Алла Тағала Ибраһимге (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) өткен уақыт баяндалған, сондай-ақ, уағыздар мен өсиеттер жазылған он сухуф түсірген. Сол өсиеттердің жиырма бесін төменде назарларыңызға ұсынып отырмыз:
Алла Тағала былай айтқан:
1. Уа, Адамның баласы, асықпа, өйткені әркімнің несібесі бөлініп қойылған. Кім көп нәрсені қаласа, сол көп нәрседен құр қалады. Кім сараң болса, сол қорланатын болады. Қызғаншақ қайғыратын болады. Бұл дүние мәңгілік емес. Сендерді жаратып, өмір берген Алла Тағала сендерге несібе мен ризықты да береді.
2. Уа, Адамның балалары! Сендер әр күн жасайтын құлшылыққа Мен разымын. Сендер де әр күні Мен беретін нығметтерге разы болыңдар.
3. Уа, Адамның баласы! Бүгін мүмкіндік барда қолыңда барыңды Алла үшін жұмса. Ертең ол сенің серігің болады.
4. Уа, Адамның баласы! Сені Өз мейіріміне бөлейтінге шүкір айт. Білетіндеріңе қатысты жақсылық жаса. Саған разы болмаған, сол Аллаға разы емес.
5. Уа, Адамның баласы! Өмір бойы сен бұл дүние нығметін іздеумен жүрсің. Ал ақирет нығметін қашан сұрайсың?
6. Уа, Адамның баласы! Сендерге көз сыйлай отырып, тыйым салынған нәрсені көргенде бірден көздеріңді жұмсын деп Мен қабақты да жараттым. Ауыз бен тілді сыйлап, әдепсіз сөзді айтқың келгенде бірден аузыңды жаба қою үшін ерінді жараттым.
7. Уа, Адамның баласы! Ақирет үшін аз нәрсе жасап, бұл дүние үшін тырысатындардан болма. Сондай-ақ, сөздерің абидтің (ынталы құлшылық етуші) сөзіндей болып, ал істерің екіжүзділердің ісіндей болатындардан болма. Сауап алмай тұрып, наразылық танытпа, қалағаның берілмесе, сабырсыздық танытпа. Егер осылардың біреуінен болсаң, басқаларға өнегелі мысал болуың үшін Мен сені жазалаймын.
8. Уа, Адамның баласы! Сенімен дос болғысы келетін адам, өзі үшін жасайды. Ұлылығыммен ант етемін, сен үшін болған достықты қабылдаймын. Абайла, өзіңді Менен аулақ ұстама.
9. Уа, Адамның баласы! Үнемі өзіңнің кемшіліктеріңді көре жүріп, оларды басқалардан іздеме. Егер солай жасасаң, ұятсыз әрі әділетсіз боласың.
10. Уа, Адамның баласы! "Лә иләһа илләллаһ" деп айтатын әрбір адам Жұмаққа кіре алмайды. Бұл сөзбен қатар көп нәрсе жасау керек. Мысалы, Менің алдымда бой ұсынғыш болуы, Мені есінде сақтаумен өмірін өткізуі. Жанын тыйым салынған әрі арам болып табылатын нәрселерден сақтауы керек. Менің разылығым үшін, қасынан ғаріптер мен жарымжандарға орын берсін, кедейлерге жомарт болсын, жетімдерді аяп, оларға қамқор болсын.
11. Уа, Адамның баласы! Жүрегің сыздаса немесе мүлкіңнің азайғанын байқасаң, немесе денеңде бір дерт пайда болса, онда мұның бәрі сенің айтқан бос, мәнсіз сөздеріңнің нәтижесі екендігін біл.
12. Уа, Адамның баласы! Егер Жұмаққа кіргің келсе, онда Алла да мойынсұнғыштарды көргісі келеді. Алланың қалағанындай амал ет, сонда Алла Тағала да сенің барғың келген Жұмағыңа кіргізеді. Сен Тозақтан қорқасын, Алла да күнәларды жақсы көрмейді. Алла сүймейтін нәрселерден өзіңді қорға, сонда Алла сен үнемі үрейленетін нәрседен саған пана болады.
13. Уа, Адамның баласы! Күмәнді нәрселерден бойыңды аулақ ұста, сонда Мені танып-білесің. Аштықты өзіңе әдет ет, сонда сен Мені көресің. Құлшылық жасаумен өзіңді ұмыт, сонда сен Маған қайта қауышасың.
14. Уа, Адамның баласы! Егер сен бұл дүние үшін төккен теріңді ақирет үшін төккеніңде есепсіз Жұмаққа кірер едің. Азға қанағат қылғанда, ең бай болар едің. Егер тыйым салғаннан аулақ болғанда, иманыңды тазартар едің. Егер өтірік айтқаныңды қойғанда, шыншылдардың бірі болар едің.
15. Уа, Адамның баласы! Мұқтаждарға қолында барыңды беруді аямасаң, сонда Мен сенің өміріңді арманыңдағыдай етемін. Сенің меймандарыңа тамақ бергенімдей, сен де Менің мейманыма тамақ бер. Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Сенің мейманың кім?» - деп сұрағанда Алла Тағала: «Сендердің есіктеріңді қағатын әрбір бейшара мен жат елдік адам — менің қонақтарым», - деп жауап береді.
16. Уа, Адамның баласы! Сендердің бәрің де күнә жасаушылар болып табыласыңдар, ал Мен күнәларды жарылқаушымын. Жасаған күнәларыңа өкінгендеріңді көрсетіп, тәубеге келіңдер. Жасаған күнәларыңның ауырлығына қарамастан, Мен сендерді кешіремін әрі рақымшылық етемін.
17. Уа, Адамның баласы! Бейнет шегіп жүргенде Мені есіңе ал, Мен қаһарыма мінгенде сені есіме алып, саған азап жібрмес үшін.
18. Уа, Адамның баласы! Егер сендер Менің берген аз нығметіме разы болсаңдар, Мен де сендердің жасаған аз құлшылықтарыңа разы боламын.
19. Уа, Адамның баласы! Үш нәрсе бар, соның біреуі Маған тиесілі, екіншісі — саған, ал үшіншісі — екеуміздің арамызда болады. Рух - Маған тиесілі, ал тән - саған. Ал екеуміздің арамыздағы нәрсе — сенің дұғаң мен сенің тілектеріңді Менің орындауым. Мұқият бол — тыйым салынған тамақпен екеуміздің арамызға бөгет тудырма.
20. Уа, Адамның баласы! Бұл дүниеге қаншалықты байлаулы болсаң, соншалықты сенің Маған деген сүйіспеншілігің әлсірейді. Бұл дүние қуанышына қаншалықты жармассаң, соншалықты сенің иманың қараяды. Уа, Адамның баласы! Мен сені осы дүние байлығын жинау үшін жаратқан жоқпын. Мен сені Маған құлшылық етсін деп жараттым. Бейкүнә жандардың лағынетін арқалап Менің мекеніме келуші болма, өйткені Мен олардың дұғасын міндетті түрде қабыл етемін.
21. Уа, Адамның баласы! Мен сендерге ризық пен жаңа нығметтер жібермейтін бір күн де болмайды. Соған жауап ретінде сен періште арқылы Маған күнә жібересің. Менің тамағымды ішіп-жеп, Маған бойұсынбаушылық танытасың. Сосын сен дұға жасайсың, Мен оны қабыл етіп, тілегіңді орындаймын. Мен сені Жұмаққа шақырамын, бірақ сен Мені естімейсің. Сенің Маған деген қарым-қатынасың ешбір абырой мен ар-ұжданға сай келмейді.
22. Уа, Адамның баласы! Маған жақындау үшін, қосымша (нәпіл) құлшылықтар жаса. Мешіттер тұрғыз, сонда Менің рақымыма қол жеткізесің. Ғалымдарға жақын бол, сонда Менің разылығыма кенелесің. Күнәдан толықтай бас тарт, сонда періштелер сені қолдап жүретін болады. Ғайбаттан бойыңды аулақ сал, сонда Жұмақ сені жақсы көретін болады. Бесін және екінті намаздарынан кейін Мені бір сағат есіңе ал. Осы екі уақыт аралығы саған жеткілікті болады.
23. Уа, Адамның баласы! Дұха намазын оқуды елеусіз қалдырма, өйткені Мен оны қабылдауымды қоймаймын. Қанша күнә жасасаң да Маған үміт етуіңді қойма. Менің мейірімім бәрінен жоғары. Уа, Адамның баласы! Сен сұрамасаң да Мен саған иман бердім. Сенің барлық тілектерің мен құлшылықтарыңа қарамастан Мен саған Жұмақты сыйламайды деп ойлайсың ба? Сөзсіз, сыйлаймын.
24. Уа, Адамның баласы! Егер біреу сені жақсы көрмесе, сен оны жақсы көр. Егер біреу саған қол ұшын беруден бас тартса, сен оған көмектес. Кім сенімен сөйлескісі келмесе, сен онымен сөйлес, сені сатып кеткенге жақсылық жаса. Саған жәбір көрсеткен адамды — сен кешір. Зұлымдыққа жақсылықпен жауап бер. Егер солай жасасаң, сен бірінші болып Жұмаққа кіретіндерден боласың әрі Менің мейіріміме бөленесің. Ендеше, Мен саған тек пайғамбарлар ғана лайық болған сауапты беремін.
25. Соңғы сапарың үшін азығыңды дайында, өйткені ұзақ жолды жүріп өтуіңе тура келеді. Ол жолда көп азаптанбау үшін, күнә жүгінен арыл. Сенімді қайық дайында, терең теңізден жүзіп өтуіңе тура келеді. Сенің істерің игі, ал ниетің адал болсын, өйткені Жаратушы бәрін біледі әрі көреді.
Ибрахим пайғамбарға (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) түскен сухуфтағы соңғы өсиет осындай болған. Бір күні ол Алла Тағалаға мынадай сұрақ қояды: «Йа, Раббым! Сенің сүйіспеншілігің үшін жылайтын адамды қандай сауап күтеді?»
Алла Тағала:
«Уа, Ибраһим! Мен оның барлық күнәсін кешіріп, оны Жұмаққа кіргіземін», - деп жауап береді.
«Йа, Раббым! Егер кімде-кім жетімдер мен жесірлерге қамқорлық танытса, олар қандай дәрежеге қол жеткізеді?» - деп сұрайды Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын).
«Қиямет күні Мен оны ұлы Аршы көлеңкесінде тұруға рұқсат етемін», - дейді Алла Тағала.
«Йа, Раббым, Саған сансыз шүкірлер!» - деген Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын).
"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан.