Сахабалардың (оларға Алла разы болсын) жүрегіне әсер еткен Құран

Сахабалардың (оларға Алла разы болсын) жүрегіне әсер еткен Құран

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран оқыңан, тыңдаған адамның жүрегі ғаламат бір өзгеріске тап болады. Оның әсерінен адамзат түзеледі. Адамдардың жүрегінде орын алатын  осындай түбегейлі өзгеріс тарихта ешқашан болмаған, сірә, болмас-та...

Құран жүрекке мықты иман ұялатады, ар-ұжданға ықпал етеді, нәпсіні күйрететін күш береді әрі оны жүгендейді.

Құран адамдардың жүрегінен мықтап орын тепкен ырымшылдықты жоғалтады, балалық шақтан бері бойға сіңіп кеткен әдеттер мен мінезді күйретеді де оның орнына өз сенімін, құлшылығын және адамгершілігін орнатады.

Меккелік көпқұдайшылдардың өздері соғыс кезіне қарамастан түнделетіп үйлерінен шығып, жасырын түрде мұсылмандардың үйлерінің сыртынан тұрып Құран тыңдайтын болған. Олар Құранға тәнті бола тұра, жүректерінің бірбеткейлігі, тәкаппарлығы мен қиындықтарына байланысты иман келтірмеген. Меккедегі құрайыштардың ақсақалдары Алла Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әл-Харам мешітінде, базарда және қоғамдық орындарда Құран оқығанда қасынан шықпайтын. Соңынан қалмай жүріп, Құран оқуға кедергі келтіретін. Сондай-ақ, аулада Құранды дауыстап намаз оқитын Әбу Бәкірді (ол кісіге Алла разы болсын) де жайына қалдырмайтын. Өйткені әйелдер мен балаларға оқылған Құран қатты әсер ететін.  Құрайыштардың пұтқа табынушылары Құранға таңғалғандары сонша өздері Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  Құран оқуына кедергі келтіріп жүрсе де,  түнделетіп жасырын түрде өздері тыңдайтын болған.

Күндердің күнінде Әбу Суфьян, Әбу Жәһил мен Ахнас ибн Ширайк бір-бірінен жасырынып, түнде Алла Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз үйінде намаз оқығанда Құран тыңдау үшін өз үйлерінен шығады. Олар таң атқанша әр жерде жасырынып тұрып, тәнті болған түрде Құран тыңдайтын. Таңертең ертелеп үйлеріне қайтып келе жатқанда кездейсоқ кездесіп қалып, жағдайдың мәнісін түсініп, бір-бірлерін айыптай жөнеледі. Олар ендігәрі бұл қайталанбайды деп бір-біріне сөз береді, өйткені мұны ел біліп қойса, оларда күмән пайда болары сөзсіз еді. Алайда келесі түні сөзінде тұра алмаған әлгі адамдар түнделетіп қайтадан Құран тыңдауға барады. Осылайша, үш түн өтеді де таңертеңінде қайтадан кездесіп қалады. Бұл жолы әрбірі мұндай қайталанбайды деп ант етеді.

Нәпсі мен шайтанның тұтқынында болып, бірбеткейлік танытпағандар Құраннан өмірді көретін. Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мединеге көшпес бұрын жергілікті тұрғындарды Құран мен Исламды үйрет деп Мусғаба ибн Ғумейрді тағайындайды. Ол Мекке мұсылмандарын Исламға үйреткен, сондай-ақ Медине тұрғындарын да Исламды қабылдауға шақырған. Бүр күні ол Асад ибн Зурарамен бірге оның туыстарының бағына барады. Мұны білген Сағд ибн Муаз Усейд ибн Худейрге былай айтады: «Сен жақсы адамсың. Біздің жерімізге келіп, әлсіз адамдарды алдап, олардың сенімін бұзып жүрген анау адамға бар. Оларға біздің жерімізге келуге тыйым сал әрі ескерт. Егер Асад ибн Зурар менің туысым болмағанда, мұны өзім жасар едім».

Найзасын қолына алып Усейд мұсылмандардың жиналған жеріне барады. Оны көріп қалған Асад Мусғаб ибн Ғумейрге ол туралы айтып береді. Усейд келе сала, мұсылмандарға зеки жөнеледі:  «Мұнда неге келдіңдер? Әлсіздердің сенімін бұзайын деп жүрсіңдер ме?!», - деп Асадқа бұрылып: «Мына бөтен елдің адамын халықтың сенімін бұзып, өз дініне шақырсын деп алып келдің бе? Бұдан былай сенің мұндай қылығыңды көрмейтін болайық! Егер өздеріңе өмір қымбат болса, бұл жерден кетіңдер!», - деп ашуланады. Мусғаб ибн Ғумейр байсалды дауыспен: «Біраз отырып мені тыңдасаң етті? Егер саған ұнаса – дінді қабылдайсың, әйтпесе мен сенің қалауыңды орындаймын», - деп жауап береді. Усейд найзасын жерге қойып, отыра кетеді. Қысқаша сұхбаттасудан кейін Мусғаб оған Құран оқиды. Масаттанған Усейд: «Неткен керемет ұлы сөздер! Бұл дінді қабылдарда сендер не істейіңдер!?» - деп сұрап, артынша Исламды қабылдап: «Егер Сағд ибн Муаз Исламды қабылдаса, тайпасындағылар оны ренжітпей бәрі де Исламды қабылдар еді. Қазір мен оны сендерге жіберемін», - деп кетіп қалады. Сағд ибн Муазға келіп Усейд істің мән-жайын айтып береді: «Мен әлгі екі адаммен сөйлестіп. Алламен ант етемін олардың сөздерінен еш жамандық көрмедім. Дегенмен, мен оларға кетіңдер деп айттым. Олар келісті. Алайда, менің білуімше, Харистің ұлдары саған берген уәделерін бұзып, Асад ибн Зурарды өлтірмекші». Өз жауларының есімдерін естіген Сағд ашуланып, қолына найзасын ұстап, мұсылмандардың қасына барады. Оларға ұрсып алып, Асадқа: «Уа, менің әкемнің апайының ұлы! Алламен ант етемін, егер сен маған туыс болмағанда, сен мына кісіні менен құтқара алмас едің!» - дейді. Мусғаб оған да отырып тыңдауын өтінеді. Сағд келісіп, Мусғаб оған Құран оқып береді. Тыңдап болған Сағд: «Осы күнге дейін тыңдамаған нәрсені тыңдадым», - деп Құранға тәнті болып, Исламды қабылдаған екен.

Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына Құран қатты әсер еткен. Олар намазда да, намаздан басқа уақыттарда да үнемі Құран оқитын. Жұмыстан шаршағандарына қарамастан түнгі ұйқыларын қалдырып, Құран оқитын. Түнгі уақыттарда араның ызыңдағаны сияқты олардың үйлерінен оқылған Құранның үні естіліп тұратын. Құранды жаттауды олар өз араларында артықшылық өлшемі ретінде қабылдайтын. Әйелдері оларға дауыс көтермей, керісінше, махр ретінде күйеулерінің оларды Құранды үйретулерін сұрайтын. Сахабалар Құранды жай ғана оқып қоймай, олар оның іліміне сәйкес әрекет етіп, ешқашан оған қайшы келетін амалдар жасамаған. Құранмен олар жүректерін тазалайтын. Расында, Құран оларды түбегейлі өзгертіп, осылайша, Құранның жаңа ұрпағы құрылған. Бұл ұрпақтың діни-сенімі дұрыс, жан-тәнімен құлшылық ететін, өмір сүру салты мен адамгершілігі лайықты түрде болған. Құран жолында, оны қорғау мен оған үндеуде барынша күш-жігерін жұмсап, мал-мүлкін сарп етіп, тіпті өмірлерін қиюға дейін барған. Бір жағынан, отбасын ризықпен қамтамасыз етсе, екінші жағынан, Құранды жаттап, оның мағынасын жете түсініп, дінге үндеу тастаумен әрі жихадпен айналысқан.

Сауатсыз, ішімдіктен көз ашпайтын, құмарлық ойындарын ойнап, зина жасаған, қатыгез болып, көп зұлымдық жасаған халық барлық зұлымдық атаулыдан тазарып, қысқа уақыттың арасында ғылым мен адамгершіліктің ең жоғарғы сатысына қол жеткізеді. Алайда олар мұнымен тоқтап қалмай, он жылдық кезеңде қаланы жаулап алады. Содан кейін олар Сауд түбегін толықтай билейтін болған. Сондай-ақ, олар асыл дінді жан келісімі бойынша қабылдатып отырған. Алла Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүние салған соң олар мықты державаларды жеңіп отырған. Сол заманның үлкен бөлігін жаулау арқылы, Исламды адамзат баласына жеткізген.

 asyldin.kz



ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: