Факих (ол кісіге Алланың сәлемі болсын ) былай айтқан: «Мұсылман жұмсақ мінезді әрі сабырлы болуы керек, өйткені сабыр — тақуаларға тән қасиет».
Асылында, Алла Тағала Қасиетті Құранда мейірбан адамды мақтаған:
«Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы» (42:43).
Алла Тағала басқа аятта:
«Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді» (41:34).
Ақиқатында, Алла Тағала Өзінің досы Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) қамқорлығы туралы былай айтқан:
«Шынында Ыбырайым (Ғ.С.) анық жұмсақ, тым қамқор, бой ұсынушы» (11:75). Демек, ол күнәларды кешіреді, алдыңғы күнәларын есіне алады әрі Аллаға құлшылық етушіден болып табылады. Жұмсақ адам — күнәларды кешіретін адам. Мүниб — Алланың алдында тұрғандай Оған құлшылық етуші адам.
Расында, Алла Тағала Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сабырлы әрі кешірімді болуын бұйырған. Біздің сүйікті Пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін жіберілген пайғамбарлардың бәрі де сабырлық танытқан. Бұл жөнінде Алла Тағала Құранда былай айтқан :
«(Мұхаммед Ғ.С.) пайғамбарлардан майталмандар, сабыр еткендей сабыр ет. Олар үшін асықпа; олар өздеріне уәде етілгенді, көрген күні, дүниеде күндізден бір дем ғана тұрғандай білінеді. Бұл бір ұқтыру. Бұзақы ел ғана жоқ етіледі» (46:35).
Алла Тағаланың сөзін түсіндіре келе Хасан былай айтқан: «Егер надандар оларға әдепсіз сөздер айтса, олар жақсы сөздермен жауап берген. Тіпті надандық танытып жатса да, олар жұмсақ қалыптарын сақтаған».
Уахб бин Мунаббах (ол кісіге Алланың рақымы болсын) былай айтқан: «Бани Исраил халқында бір құл болған. Шайтан оны азғырып алғысы келгенмен, бірақ оған күші жетпей жүреді. Бір күні әлгі құл өз қажеттілігімен далаға шығады, азғыру үшін оңтайлы уақытты іздеп жүрген шайтан оған ере шығады. Шайтан оны ашуландырайын десе, онысынан түк шықпайды. Қорқытайын деп таудан үлкен тасты домалатып жібереді. Тас әлгі құлға жақындап қалғанда, ол Алланы есіне алады, сонда тас басқа жаққа домалап кетеді.
Тастан түк шығара алмаған шайтан әлгі құлға арыстан және басқа да жыртқыш аңдардың кейпінде келеді. Алланы есінен шығармауының арқасында құл ештемеден қорықпайды. Содан кейін шайтан жыланға айналып, намаз оқып жатқан құлдың екі аяғымен қосып басына дейін орап алады. Құл сәждеге баратын кезде, жылан оның басына оралып алады. Құл басын иейін дегенде, жылан оның басын жұтып алайын деп аузын ашады, бірақ құл намаз оқуын жалғастыра береді. Үмітсіз қалған шайтан, құлды жайына қалдырады.
Құл намазын оқып болғанда, шайтан оған келіп: «Мен саған әр жағыңнан келдім, бірақ саған менің күшім жетпеді. Шындығында, мен сенің досың болғым келеді. Осы күннен бастап сені азғырмайтын боламын», - дейді. Сонда оған құл: «Мені қорқытатын күнің бұл емес. Аллаға шүкір, мен сенен қорықпадым әрі сенің достығың маған қажет емес», - дегенде Ібіліс: «Сенен кейін туыстарыңа не болғанын білгің келмей ме?», - деп сұрайды. Оған құл: «Мен олардан бұрын өлемін», - деп жауап береді (яғни, өлімнен кейін Қиямет күні адам кімді жақсы көретінін білмейтін күйде болады). Ібіліс: «Адамның ұлдарын қалай азғыратынымды сұрамайсың ба?»
«Адамдарды қалай азғыратыныңды білгім келеді», - дейді құл, оған шайтан былай жауап береді: «Үш нәрсемен — сараңдық, қызғаныш және маскүнемдікпен. Егер адам сараңдық танытса, оның көзіне мүлігін азайтып көрсетемін де ол мүлікке қатысты өз міндеттерін орындаудан қалады әрі басқалардың мүлігін қалайтын болады. Егер адам қызғанса, біз оны балалар допты домалатқандай қасымызда домалатып жүреміз. Егер адам мас болса, қойды құлағынан сүйрегендей етіп, біз оны әрбір жамандыққа сүйреп жүріп ұрындыратын боламыз». Расында, шайтан ашулы адам шайтанның қолында баланың қолындағы доп сияқты болатындығын айтқан. Шайтанның тұтқыны болып, жақсылығынан айырылмас үшін адам сабырлы болуы керек.
"Танбихул ғафилин" кітабынан.