Оразасын үзбейтін орыс жігіті

Оразасын үзбейтін орыс жігіті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

IMG_8197

Елімізде жыл сайын ұлты мен діни сенімі бөлек азаматтардың Ислам дінінің тазалығын түйсініп, бойұсынып жатқандығын ақпарат құралдарынан, күнделікті өмірден кездестіріп жатамыз. Сонымен қатар, ақиқат дінін қабылдап қана қоймай, оның парыздарын орындап жүргендер де баршылық.

Тараздық Тимофей Кондраченко Ораза айында ауыз бекітіп, Ислам дініне бет бұрғанына биыл бір жыл. Орыс жігітінің бұл саналы әрекетін туыстары мен достары да қолдайды.

– Мен өткен жылы оразаның екінші күні Ислам дінін қабылдап, ауыз бекіттім. Алланың бұйырған бес парызының бірі ретінде отыз күн оразамды үзбедім. Оразаның пайдасы мен нығметін, сауабын сезінген жан үшін аш жүру ешкімге де қиындық тудырмайды деп есептеймін, – дейді Тимофей.

«Ораза тұту – ағзаны ғана емес, ойыңды да өзге пиғылдан тазартады» – деп тұжырымдайтын ол қазіргі уақытта облыстық «Һибатулла Тарази» мешітіне қарасты медреседе Ислами дәріс алуда. Тәлім алған бір жыл ішінде жас шәкірт арабша әріп танып, біраз сүрелерді жаттап үлгерген. Ендігі арманы – оқуын тәмамдап, Ислам дінін насихаттауға атсалысу.

– Қазіргі уақытта Тараз қаласында тек өзім ғана тұрып жатырмын. Бауырым мен ата-анам жұмыс бабымен Ресейге қоныс аударған. Олар менің таңдауымды құрметтейді және намазға жығылғалы мінезімнің, ұстанымымның жақсы жаққа өзгергенін айтады. Анам көзі ашық, көкірегі ояу жан. Біздің үйде күні бүгінге дейін кішігірім кітапхана бар. Онда Құран және басқа да кітаптар көп. Оның барлығын анам жинаған және парақтап тұрып оқыған. Сондықтан, ол кісі мені жақсы түсінеді. Және болашақта анам да Исламға тоқтап, менімен бірге ораза ұстайды деп ойлаймын.

Медреседе әлі 3 жылдай оқуым керек. Тәмамдаған соң оқуымды одан әрі жалғастырып, білімімді ұштағым келеді. Сауабым толысқан тұста, Ислам дінін өзге мемлекеттерде насихаттасам деген арманым бар, – дейді Тимофей.

Аленаның ауыз бекіткеніне он жыл

Адамзатты ізгілікке бастаушы қасиетті Ислам дінінің талаптарын мойындап, парыздарын орындап жүрген кәріс қызы Алена Владимировнаның биыл ораза ұстағанына 10 жылдың жүзі болады. Ол өзі жайлы былай деп әңгімеледі.
– Менің ұлтым кәріс. Әкем Владимир, анамның есімі Клавдия. Мен Сарысу ауданы Жаңатас қаласында дүниеге келдім, сонда оқыдым, бойжеттім. Қазіргі таңда Тараз қаласының тұрғынымын. Жарымның ұлты қазақ. Көптен күткен сәбиіміздің дүниеге келгеніне де көп бола қойған жоқ. Исламды мен 10 жылдай бұрын қабылдадым. Сол жылы Алланың мейірімімен ораза ұстай бастадым. Алғашында ата-анам, туыстарымның ой-пікірлерінен именіп жүрдім. Бірақ, уақыт өте келе олар менің таңдауыма түсіністікпен қарай бастады. Ең қуаныштысы, анам да Исламға келді. Мен алдымен, Құранды оқып, мән-мағынасын түсінуге тырыстым.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің(с.ғ.с) хадистеріне ой жүгірттім. Менің бұл ізденістерім Алланың бүкіл адамзатқа жіберген асыл діні — Исламды қабылдауыма септігін тигізді. Расында да, Ислам – таза, адамгершілік, әдеп, ақиқат діні. Менің осыған көзім жетті. Мен Исламның шарттарын түсініп, кәлима айттым. Бұл Алланың маған нәсіп еткен үлкен сыйы, мейірімі деп қабылдаймын, – дейді Алена.

Алена өзінің алғашқы оразасы мен алғашқы Рамазан айы жайлы әсерімен де бөлісті.

– Менің ең алғашқы Рамазаным есімде ерекше қалыпты. Ол кездегі көңіл-күйімді әлі күнге ұмытпаймын. Айт намазына қатысқанымда бойымды бұла сезім билеп, көзіме жас келді. Бұл риясыз қуаныш пен өкініштің жасы еді. Қуанған себебім, маған Жаратушы ие мүмкіндік беріп, иманды құлдарының қатарынан орын берді, ал өкініш – береке мен ұлық айы уақытының тым аздығына байланысты бұдан да көп мінәжат жасай алмайтындығымда еді, – дейді Алена Владимировна.

Имандылықтың адамгершілік тұтқасы екенін ұғынып, Рамазан айының қасиетін парақтап, тіліне, діліне, дініне қарамастан, ораза ұстаушылар қатарының жылдан-жылға молайып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Облыстық "АРАЙ" газеті

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: