АллаТағала Қасиетті Құранда былай айтқан:
«(Мұхаммед Ғ.С.) ойла! Бір заманда олар сені қамауға не сені өлтіруге немесе шығаруға шара қолдануда еді. Олар шара қолданғанда, Алла шараларын бұзар еді. Алла шара көрушілердің ең жақсысы» (8:30).
Көптеген муфассирлер мынадай бір оқиғаны келтіреді.
- Меккеде "Дарун-Надуа" деп аталатын бір үй болған. Күндердің күнінде сол үйге Мұхаммед Пайғамбарымызды (ﷺ) қолға түсіріп, өлтіруді талқылау үшін төрт мүшірік келеді. Солардың ішіне Ібіліс те қыстырылып кіріп алады. Әбу Жәһил оның кетуін бұйырады, бірақ Ібіліс:
- Мен мұнда Нәжид елінен келдім. Мен ұзақ өмір сүріп келемін әрі бәрін алдын-ала біліп отырамын. Осында қалып, сендерге ақыл қосқым келеді, - дейді.
Әбу Жәһил мен оның жолдастары:
- Жарайды, Нәжидтен келсең бізбен қалуыңа болады.
Бірінші болып сөзді Утба алады:
- Оның өлімі біздің өмірімізді жеңілдетеді. Мұхаммед (ﷺ) өлсе, біз оның зұлымдығынан құтыламыз әрі ол бізге зиянын тигізе алмайтын болады.
Әңгімеге Ібіліс араласады:
- Бұл дұрыс шешім емес, - дейді ол.
Келесі болып Шейба сөйлейді:
- Оны зынданға тастауды ұсынамын, сонда жатып аштан қатып өлсін.
- Бұл да дұрыс емес, - дейді Ібіліс.
Содан кейін сөз алған Ас бин Уаил:
- Мұхаммедті (ﷺ) түйеге байлап, шөл далаға тастап кетейік. Сол жерде өлсін.
- Бұл да жарамайды, - дейді Ібіліс.
Содан кейін Әбу Жәһил:
- Әр тайпаның мықты деген жігіттерін жинап алып, бір түні Мұхаммедке (ﷺ) шабуыл жасаймыз. Бәріміз бірге оны қылышпен ұрып өлтіреміз, сонда тіпті оны дәл кімнің өлтіргені де мәлім болмайды. Егер оның туғандары құнын төлеуді талап етсе, бәріміз ақшасын жинап бере саламыз. Міне, осылай, біз оның зұлымдығынан құтыламыз.
- Табылған ақыл, - деп мақұлдайды Ібіліс.
Бәрі Пайғамбарымызды (ﷺ) өлтіруге бірауыздан келіседі де өз үйлеріне тарап кетеді.
Сол сәтте Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) келіп былай айтады:
- Уа, Мұхаммед! Алла Тағала Меккені тастап, Мединеге көшуіңді бұйырады. Менің тағы да бір құпия ісім бар. Осы түні өз төсегіңде жатқаныңмен, бірақ ұйықтамайсың, Алла солай бұйырады.
Түн болғанда Пайғамбарымыз (ﷺ) ақылдасу үшін сахабаларын жинап алады.
- Кім менімен Мединеге көшеді? - деп сұрайды ол.
Сонда Әбу Бәкір әс-Сыддық (ол кісіге Алла разы болсын):
- Уа, Алла Елшісі! Сен қайда барсаң, мен де сонда барамын, - дейді.
Содан кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларына бір қарап алып, былай айтады:
- Кімде-кім бүгінгі түні менің төсегіме жатса, соның Жұмаққа кіретініне мен кепілдік беремін.
Хазірет Әли (ол кісіге Алла разы болсын):
- Сенің жолыңда мен жанымды қиюға дайынмын. Осы түні сенің төсегіңе мен жатайын, - деп айтады.
Осы түні иман келтірмеген мүшіріктер Пайғамбарымыздың (ﷺ) үйін қоршап алып, күтіп отырады. Олардың арасында Ібіліс те болады. Алла Тағала оларға бір тәтті ұйқы жібереді де бәрі тіпті Ібіліс те ұйықтап қалады. Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) Әбу Бәкірмен бірге үйден шығады да жерден бір уыс топырақ алып, олардың үстіне шашып жібереді де «Йасин» сүресін оқиды...
Жалғасы бар...
"Әнуарул ашиқын" кітабынан.