Бір күні тақуа адамға бір адам келіп тақуалықтың не екенін сұрайды. Жауап берудің орнына тақуа тікенектер өсіп тұрған жолды көрсетуді өтінеді.
- Мына жолдан сен қалай өтер едің? – деп сұрайды тақуа әлгі адамнан.
- Мен тікенектерді айналып өтер едім, - деп жауап береді. Сонда тақуа: «Тікенектер – күнәлар, ал оларды айналып өту шешімі – бұл тақуалық», - дейді.
Тікенектер мен күнәлар бідей әсер етеді – екеуі де жарақаттайды, тырнайды, адам қарағысыз етеді. Танымал мұсылман ғалымдарының бірі әділетті түрде күнәларды жарақатқа теңеген әрі жарақаттың көптігі өлімге әкеліп соғады деген. Адам жүрегіндегі күнәнің қалай дамуын білу – қорғану тәсілдерінің бірі болып табылады.
Ойдың пайда болуы
Әрбір іс сол іс туралы ойдан басталады. Ақирет өмір туралы ойлар игі амалдың, ал фәни дүние туралы ойлар жаман амалдардың бастауы болып табылады. Өйткені Алла Елшісінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын), анықтап кеткеніндей бұл дүниелік нәрселер барлық қателіктердің, сондай-ақ, барлық күнәлардың және бақытсыздықтардың басы. Мүмкін сол себепті де Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын), басымызды бұл дүниелік оймен толтыруға тыйым салған болар? Сол себепті де осынау «залалсыз» ойлардан зұлым істер басталады емес пе? Ой бір пайда болып, қайтадан ғайып болуы мүмкін. Кейбір кезде келесі жағдай орын алып жатады…
«Сыбайластарды іздеу»
Бұл кезеңде күнәлі ой өзіне ұқсас ой мен жағдайды іздеп, онымен «бірігу» үшін ақырындап жүрекке «ыңғайлана» түседі. Жүрек оның сұранысына «жауап бере ме, жоқ па» ол адамның әдетіне, тәжірибесіне, сондай-ақ, сеніміне байланысты. Осыған дейін адам тыйым салудың даналығы туралы, күнәнің салдары жөнінде ойланып, Алла Тағаланың тыйым салғанынан тыйылудан қуанышқа кенеліп жүрсе, онда күнәлі ой өзіне «сыбайластарды» таба алмай, жүректі жайына қалдырады. Олай болмаған жағдайда… келесі кезеңге өтеміз.
«Келіссөздер»
Егер адам күнәлі идеяның басып кіруіне сенімді түрде «жоқ» деп айтпаса, онда ол адамның күмәнімен бірігіп, жанның басқа бөлігімен келіссөздер жүргізе бастайды. Мысалы, бір жиында адамға шарап ішуді ұсынады. Егер адам кез-келген мас ететін нәрсенің аз-көп мөлшерде де харам екенін нақты білсе, сөзсіз, ол бұл ұсыныстан бірден бас тартады. Ал егер адам сенімді болмаса, онда оны мынадай ойлар жаулап алады: «шарап денсаулыққа пайдалы», «тек бір жұтым ғана», «тек бір рет», «бірден тәубеме келемін», «бас тартқан ыңғайсыз» және т.б. Ішу деген күнәлі ой оның күмәндарымен «бірігіп», орынды дәлелдерін «дауласып жеңуге» тырысады.
«Шартқа отыру»
Бұл кезеңде «зұлымдық пен жақсылық» тең күреске түседі. Күмәндардан біршама әлсіреген жақсылық күнәлі идеямен шайқасады. Адам «құптаймын» немесе «қарсымын» дәлелдерін салмақтайды, екі жақ та өз дәлелдерін келтіреді, ақыр соңында, соңғы шешім қабылданады: күнәдан бас тарту немесе күнәмен келісу. Бұл кезеңдегі бірталай ойлар күнәдан қуат алатын болады. Мысалы, күмәнді ойлар, Жаратушыға, тағдырына қатысты разы болмаушылық, аға-апайлары туралы жаман ойда болуы және т.б. Алла Тағал Қасиетті Құранда былай айтқан: «Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді» (49:12). Егер адам бұл кезеңде жеңіліс тапса, онда соңғы кезеңге өтеді.
«Күнә жасау»
Бұл жерде тікелей «шарттың іске асуы» орын алады, яғни, алдыңғы кезеңдерден өткен адам, іштей күнәмен келісіп, күнә жасауға кіріседі. Мұсылман ғалымдарының бірі бұл үрдісті қысқаша былай баяндап берген: «Басыңа келген сұрқия ойды бірден қуып жібер, әйтпесе, ол құштарлыққа айналады. Онымен күрес, күреспесең ол батылдылық пен нық ниетке айналады, оларға қарсы шықпасаң, олар әрекетке айналады. Егер сен оған қарсы шықпасаң, ол әдетке айналады да саған одан құтылу ауырға түседі».
Адам күнәні жиі қайталаған сайын, ол жоғарыда аталып өткен барлық кезеңдерден өтеді. Өз пайымдауының бірізділігін көрмейді. Алайда кез-келген кезеңде күнәдан бас тартуға болады, бірақ адам күнәдан бас тартуын ұзаққа созған сайын, ол қарсы тұру күш-қуатынан айырылады. Күнәлі істен бас тарту ойы кеш келсе, оны жасау үшін адамға көп жігер керек болады. Қасиетті Құранның мына бір аятында айтылғандай: «Зинаға жоламаңдар. Өйткені, Ол анық арсыздық және жаман жол» (17:32).
Әрбір пенденің жүрегінде кейде күнәлардың тікенектері өсіп шығады, бірақ мұның бір сәттік үрдіс екенін білу маңызды. Күнәнің өсіп-жетілуі біртіндеп болатын нәрсе. Ол алдымен адаммен осы жүректе өсіп-өну үшін саудаласқандай болады, бірақ өз жанының «бағбаны» ретінде адам бұл тікенектермен қалағанын істеуге ерікті – оларды жұлып тастауға, айналып өтуге немесе бір күндік әдемі гүлдер үшін жарақат алуына да болады.
asyldin.kz