де сол дәстүрдің ділі болған ата дініміздің насихаты жетпей жатыр. Абай атамыз бір сөзінде; «Жасаулы деп малды деп байдан алма.Кедей қызы арзан деп құмарланба,Ары бар,иманы бар,ұяты бар,Ата-ананың қызынан ғапыл қалма»- деп насихат айтады.Кісінің қадірі ата дәстүрде дүниемен мансаппен өлшенбейді.Адами қасиеттермен имандылықпен өлшенеді.Сол үшін қазақ әуелден құда болмастан бұрын текке,иманы тәрбиеге қараған.Қазір біз құда болуды да,отбасы құруды да көбінесе дүниемен мансаппен өлшейміз.Жақсы істің басын,Алланың арам еткен арағымен бастаймыз.Құдайдай құрмет қылып,сыйлайтын құдамызды уумен қарсы алып,уумен шығарып саламыз.Қыз берсек те,келін алсақ та,тәлім-тәрбиесінен бұрын,дүниесіне қызығамыз.Дау-жанжал туа қалса,баяғы қу дүние араға түсіп,құдалар иманға келіп,татуласпастан,араздасқан екі жастың арасын одан бетер өздері ушықтырып жібереді.


Қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешетін,кісінің пайдасына жарайтын қазақтың бүгінгі күні жоғалуға айналған тамаша дәстүрлері бар. Пайғамбарымыз С.Ғ.С,-Бір-бірлеріне сыйлық жасаңдар,мейір махабаттарын артады деген бір ақ ауыз өсиетінен құралған салт жораларды тізбектей берсен жетерлік. «Орамал тоң болмайды,жол болады»деген ұғыммен азын аулақ болсын сый сияпат жасап,әртүрлі салт жоралар ойлап тауып,бір біріміздің көңілімізді тапқанбыз.Сыбаға,байғазы,көрімдік,сүйінші,бәсіре,сыралғы,тоқым-қағар,сырбаз,соғымбасы,қымызмұрындық,тасаттық,наурыз көже т.б осы сияқты көппен бөлісетін салт-дәстүрлеріміз қаншама.Қиналғанға қол ұшын беретін,ерулік,қарулық,асар деген дәстүріміз қандай тамаша.Бұл салт жолдарымызды кейбірі есімізде,кейбірі ұмытылған.Оның да түпкі себебі бұл дәстүрлердің қайнары үнемі қайырымдылыққа шақыратын дінімізге көңіл бөлмегендіктен,тек Алла үшін ғана жақсылық істейтін иманның әлсірегендігінен екендігі шүбәсіз.


Ал,керісінше дүниені бет алды шашып,мақтан атақ үшін ысырапқоршылық жасағаннан жан салмаймыз.Той томалақтың әңгімесі бөлек,кісі қайтып, қаза болып,қайғы жұтып отырған үйдің шектен тыс ысырапқа бару аянышты жағдай.Қораңда бір қойын өлседе күйінесін,мал емес,жанын жоғалтып отырған үйдің күйзелісі аса ауыр екендігі айтпаса да түсінікті.Жаны ауырып отырған үйге,мал қайғысын қосып беру ,сол үйді өзіне бұйырсын деп тонау,қала берді сынау ешбір адамшылыққа сиятын дүние емес.Қайта шариғат заңдарына сүйенген ата дәстүр бойынша,сол үйге асар жасап,қол көмекпен мал көмегімізді аямауымыз керек емес пе еді?Өкінішке орай,Алладан аз қорқып,барынша сол үйдің бар болса малын шашып,жоқ болса артын ашып, «әкен өлді нені аяйсын» деп,әбігерге түсірерміз.Ел аузында сөз болады деп,әке байғұс,басыма ауыр нәрсе қойма деп өсиет етсе де,қып-қызыл ақшаға кесене тұрғызып,мазар соқтырып шығындалады.Шариғатта тірінің пайдасына жарамаған,өлінің пайдасына жарамайды деген қағида бар.Оған қарап жатқан біз бармыз ба?Не шариғатта не ата дәстүрде жоқ іспен өзімізді әурелеп,шектен тыс ысырапқа берілеміз.Сол дүниені ата дәстүрге сәйкес тірі мұқтаждарға,жоқ-жітікке жетім жесірге жұмсасақ қой.Тіріге де өліге де қайыр болған болар еді...


Өткен ғасырдың жетпісінші жылдың төңірегінде Бауыржан атамыздан бір журналист келіп,-Сізден сұхбат алып,соғыста көрсеткен ерліктеріңізді өз ауызыңыздан естіп,қағазға түсірсем деп едім –деп өтініш жасаған екен.Бауыржан атамыз;-«Әй,сен менім ерлігімді не ғыласың,Алла білер,ел білер.Егер сен шынымен ұлтқа жанын ашыса,мен саған үш нәрсе айтамын,соны жаз.Әжелердің бесік жырын айтпайтынан қорқамын,келіннің ибалық танытып,сәлем жасамайтындығынан қорқамын,келер ұрпақ бір-біріне пышақ алып жүгіре ме деп қорқамын» - деген екен.Бауыржан атамыздың көрегендігі осы емес пе,сонау жетпісінші жылдарда құдайсыз үкіметтің идеологиясы шарпып тұрған заманда,мұсылман діні әлсіреп,ел діннен ажырай бастағанын байқап,бұл ұрпақ болмаса да,атадан діні кетіп тәрбие алмаған келер ұрпақ дәстүрін бұзып,азып тозатындығын тауып айтқан ғой.Бүгінгі күннің шындығы да осы емес пе?Біздің өмірімізден атадан әкеге,әкеден балаға келе жатқан асыл дініміз Ислам алыстағандықтан,салт дәстүріміз ұмытылып,есте барының өзінің құны қалмай қалды.Бабалар өсиеті қағаз жүзінде ғана қордаланып,өмірлік іс тәжирибемізде түкке де аспай қалды.


Сондықтан болар, Елбасымыз соңғы жолдауында,қазақтың тілі мен дініне қатты мән беру керектігін басып айтты.Дінбасымыз да биылғы жылды дінмен дәстүр жылы депте жария қылды.Ел зиялылары да қазақ дәстүрінің қайнары Ислам екендігін жасырмай айтып та жүр.Сол үшін де қазақтың тарихта жоғалтқан ата дәстүрін,мәдениетін қағаз жүзінде ғана қалдырмай,іс жүзінде жүзеге асырып,өміршең қылу үшін,оның бастауын Исламнан іздегеніміз және дәстүрімізбен сабақтасқан күйде насихаттауымыз керек болып тұр.
Алла елімізді иман жолына бастасын.

Жуалы ауданының
бас имамы Кенжемолдаев А Р

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: