Рамазан айында құран оқудың артықшылығы

Рамазан айында құран оқудың артықшылығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Рамазан айы таспихтер тартылып, мешіттерде таруих намаздарын жамағатпен оқып, құран хатым түсірілетін ай. Осы айдың шарапатымен барлық амалдарымыздың сауабы еселене түседі. Құран Алла Тағала тарапынан Пайғамбарымызға (С.Ғ) берілген үлкен мұғжиза, қасиетті кітаптардың соңғысы, адамдарды тура жолға бастаушы кітап.

Ол мүміндер үшін шипа және Алланың рахметі. Оған амал еткендерді жаннатқа жетелеуші. Ол барлық ақиқатты өзіне жинаған адал мен арамды, жақсы мен жаманды ажыратып беруші, адамзатқа шексіз пайда келтіруші. Алла Тағала Құран Кәрімде : « Ақиқатында, бұл Құран Кәрім /игілігі мол Құран/. Ол сақталынған Кітапта /Лаухул махфузда/» Әл-Уақиға сүресі 77. 78 аяттар.

«Оған /Құранға/  өтірік алдынан да артынан да келе алмайды, ол аса Дана / Әл-Хаким», өте мақтаулыдан/әл-Хамид/ түсірілген (Құранға жалған ешбір жағынан келе алмайды.) Фуссилат сүресі  42 аят

«/Ей Мұхаммед!/ Біз саған түсірген кітап-берекелі, /Адамдар/ оның аяттарына зейін қойып зерделеулері үшін әрі ақыл иелері еске алуы үшін /түсірдік/ » (Әрбір адам Құран аяттары жайлы ойланып, оның мағыналарын түсінуге талпынуы керек. Ақыл есі сау адамдар әрбір аят жайлы ойланады әрі Құраннан көп пайда табады.) Сад сүресі 29 аят.

Құранды оқу, оған амал ету адамның  екі дүниесіне пайдалы болады. Алла тағала пайғамбарына былай деп үндейді. « /Ей, Мұхаммед!/ Раббыңның кітабынан өзіңе уахи етілгенді оқы. Оның сөздерін өзгертуші жоқ әрі Одан өзгеге /пана/ қорғаныш таппайсың» әл-Каһф сүресі 27 аят

Османнан (Р.Ғ) риуаят қылынған хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (С.Ғ) былай деген: «Сіздердің ең жақсыларыңыз Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің» (Бухари, Термизий, Ибн Мажа)

« Үмметімнің ең үлкен құлшылығы Құран оқу»-деген. (Абу Нуғаим)

«Темірдің тот басқаны сияқты, жүректі тоқ басады. Жүректі тот баспайтын жалғыз жолы Құран оқу және өлімді еске алу » (Байһақий)

Абдулла ибн Амр ибн Астан (Алла ол кісілерден разы болсын)  риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (С.Ғ) былай деген: «Қиямет күні Құран оқушы адамға «Оқы және көтеріліп бара бер. Тілауат қыл, дүниеде қалай оқыған болсаң, соңғы аятты оқыған орның сенің жаннаттағы орның-дәрежең болады.» деп айтылады.»-деген.(Абу Дауыд, Термизий, Ибн Мажа)Демек Құранның аяттарын көп жаттау адамға пайдасы тиеді. Себебі амал етілген әрбір аят жәннатта бір дәреже көтерілуге себепші болады.

Сахл ибн Муаздан риуаят етіледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (С.Ғ) былай деген: Қиямет күні Құран оқып, оған амал еткен адамның  ата- анасының басына тәж кигізіледі. күннің жарығы қанша жерге жетсе, бұл тәждің жарығы одан қатты жарық болады. Ал енді Құран оқығанның жарығы қандай болмақ?» (Абу Дауд)

Бір адаам Құран Кәрімді оқып отырып, өзіне берілген нығметтен жоғары нығмет берілгенін ойласа, Алланың алдындағы ұлық амалды төмен санаған болады. (Табарий)

Ибн Аббастан Риуаят етіледі. Бір адам Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (С.Ғ): -Ей Алланың елшісі, Алла тағала қандай амалды жақсы көреді?- деп сұрады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (С.Ғ) оған : -Сапардан келіп тұрып қайта сапарға шығып кеткен адамды» деп жауап берді.

-Сапардан келіп қайта сапарға шығу қалай болады?-деп сұрады.

-Құранды басынан аяғына дейін оқып шығып, қайтадан бастағаның- деді Алла елішісі. (Термизий)

Хадис Құдсиде Алла Тағала : «Құран оқумен шұғылданып, Менен қалағанын сұрай алмаған пендеме шүкір қылушы пенделеріме беретін ең үлкен сауапты беремін.»

Сахабалар мен ғалымдардың сөздерінен

Ибн Масғуд: «ілім үйренбекші болсаңдар Құранды үйреніңдер. Өйткені ол сізден бұрынғылар мен кейінгілер үйренген ілім. Оның әрбір әрпі үшін сауап бар»

Амр ибн Ас: «Құран Кәрімнің әрбір аяты жәннатта бір дәреже және үйіңіздің шырағы»

Абу Хурайра « Құран оқылған үй жақысылықтарға тола, періштелері көп және шайтандар қашқан үй. Құран оқылмаған үйде жақсылық болмайды. періштелер бұндай үйден періштелер қашып, шайтандар көбейеді.»

Суфян Саурий: «пенде құран оқыған кезде періште келіп оның көздерінің ортасынан сүйеді.»

Хасан Басри « ант етемін, Құраннан үлкен байлық болмағаны секілді, одан құр қалудан артық кедейлік жоқ»

Имам Ғазали : «Құран-нұр. Қателесуден құтылудың жолы тек Құран. Жүректерді бұзған аурулардан тек Құран ғана шипа береді. »

Аала Тағал рамазандағы оқыған Құран хатым дұғаларымызды қабыл етсін

 Ғалымбек ЖАПЕК,

«Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: