Жарқындық — кез-келген адам бірден түсінетін дененің ортақ тілі. Алла Елшісі (ﷺ) ерекшеліктерінің бірі – оның жарқындығы мен араласудағы жағымдылығы. «Жылы сөз — садақа», - дейтін Алла Елшісі (ﷺ). Ол үнемі жылы да жақсы сөздерді айтатын, адамның абыройын қорлайтын және қажетсіз сөздерден бойын аулақ ұстайтын.
Адамдарға қатысты Алла Елшісі (ﷺ) сабырлық пен аяушылық танытатын. Пайғамбарлық қызметте сабырлық маңызды қағида болып табылады. Бұл қағиданың негізінде мына сөздер жатыр: «Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, қуантыңдар да қорқытпаңдар». Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) сабырлық адамды Жұмаққа кіргізетін құрал болып табылады деген. Тақуалардың анасы Айша (ол кісіге Алла разы болсын) Пайғамбарымыз (ﷺ) туралы былай айтқан: «Алла Елшісіне (ﷺ) екі нәрсенің бірін таңдауға мүмкіндік бергенде, ол күнәлі емес болып келетін ең қарапайым нәрсені таңдайтын…»
Алла Елшісі (ﷺ) адамдардың мінез-құлықтары дұрыс болмағанда, қателіктерін ешкімнің жанын ауыртпай-ақ түзеп отыратын. Мінезі қатал адамдарға да сабырмен, түсіністікпен қарайтын. Оның жүзінен күлімсіреу бір кетпейтін. Тіпті қиын сәттердің өзінде өз қайғысын көрсетпейтін, маңындағыларды жабырқататын әрекеттер жасамайтын. Дегенмен, өмір бойы қиыншылық пен шабуылдарды басынан өткізген. Бұдан бөлек, бауыр еті жан балаларынан да ерте айырылған. Қиын кездері Алла Елшісі (ﷺ) сабырлық танытып, былай айтатын: «Қашан оларға бip қайғы жетсе: «Олар шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әpi Оған қайтушымыз» деді» (2:156). Оның күллі өмірі тұнып тұрған сабырлық болатын.
Пайғамбарлықтың оныншы жылы Алла Елшісі (ﷺ) ағасы Әбу Тәліп пен қымбатты әйелінен айырылады, ал пұтқа табынушылар осы жағдайды пайдаланып, одан бетер өз өшпенділіктерін арттырады. Сол себепті Пайғамбарымыз (ﷺ) Таифке кетуге бел буады. Алайда Таиф тұрғындары Алла Елшісін (ﷺ) қатты азапқа салады. Сахабалардың бір тобы келіп, Пайғамбарымызға (ﷺ) мүшріктерге лағынет айтуын өтінеді, бірақ Алла Елшісі (ﷺ) Алладан өзіне жәбір көрсеткендерге хақ жолды көрсетуін сұрайды. Басына түскен көптеген ауыртпашылықтарға сабырлық танытып, шыдамды түрде қарсы тұра білген. Жақсылық пен жамандықтың Алладан екеніне сенетін Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Мен мүміннің жағдайына таңғаламын, оған бәрі қайырлы. Басқалардың жағдайы мүміннің жағдайындай болып табылмайды. Егер ол қуанышқа кенелсе – ол разы, өйткені бұл оған қайырлы. Егер оның басына қайғы түссе – ол сабырлық танытады, өйткені бұл да оған қайырлы».
Алла Елшісі (ﷺ) сабырлық мәселесінде көптеген сынақтарды басынан өткерген әрі мүміндерге де осы жөнінде ескерткен болатын. Өйткені Алла Елшісі (ﷺ) хадистерінің бірінде қайғы мен сынақтардың басым көпшілігі пайғамбарлардың, сосын әулиелердің, содан кейін дәрежелеріне сәйкес басқа мүміндердің басына түсетінін ескертіп кеткен. Қасиетті Құранда Алла Тағала Пайғамбарын (ﷺ) жиі осы мәселе туралы ескерткен, яғни, оның сабырлық танытуын, өйткені сабырдың түбінде қайыр бар екендігін айтқан: «…Онда сабыр ет. Расында соңғы табыс тақуалар үшін» (11:49). Қиыншылықтарға қарамастан Алла Елшісі (ﷺ) ешқашан торықпайтын, үнемі Аллаға тәуекел ететін. Өйткені тек Алла Тағаланың орнатқан заңдарына ғана бағынатын. Мүмін осы заңдарды сақтауы керек.
Алла Елшісі (ﷺ) Алланың оған нәсіп еткен нығметтеріне разылығын білдіре отырып, үнемі Одан «игі жүрек пен Алланы еске алатын тіл» сұрайтын. Алла Тағала Құранда былай бұйырған: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты» (14:7). Алла Тағаланың бұйырғандарына бойсұнған Пайғамбарымыз (ﷺ) өз үмбетінің тамаша үлгісі. Алла Елшісі (ﷺ) өмірге оптимистік көңіл-күймен қараған және маңайындағыларға да солай қарауды ұсынған. Тіпті ең қиын сәттерде де ол өз қайғысын көрсетпейтін. Қайғылы оқиғалар оның әлеміне қара бұлтты үйірмеген, керісінше, ол үнемі шыдамдылық танытатын. Қоршаған ортаға деген оң көзқарас оның маңызды ерекшеліктерінің бірі болатын.
asyldin.kz