Әбу Ханифа және бадам қосылған халуа

Әбу Ханифа және бадам қосылған халуа

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Дана Әбу Ханифадан құқықты үйренген Әбу Юсуф өте кедей отбасынан болған, көп уақытын өз ұстазымен өткізген ол отбасының күнкөрісіне көмек көрсете алмаған.

Күндердің күнінде әкесі оны медреседен алып, базарға жұмыс істетіп қояды. Таңертең шәкіртін таппаған Әбу Ханифа оның үйіне келіп, Әбу Юсуфтың әкесімен сөйлесіп, оны қайтадан оқуға жіберуін өтінеді әрі оның базардан жұмыс істеп табатын ақшасын төлеп тұратындығын да айтады.

Әбу Ханифа шәкіртінің әкесіне: «Мен оны патша дастарханында отырып бадам қосылған халуа мен пісте жейтіндей етіп оқытамын», - дейді. Содан кейін Әбу Ханифа жігіттің қолына 100 дирхем салынған қапшық ұстатып: «Ақшаң біткенде маған айт, мен саған тағы да беремін тек оқуыңды тастама» - деп айтады. Алайда Әбу Юсуф бір рет те ақша сұрамаған, шәкіртінің ақшасы таусылмай тұрып, Әбу Ханифа өзі беріп тұрған екен.

Әбу Юсуфтың айтуынша, ол Харун Ар-Рашидке қызмет етіп жүргенде, бір күні дастарханға бадам қосылған халуа мен пісте беріледі. «Сол тәттілерден дәм татқанда, мен Әбу Ханифаны есіме алдым, көзіме жас үйірілді. Харун Ар-Рашид не болғанын сұрады, мен қалай Әбу Ханифаның шәкірті болған оқиғамды айтып бердім, оның бадам қосылған халуасы туралы уәдесі есіме түсіп, көзіме жас алдым», - деген екен Әбу Юсуф.

***

Әбу Ханифаның көршісінің тауысын біреу ұрлап алып, ол  имамнан көмек сұрай келеді. Әбу Ханифа көршісіне бұл туралы ешкімге айтпауына кеңес беріп, өзі мешітке кетеді. Мешітке көп адам жиналған кезде ғалым: «Әй, тауысты ұрлаушы! Басыңдағы қауырсынмен мешітке келуге қалай ұялмадың?!» - деп айтып аузын жимай жатып-ақ, жиналған адамдардың арасындағы біреу басын сипалай жөнеледі. Осылайша, ұрлықшы өзін ұстап берген, ал Әбу Ханифаның көршісі тауысын қайтарып алған екен.

***

Әбу Ханифаның ерекше жағдайларға арналған құны мың жарым дирхем тұратын қымбат бағалы киімі болған.  Ел ұйқыға кеткенде, ол әлгі киімін киіп, хош иіс себініп, намаз оқитын.

***

Кади `Ийад «Тартиб әл-Мадарик» кітабында келесіні келтірген: «Әл-Лайс Мәликке: «Терлеп кетіпсің ғой», - дегенде, Мәлик: «Уа, мысырлық, мен Әбу Ханифамен кездестім, сондықтан да терлеп кеттім. Расында, ол факих (ислам құқығының білгірі)», - деген екен.

("Такдимат Насб Ар-Райа», 37 б.)

Әз-Захаби: «Фикх негізі мен оның бүге-шүгесі имам Әбу Ханифаға тиесілі. Бұл тұжырымдама дәлел қажет етпейді, өйткені тайға таңба басқандай анық дүние. Ол, оған Алла разы болсын, дін жолында шәхид-азап шегуші болып өлді», - деп айтқан. Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Юсуф былай айтқан: «Ата-анама дұға жасамай тұрып, алдымен Әбу Ханифа үшін дұға жасаймын».

***

Фикх негізін қалаған  (еккен) белгілі сахаба Абдулла ибн Масғуд. Оны суарған Алкама, орып алған Ибрахим Ан-Нахаи, ұнтақтаған Хаммад, одан ұн жасаған Әбу Ханифа, қамыр илеген Әбу Юсуф, нан етіп пісірген Мұхаммед ибн Хасан Аш-Шайбани, ал басқа адамдар осы нанды жеуде.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: