Ережеп айындағы елеулі оқиға

Ережеп айындағы елеулі оқиға

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ережеп – Құран Кәрімде қасиетті деп аталған төрт айдың бірі. Ережеп айымен Ислам тарихында тағы бір елеулі оқиға байланысты. Ол – исра мен миғраж. Миғраж оқиғасы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінің ең ауыр кезеңінде болды. Сол шақта әке орнын басқан көкесі Әбу Тәліптен, қиын-қыстау шақтарда медеу болған сүйген жары Хадишадан (р.а.) айырылған еді.

Исра – түнгі сапар, ал миғраж – көкке көтерілу. Ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) Жаратқанның әмірімен әп-сәтте Меккедегі Харам мешітінен Шамдағы Ақса мешітіне, сол құтты жерден ары қарай көкке көтерілді.

Бұл сапар арқылы ешбір адам баласы көрмеген шексіз, ұшы-қиырсыз ғарышты, көктегі аспан қабаттарын, пейіш пен тозақты Алла тағала Өзінің таңдаулы құлына тамашалатты. Ғажайып миғраж сапары пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мұғжизасы болып табылады. Бұл сапардың сырын Алла тағала: «...оған белгілерімізді (мұғжизаларымызды) көрсету үшін[1]», - деп білдірген.

Сол түні Жәбірейіл (ғ.с.) періште  Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Ей, Мұхаммед! Алла тағала ешкімге бұйырмаған шарапатты саған нәсіп еткелі тұр. Сені құзырына шақырып жатыр», – дейді. Жаратқан Алланың құдыретімен пайғамбар (с.ғ.с.) қысқа уақытта ұзақ жерге сапар шегеді. Жаратқанның қалауымен Харам мешітінен Ақса мешітіне бір сәтте жетеді. Исра оқиғасы – түс емес, миғраж – рухани серуен емес. Аяттағы «пендесін»  деген сөзден Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өңінде әрі денесімен һәм рухымен миғражда болғаны түсіндіріледі.

Мұхаммед Ғазали: «Исра – Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне болған ғажайып сапар. Ал, миғраж исраның артынша орын алған оқиға. Миғраж мүбәрак пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аспан қабаттарына көтеріліп, жаратылыстың білімі жетпейтін деңгейге дейін барып, қайтадан Меккедегі Харам мешітіне оралу сапарын айтамыз. Құран Кәрімде бұл екі айтулы оқиға екі бөлек сүреде баяндалады[2]. Исра сапары мен оның сыры: «Пендесін бір түні оған белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрәк еткен Ақса мешітіне (исра жасатып) апарған Алла тағала әр түрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол естуші, білуші[3]», - делінген.

Аяттағы «пендесі» Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар. Аты аталмай және жай «пенде» деп қоймай «пендесін» деп айтылуында үлкен мән бар. Бұл Алла тағала тарапынан елшісіне көрсетілген ерекше құрмет, зор ілтипат еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Мен Алланың пендесімін, құлымын»,-деп мақтанышпен айтатын. Ал, миғраж оқиғасы Құран Кәрімде: «Расында ол Жәбірейілді екінші рет көрді. Тұрақтау ағашының жанында. Оның қасырда Мәуа жәннаты бар. Сол уақытта ағашты қаптаған нәрсе қаптады. (Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көзі таймады да үстірт қарамады. Расында ол, Раббының ірі белгілерін көрді[4]»,-деп баяндалды.

Демек, бұл ғаламат да, ғажайыпқа тола исра мен миғраж оқиғасының сыры Жаратқан өз пендесі Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Өзінің құдіреті мен үлкен белгілерін көрсету еді.

Ғажайып сапардың сыры

Меккеден бастау алған берекетті сапарда Алла елшісінің мінген көлігі пырақ еді. Пырақ (арабша: бурақ – найзағай) – серіпкен тұяғы көзінің ұшы жеткен жерге тиетін ғажайып жануар. Пырақ жарық жылдамдығымен қозғалатын ерекше жаратылыс.

Әдетте жер шарының бір бұрышынан екіншісіне найзағай жылдамдығында жүріп өтуі мүмкін емес жайт. Бұған үлкен дайындық керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) балалық шағындағы «шаққус содр», яғни кеудесін жарып жүрегін кәусар сумен жуып тазалауы осы үлкен сапарға дайындықтың басы еді.

Әрине, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын оқу және тыңдаумен біздің  Алла тағаланың таңдаулы құлына деген сүйіспеншілігіміз арта түседі. Сонымен қатар, бұл ғибратты ғұмырдан өзімізге өнеге аларымыз да белгілі. Ал, енді осы сырлы сапардан әрбір мұсылман баласы нені ұғынуы қажет?

Неліктен «сидратул мунтаһаға» болған миғраж сапары бірден Меккедегі Харам мешітінен басталмай, әуелі пайғамбар (с.ғ.с.) Байтул Мақдиске жол тартты?

Бұл сауалдың жауабын өткен шақтан іздеу қажет. Пайғамбарлық ұзақ дәуір бойы Бәну Исраил шежіресімен жалғасып келгені белгілі. Байтул Мақдис уахи түсетін және жер бетін нұрға бөлейтін құтты мекен есептелді.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға уахидың келуімен әлемдегі рухани басшылық бір халықтан екінші халыққа, бір қаладан екінші қалаға және Исраил ұрпағынан Исмаил ұрпағына ауысты. Осылайша Мұхаммед (с.ғ.с.) Ибраһим, Исмаил, Исхақ және Яқуб (ғ.с.) пайғамбарлардың жолын жалғастырды. Алла тағаланың сөзін жер бетіндегі күллі адамзатқа жеткізе бастады. Осы шақта мұсылман әлемінде үш киелі мешіттің бірі болып есептелетін Ақса мешіті өткен шақ пен осы заманды байланыстырушы міндетін атқарды. Ал, Алла елшісінің (с.ғ.с.) исра кешінде аталмыш мешітке баруы өткен шақтағы иләһи уахи мекеніне деген құрмет еді.

Бұл мүбарак түнде қасиетті мекенге барлық пайғамбарлар түгел жиналды. Олар ең соңғы елшілік иесі Мұхаммедке (с.ғ.с.) құрмет көрсету үшін Ақса мешітінде бас қосты. Өйткені, пайғамбарлық дегеніміз бір-бірінің елшілігін растау және кейін келуші әуелгі келгеннің орнын басудан тұрады.

Сахих хадистерде Алла елшісі (с.ғ.с.) иләһи міндеттегі бауырлар саналатын пайғамбарлармен Ақса мешітінде екі ракат намаз оқығаны айтылады. Екі бас намазда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) имамдыққа өтуі Ислам діні Алла тағаланың адамзатқа жолдаған соңғы сөзі екендігінің айғағы. Сондай-ақ, бұл намаз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және оның әкелген дінінің дәрежесін көрсетеді.

Миғраж – жөні бөлек мұғзижа

Мұғжиза – дәрменсіз етуші ғажайып құбылыс. Пайғамбарларға (ғ.с.) өз заманының қыр соңынан қалмайтын қырсық дінсіздері және залым патшаларға ақиқатты түсіндіруде иләһи қолдауды және күш-қайратты қажетсінеді. Күш-қайраттың қайнар бұлағы Алла тағаланың құдыретін көруден бастау алады. Осы құбылыс арқылы Алла тағала пайғамбарларды (ғ.с.) қолдайды. Шын мәнінде, пайғамбарлар Жаратқанның хабаршысы екендігінің айғағы ретінде мұғжиза беріледі.

Алла тағала Мұса пайғамбарды (ғ.с.) залым перғауынға жіберер алдын құдіретін көрсету үшін, асатаяқ түсіріп: «Әй, Мұса! Оны таста!» – деді. Таяқты тастағанында ол жылан болып жүрді. «Оны ұста, қорықпа! Оны әуелгі халына қайтарамыз», –деді. «Қолыңды қойныңа тық. Аппақ ақаусыз басқа бір мұғжиза болып шықсын. Саған ірі мұғжизаларымызды көрсету үшін (еді.)[5]»,–деді. Мұны көрген Мұсаның (ғ.с.) жүрегі бекем болды. Сосын Алла тағала пайғамбары Мұсаға (ғ.с.): «Перғауынға бар. Өйткені, ол шектен шыққан[6]»,– деді.

Мұса (ғ.с.) иләһи белгілерді халқын дінді насихат етпей жатып көрді. Ал, Алла елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) миғраж мұғжизасы шамамен пайғамбарлықтың он екінші жылы берілгені мәлім. Мұның сыры неде? Әсілінде, пайғамбар қолындағы мұғжиза – сенбейтін және соқыр сенімде сіресіп тұрып алған адамға көрсететін үлкен дәлел. Ал, Құран әуел назыл болған күннен бастап-ақ, қырсық адамдардың тоң мойындарын ақиқатқа иетін үлкен дәлел болып келді. Құраннан басқа да мұғжизалар өз тәртібімен пайғамбарымызға беріліп отырды. Демек, исра және миғраждың жөні бөлек. Бұл мұғжиза пайғамбардың өзіне көрсетілген құрметінің белгісі болды. Сонымен қатар, аталмыш оқиға барлық пайғамбарлардың (ғ.с.) арасындағы мықты жақындық байланысты көрсетеді.

Көктегі пайғамбарлармен дидарласу

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жеті қат аспанға көтерілген сайын әр қабатта оны пайғамбар бауыры қарсы алып, «Қош келдің, ізгі бауырым!»,-деп өз ілтипатын көрсетіп жатты.

Бұл кештері ғажайыптар Ислам адам болмысының діні екені көрсетті. Саъсаъ бин Малик риуаят еткен Исра жайлы ұзын хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «... сосын маған арақ құйылған және сүт құйылған кесе алып келінді. Мен сүтті алдым. Сонда Жәбірейіл (ғ.с.): «Бұл Сіздің және үмбетіңіздің фитраты (болмысы)»,– деп айтты».

Расында, шынайы болмыс дәні – Ислам. Шын мәнінде аспан есіктері ішкі дүниесі бұзық және жүрегінде дерті бар адам үшін ашылуы мүмкін емес жайт. Ал, жаман болмыс лайланған бұлақ тәрізді. Одан тек жаман су қана ағып шығады.

Осы мүбәрак кеште бес уақыт намаз парыз болды. Оның хикметі намаз адам баласын нәпсінің қалауы мен қу дүние алдаған сәтте көкке көтеретін миғражы болуы үшін еді.

Бұл жөнінде Рамазан Бути өзінің еңбегінде: «Миғраждан кейін ертеңіне періште Жәбірейіл (ғ.с.) келіп, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) намазды оқу және оның уақыты тәртіптерін үйретті. Намаз парыз болмай жатып, Алла елшісі (с.ғ.с.) таң ертең және кешкі мезгілде екі бас намаз оқитын. Бұл намаз Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан қалған еді[7]»,–деп жазды.

Мұхаммед Ғазали: «Алла тағала парыз еткен намаз қазіргі таңда көптеген адамдар оқып жүрген намаз емес. Намаздың дұрыстығының белгісі – оқушыны дүниенің жамандығынан сақтауы. Ал, намазды көп оқыса да намазхан бұл дәрежеге жетпесе, оның намазы жалған болғаны[8]», – дейді.

Намаз адамның жан дүниесін тазалайды. Алайда, бұл құлшылық өлген жүректі емес, тірі жанды тазалайды. Сахаба Хузайфа бин Йаманнан келтірілген хадисте: «Адам баласының отбасына, мал-дүниесіне, бала шағасына, өзіне және көрші қолаңына қатысты болған сынақтарға ораза, намаз, садақа, жақсылыққа шақыру және жамандықтан тыю кәффарат болады (жуып шаяды)[9]», – делінген.

Иә, Пайғамбарымыз Миғраж түні «үмбетім, үмбетім» деп көзіне жаса алып, көп тілек жасады.  Өзіне ілескен барлық мұсылмандар үшін көп дұға-тілектер жасады, біліп, білмей жасаған кемшіліктері үшін ғафу етуін сұрады. Тіпті Алладан әрбір үмбеті үшін, әрбір мұсылман үшін өзі көрген Миғражды нәсіп етуін сұрап: «Ей, Тәңірім, миғраж мұғжизасымен мені нығметтендірдің. Үмметім үшін де осындай бір нығмет тілеймін», – дегенінде, Хақ тағала: «Намаз – момындардың миғражы», – деп үмбетке миғраж дәрежесінде жүретін намаз ғибадатын сыйлады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла тағала маған және үмбетіме әр күні елу уақыт намаз оқуды парыз етті. Қайтар жолда Мұсаға (ғ.с.) жолыққанымда, ол: «Ей, Мұхаммед! Раббыңнан жеңілдетуін сұра. Себебі  үмбетің оның үддесінен шыға алмай қалуы мүмкін. Сенен бұрын Бану Исраил қауымын сынап көргем», – деп, мені кері қайтарды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайта оралып, жеңілдік сұрағанда, Алла тағала: «Ей, Мұхаммед! Әр күнгі және түнгі оқылатын елу уақыт намазды бес уақытқа қысқарттым. Осы бес уақыт намаз менің құзырымда елу уақыт намаз боп саналып, әр намазға он сауаптан жазамын. Сол секілді үмбетіңнен кімде-кім бір жақсылықты ниет етіп, орындамаса бір сауап жазылады. Ал, орындаса он сауап жазылады.  Кімде-кім бір жамандықты ниет етіп, істемесе күнә жазылмайды. Ал, істесе бір күнә жаздырамын», – деді. Мен Аллаға жалбарынып кейін қайттым». Осыдан қиямет қайымға дейін бес уақыт намаз үмбетке парыз.



[1] Исра сүресі, 1-аят
[2] М.Ғазали, Фиқһус-Сира
[3] Исра  сүресі, 1- аят
[4] Нәжім сүресі, 13-18-аяттар
[5] Таһа сүресі, 19-23 аяттар
[6] Таһа сүресі, 24-аят
[7] Р.Бути, Фиқһ Сират Набауиа, 109-бет
[8] М.Ғазали, Фиқһус-Сира, 123-бет
[9] Бухари және Муслимде

Muslim.kz
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: