Үмбетке нығмет бұл Миғраж

Үмбетке нығмет бұл Миғраж

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағаланың  сүйікті құлдарын әрдайым түрлі сынақ-емтихандардан өткізіп, тартқан жазмышына сай ризықтарын тарту ететіні талассыз ақиқат. Осы себептен де барлық пайғамбарлар мен елшілер  қиындығы  мол тағдырға мойынсұна білген. Ардақты елші (с.ғ.с.) және оның соңынан ерген қауым азапты күндерді басынан кешіріп, өмірлеріне сын түскен сәтте, Ұлы Жаратушы сүйікті Елшісін (с.ғ.с.) ұшпаққа (Миғраж) шығарумен зор қуаныш сыйлаған болатын.«Исра және Миғраж» – Ислам тарихындағы ең қиын, ауыр кезеңде болған оқиға. Бұл кезде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) басшылығындағы аз санды мұсылмандар мүшріктердiң зорлық-зобалаңынан, Алла жолынан мұсылмандарды қайтару үшiн жасаған әрекеттерiнен әбден қиналған едi.

Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) олардан қорғап, үлкен қамқоршысы болған, өз баласындай аялап асыраған ағасы Әбу Тәлiп қайтыс болып, Абдулла деген екі жасар баласы мен Қасым деген нәрестесі шетінеп және сенiмдi жолдасы, жұбайы Хадиша анамыз дүниеден қайтқан шақ еді. 621 жылы, ережеп айының 26 – сынан 27 – сіне өтер түнде, дүйсенбiде, Алла тағала пайғамбарымызды (с.ғ.с.) исра және миғраж оқиғасымен құрметтедi. Бұл оқиға пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үшiн Алла тағала тарапынан үлкен бiр жұбаныш әкелдi. Үмiт шамын қайта жақты. Жақсылық жаршысы (с.ғ.с.)  пыраққа мініп, түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушымен тілмен айтып жеткізе алмайтын көркем де әсерлі жағдайда қауышып, тікелей байланысқа шыққан еді.

                Араб тілінде «исра» сөзі түннің бір бөлігінде серуендеу деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттың терминінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түннің бір сәтінде әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне барғандығы меңзеледі.  Исра оқиғасын түске жатқызуға болмайды. Ол таза шынайы өмірде орын алған құбылыс.Миғраж сөзі биікке көтерілу, аспандау, жоғарылау дегенді білдіреді. Осы түні Пайғамбарымыз (с.а.с.) Бәйтул-Мақдис мешітінен аспандағы «Сидратул-мүнтәһәға», яғни Алла Тағала құзырына көтерілген. «Сидрат» арабшада ағаш, ал “мүнтәһә” – соңғы деген мағынаны меңзейді. Яғни әлемнің соңғы шегі деген түсінікті береді.  Мүшріктер, әрине, бұл оқиғаға сенбестік танытты. Алайда, мұсылмандар бұндай мұғжизаның болғанына бек сенді. Өйткені, Алланың құдіреті шексіз.

Пайғамбарымыз миғраж оқиғасын былай баяндап берді: «Маған берілген Бураққа (жәннат жануарына) мініп Бәйтул-Мақдиске (Ақса мешітіне) келдім. Байтуль Мақдиске шейін төрт жерде тоқтап намаз оқыдым.Олар Медина қаласы, Мусаның (а.с)  ағашы, Тур Синай және Иса (а.с)   дүниеге келген жері. Бұның баршасын Жәбрәйіл бұл жер мынандай, ал мына жер деп түсіндірді. Бәйтул-Мақдиске жетіп пырақты бұрынғы пайғамбарлар байлайтын алқаға байладым, кейін мешітке кіріп бір жамағатқа имам болып  намаз оқыдым. Намаз аяқталғаннан кейін Жәбрәйіл менен «Саған ұйыған жамағаттың кімдер екенін білесің ба?» деп сұрақ қойды. Мен «Жоқ» деп жауап қаттым. «Олар Адам (а.с) бастап саған дейінгі бүкіл елшілер мен пайғамбарлар» деп айтты.

Кейіннен   Хазреті Жәбрейіл бір ыдыста шарап (жәннат сусынын) және тағы бір ыдыста сүт алып келді. Мен сүтті таңдадым. Жәбрейіл “жаратылысқа сай болғанын таңдадың” деді. Кейін бізді 1-ші қабат аспанға алып шықты. Аспан қақпасында “Сен кімсің?” деген дауыс келді. “Жәбрейілмін” деді. “Жаныңдағы кім” делінгенде “Мұхаммед алейһиссалам” деп жауап берді. “Ол пайғамбар болып жіберілді ме?” делінді. Жәбрейіл “Иә” деп жауаптады. Кейін аспан есіктері ашылып, хазреті Адаммен кездестім. Маған сәлем беріп, қайырлы дұғалар етті. 2-ші қабат аспанға көтерілдік. Ол жерде де алдыңғы секілді сұрақтар мен жауаптар өтті. Кейін есік ашылып, мұнда хазреті Иса және хазреті Яһиямен кездестім. Олар да маған сәлем беріп дұға етті. 3-ші қабат аспанға шыққанда да алдыңғы сөздер қайталанды. Есік ашылып хазреті Юсуфты көрдім. Ол да дұға етті. 4-ші қабат аспанға көтерілгенде де сол сөздер айтылды. Есік ашылып, хазреті Идристі көрдім. Ол да дұға етті. 5-ші қабат аспанға көтерілдік. Алдыңғы сөздер айтылып, есік ашылды. Хазреті Харунмен кездестім, ол да дұға етті. 6-шы қабат аспанға шықтық. Тағы сол сұрақтардан кейін есік ашылды. Хазреті Мұсаны көрдім, ол да сәлем беріп, дұға етті. 7-ші қабат аспанға шыққанда да сол сұрақтар қайталанып, есік ашылды. Арқасын Бәйтул-мамурға сүйеген хазреті Ибраһимді көрдім. Ол да дұға етті. Кейін Жәбрейіл алейһиссалам мені Сидратул-Мунтаһаға алып барды.

 

Басқа бір риуаттарда бірінші қабат аспанда жаратылғалы бері рүкүде тұрған періштелерді көрдім, екінші қабатта жаратылғалы бері қиямда тұрған періштелерді көрдім, ал үшінші қабатта жаратылғалы бері және қияметке дейін сәждеде жатып құлшылық жасап жатқан періштелерді көрдім. Және «Уа Раббым менің үмбетіме де осындай құлшылықтарды нәсің ет!»-деп дұға қылдым, делінген.

Сидратул-Мунтаһаға жетіп Жәбрейіл алейһиссалам «Маған ары қарай өтуге рұқсат жоқ, өтсем мен күйемін»- деп мені қалдырды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұнан кейiнгi сапары жайында: «Жәбiрейiлмен қоштасып қайырласқан соң, қорқа бастадым. Сол мезет Раббым Алланың дауысын естiдiм. Алла тағала маған: «Ей, Мұхаммед, менiмен сөйлес!», – дедi. Мен сөйлеуге сөз таба алмадым. Бiрақ Алла менiң көкiрегiме салды. Мен: «Ей, Жаратушым Алла! Тiлмен, жан-тәнiммен, мал-дәулетiммен жасалатын ғибадаттарымның баршасы сен үшiн», – дедiм. Сонда Алла тағала: «Ей, Алланың елшiсi, саған сәлем мен Алланың рахметi және берекетi болсын!», – дедi. Мен: «Сәлем бiзге және Алланың iзгi пенделерiне болсын», – дедiм», – дейді.Мұндағы сөйлесуден кейiн Ұлы Ғарышта – аспанның жоғарғы қабатында перiштелер бiр ауыздан танымал сөздi оқыды: «Алладан басқа сыйынуға лайықты зат жоқ екендігіне,  Мұхаммед Алланың пендесi және елшiсi екендiгiне куәлiк беремiз», – дедi. Бiз әр намазда оқып жүрген «Әттаһият» дұғасы – осы. Алла тағала мен пайғамбарымыз Мұхаммедтiң миғражда сөйлесуiнен келiп шыққан дұға.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Миғраж түнi «Үмбетiм, үмбетiм» деп жылап, өзiне iлескен барлық мұсылмандар үшiн көп дұға-тiлектер жасады, ғапу сұрады. Алладан үмбеттерi үшiн де Миғраж сұрады. «Ей, Тәңiрiм, Миғраж мұғжизасымен менi нығметтендiрдiң. Үмметiм үшiн де осындай бiр нығмет тiлеймiн», – дегенiнде, Хақ тағала: «Намаз – момындардың миғражы», – деп, Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметiне миғраж дәрежесiнде жүретiн намаз ғибадатын сыйлады.

 Алла Тағала күніне 50 уақыт намаз оқуды парыз қылды. Хазреті Мұсаның (а.с) жанына келгенімде 50 уақыт намаз парыз қылынғанын айттым. «Раббыңнан азайтуын сұра, үмметің әлсіз, бұған күші жетпейді» деді. Осылайша бірнеше рет Раббымның алдына барып азайтуын сұрадым. Соңында Раббым былай деп бұйырды:

«Ей хабибым (сүйіктім), 5 уақыт намазды парыз қылдым. Әр уақыт үшін 10 сауап бар. Осылайша 50 уақыт намаз болады.» (Мүслим)

Миғраж оқиғасында мұсылман қауымына  мынандай иләһи үш сый тарту етілді:

Біріншісі, хз. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетінің ішінде Алланың бір екендігіне шүбә келтірмегендерге шапағат етуіне рұқсат етілді.Екіншісі, бес уақыт намаз оқу парыз етілді. Мұхаммед (с.ғ.с.): «Бұл ғибадаттың үмбеті үшін миғраж» екендігін айтқан болатын.Үшіншісі, риуаяттарда Мұхаммедке (с.ғ.с.) «Бақара» сүресінің соңғы екі аяты осы Миғражда уахи болған. 

Оқиға арқылы көзделген тағы бiр мақсат – Алла тағала Құран Кәрiмде: «(Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.), Саған (миғражда) көрсеткен нәрселерiмiздi адамдарға бiр сынақ еттiк» («Исра» сүресi, 60 аят), – деген.Бұл жайт пайда жолына түсiп кеткен, ой өрiсi тар, ақылдары шектеулі, барлық iстi өз санасымен өлшейтiн, дүниенiң қалай пайда болғанын ойламай және Алла тағала құдiретiне күмәнмен қарап, сауатсыздық төңiрегiнен аса алмайтын, «Керуен бiр айда әрең барып келетiн ұзақтықты Мұхаммед (с.ғ.с.)  қалай басып өтедi?» деген сияқты мәнсiз нәрселермен айналысқан ақылсыздардан, «Егер Ол осыны айтқан болса, онда Ол дұрыс айтыпты. Мен оны бұдан да ұзағыраққа бардым десе де растаймын», – деген Әбу Бәкiр сияқты шынайы мұсылмандарды айқын ажыратып бердi.Олай дейтініміз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғраж оқиғасынан кейін Қағбаның жанына барып, халыққа миғражды айтып береді. Оны естіген кәпірлер оны мазақ етті: «Мұхаммед ақылынан адасыпты» деді. Мұсылман болуға ниеттеніп жүргендер де райларынан қайтты. Кәпірлердің біразы қуанып, Әбу Бәкірдің (р.а) үйіне барды. Өйткені, оның ақылды, тәжірибиелі және абыройлы саудагер екенін бәрі білетін. Олар: «Ей Әбу Бәкір! Сен Құдысқа көп барасың. Меккеден Құдысқа барып келуге қанша уақыт кетеді?» деп сұрайды. Әбу Бәкір: «Бір айдан көп» дейді. Кәпірлер бұған қуанып: «Ақылды адамның сөзі осындай болады» дейді. «Сенің досың Құдысқа бір түнде барып келдім дейді» деп, Әбу Бәкірге құрмет көрсетеді.

Әбу Бәкір (р.а) Расулуллаһтың атын естіген соң: «Егер Ол айтса, дұрыс айтқан, сенемін! Бір сәтте барып келген!» деп ішке кіреді. Кәпірлер не болғанын түсінбей қалады. Сосын: «Әй, Мұхаммед, қандай сиқыршы едің, Әбу Бәкірді сиқырлап тастапты» дейді.Бірақ, мүшріктер Құдыстың бел-гілерін сұрағанда, Алла Елшісі (с.а.у.) еш мүдірместен жауап береді. Оның үстіне, Хақ Елшісі жолшыбай бір керуеннің Меккені бетке алып келе жатқандығын, оның қанша уақыттан кейін қалаға кіретінін айтты. Көп ұзамай айтылған уақытта қала қақпасынан кірген керуенді көргенде мүшріктердің сенбеске лажы қалмады.  

Миғраж оқиғасының ұлықтығы – Алла тағала шексiз ғаламды, ұшы – қиырсыз ғарышты, көктегi аспан қабаттарын, пейiш пен тозақты көрудi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға нәсiп етті. Онда Алла тағала пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көптеген мұғжизалар көрсеттi. Бұл оқиғаның растығын «Исра» сүресiнен басқа «Нәжiм» сүресiнде де бүтiн пайғамбарлар тарихында жалғыз болған, теңдессiз мұғжиза – Мұхаммед (с.ғ.с.) миғражға шыққандығын қуаттай отырып, Алла тағала пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адаспағандығын, ол өзiнше сөйлемейтiндiгiн, көргенiнiң барлығы растығын, тiптi Жәбірейiлдi (ғ.с.) де өз бейнесінде көргендiгiн серт берiп айтады. Әдетте Жәбірейiлдi (ғ.с.) барлық пайғамбарлар адам бейнесінде көргені белгілі. Ал осы кеште және бұдан бұрын бiр мәрте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбірейiлдiң нағыз өзiн көрген едi. Мұны Алла тағала Құран Кәрiмде растап: «Расында ол, Жәбiрейiлдi өз суретiнде екiншi рет Сидрат әл – Мунтаһада (соңғы ағаш маңында) көрдi» («Нәжiм» сүресi, 13 – 14 – аяттар), – делiнген.

 

Иә, Мұхаммед (с.ғ.с.) Миғраждағы иләһи сырларға қанығып, жаңаша түлеп, жаңа бір леппен Исламды дәріптеуді жалғастырған болатын. Сөйтіп, мүбәрак миғраж кешінен соң, Исламның жеңісті жорықтары бірінен кейін бірі жалғасын тауып жатты. Миғраж – Исламның ұлы жеңістерінің рухани хабаршысы болғандықтан, мүбәрак Миғраж кешін күллі ислами жеңістердің бейне бастау бұлағы іспетті деп қабылдасақ болады.

Ізгі ниетпен,

Ә.Шалбай

Қордай ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: