Ақиқатында, Ібілістің Мұса пайғамбарға (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) келіп, былай айтқандығы келтірілген: «Алла Тағала сені Өзінің Елшісі әрі сұхбаттасы етіп таңдады. Мен де бір Алланың жаратқанымын. Мен Аллаға тәубе етуге бел будым. Алладан менің тәубемнің қабыл болуын сұрашы». Мұса (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) қуанып кетіп, су алдыртып, дәрет алып, Алла қанша қаласа, сонша намаз оқып, былай дұға жасайды: «Жаратушы Жалғыз Алла, асылында, Ібіліс те Сенің жаратқандарыңның бірі, ол Сенен кешірім сұрауда, оның тәубесін қабыл ете гөр». Оған: «Уа, Мұса, расында, Ібіліс тәубеге келмейді», - деп айтылады.
Мұса (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Аллам менің, шындығында, ол Сенен кешірім сұрады», - дейді, сонда Алла Тағаладан мына уахи түседі: «Асылында, Мен оның тәубесін сен үшін қабыл етемін, тек сен оған Адам Атаның (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) қабіріне сәжде ет деп бұйыр». Мұса (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) қуанып, мұны Ібіліске жеткізеді. Бұл хабарды естіген Ібіліс ызаға булығып, тәкаппарланып, былай айтады: «Ол тірі болғанда мен оған сәжде етпедім, енді ол өлгенде оған сәжде етпекпін бе?» Сосын Ібіліс Мұсаға (ол кісіге Алланың сәлемі болсын):
«Уа, Мұса, ақиқатында, мен саған үш кеңес беремін, мені үш жағдайда есіңе ал: ашу кезінде мені есіңе ал, өйткені мен жүрек пен қантамырда жүремін. Шайқас кезінде мені есіңе ал, өйткені жаумен бетпе-бет келген адамға мен оның әйелін, туыстарын, балалары мен мал-мүлкін есіне түсіремін де өліп қалу қаупінен қорыққан ол қашып кетеді. Саған махрам болып табылатын қыз-келіншекпен сөйлесуден аулақ бол, өйткені мен оны саған, ал сені оған жақындатып қоямын».
Асылында, Лұқман Хакимнің былай айтқаны келтірілген: «Ұлым менің, үш адамды үш жағдайсыз танып-біле алмайсың: 1) ержүректі шайқассыз; 2) жомартты мұқтажсыз; 3) жұмсақты ашусыз».
Сондай-ақ, бір адманың бір табиғинді мақтағаны келтірілген. Сонда әлгі табиғин оны мақтағанға: «Уа, Алланың құлы, мақтама мені, мені ашу кезінде сынап көріп пе едің, мен жұмсақ болдым ба?», - деп сұрайды. Мақтаған адам: «Жоқ, сынамадым», - дегенде, табиғин: «Сапар кезінде мені сынап көрдің бе, менің мінезім жақсы болды ма?» «Жоқ, сынамадым», - деп жауап береді әлгі адам. Табиғин: «Мені сенімге сынап көрдің бе, мен сенің сеніміңді ақтадым ба?», - деп сұрағанда, ол: «Жоқ, сынамадым», - дейді. Сонда табиғин: «Осы үш нәрсемен сынап көрмей, ешкімді де мақтама», - деп айтады.
Әлгі табиғин тағы да былай айтқан: «Үш қасиет Жұмақ мекендеушілерінің қасиеттері болып табылады. Бұл қасиеттер тек инабатты адамдарда ғана кездеседі: оған жәбір көрсетушіні - кешіру; оның сұрағанын бермейтін адамға — беру; оған қатысты зұлымдық жасайтынға — жақсылық жасау».
Алла Тағала Құран Кәрімде былай айтқан:
«(Мұхаммед) кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ білместерден бет бұр» (7:199).
Бір риуаятта осы аят түсірілгенде Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жәбірейілден (оған Алланың сәлемі болсын) осы аяттың түсініктемесін сұрайды. «Мұны Білетіннен, яғни, Алладан сұрайын», - деп Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) кетіп қалып, қайта келгенде мынаны айтады: «Ақиқатында, Алла Тағала сенен іргесін аулақ салғанға — баруыңды бұйырды, егер оған баруға мүмкіндік болмаса, онда оған хат жазуыңды немесе сый тарту етуіңді бұйырды, сондай-ақ, Ол сенің сұрағаныңды беруден бас тартқанға — беруіңді әрі саған әділетсіз болғанды — кешіруіңді бұйырды».
"Танбихул ғафилин" кітабынан.