Асылында, бұл дүниеде Одан сұлу ешкім болмаған...

Асылында, бұл дүниеде Одан сұлу ешкім болмаған...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Күндердің күнінде сахабалар Пайғамбарымыздан (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай сұрайды: «Неге Алла Тағала Юсуф пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) тарихын «ең көркем оқиға» деп атаған?» Сонда біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп жауап берген: «Өйткені баяндаушы бандалушылардан ең көркем болып табылады әрі бұл жерде аса сұлу адам баяндалуда. Асылында, бұл дүниеде Юсуфтан (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) асқан сұлу адам болмаған».

Аса қадірлі Айша анамыз (ол кісіге Алла разы болсын) былай сұраған:  

- Уа, Алла Елшісі! Юсуф (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) сұлу ма әлде сіз сұлусыз ба?

- Юсуф (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) асқан сұлу болып жаратылған, ал мінез жағынан — мен сұлу болып жаратылдым, - деп жауап береді Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын).

Айша анамыз (ол кісіге Алла разы болсын) тағы да:

- Уа, Алла Елшісі! Бұл туралы халыққа айтпайсың ба? - деп сұрайды.

- Мен өзім айтпасам да мен туралы Алла Тағала айтып қойған, - деп келесі аятты айтады:

«Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (68:4).

Сол сәтте Жәбірейіл келіп, былай айтады:

- Уа, Алла Елшісі! Адамның белінде болған уақытта сенің нұрың мен Юсуфтың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) нұры жеребе тартқандығын халыққа айт. Сұлулық жеребесі Юсуфқа түсті де, ал саған мәртебе, кешірім, мейірбандылық, жоғары сан, момындық, ілім, мейірімділік, тұрақтылық, игі хабар, әділдік, араша түсу, үндеу, сабыр, ризашылық, шариғат, жазмыш, Қағба, әл-Харам мешіті, намаз, қажылық, Құран Кәрім, Бурак, Миғраж, Макам-Махмуд, Кәусар бұлақ және ұлы Алланың сәлемі түскен. Міне, осының бәрі сенікі, уа, Алла Елшісі!

Жәбірейіл бұл сөздерді өз атынан айтпаған. Мұны тек Алланың қалауымен ғана жеткізген.

Бір күні кішкентай Хасан мен Хусейін Әбу Жәһилдің ұлының безендірілген түйе үстінде жүргенін көріп, былай айтады:

- Уа, Алла Елшісі! Біздің мініп жүретін ештемеміз жоқ.

Оларға Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

- Қане, келіп менің үстіме мініңдер, - дейді.

Екі ұл жүгіріп келіп аталарының үстіне мініп алады да былай айтады:

- Оның түйесі оңға-солға теңселіп, "афв" деген.

Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты болсын) оңға теңселіп бір "афв" деп, сосын солға теңселіп әлгі сөзді екінші рет айтады. Тағы да "афв" деп айта бергенде, аяқ-астынан Жәбірейіл пайда бола кетеді де былай дейді:

- Уа, Алла Елшісі! Алла Тағала саған сәлем айтып, келесіні айтуымды бұйырды:

- Өз абыройыңды сиырып қойып, түйеге ұқсап бір рет "афв" (кешірім) дегеніңде, Мен сенің үмбетіңнің жартысын кешірдім. Сен екінші рет "афв" дегенде, Мен бәрін кешірдім. Егер сен үшінші мәрте осы сөзді айтқанда, Мен барлық иман келтірмегендерді де кешірер едім.

Бұл сөздерді естіген адамзаттың асылы Мұхаммед (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үндемей қалады да Алланы дәріптейді.

Күндердің күнінде хазірет Осман үйіне Пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және сахабаларды шақырады. Жол бойы Осман Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасаған қадамын санап келе жатады. Сонда Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

- Әй, Осман, нені санап келесің? - деп сұрайды.

Хазірет Осман:

- Сенің әрбір қадамың үшін бір құлды босатайын деп, сенің жасаған қадамыңды санап келемін, - деп жауап береді.

 Түскі қонағасыдан кейін адамдар үйлеріне тарайды. Хазірет Әли үйіне қамығып оралады. Оның қапалы түрін көрген тақуа Фатима:

- Уайымыңның себебі не, не үшін қамығып тұрсың? - деп сұрайды.

Сонда хазірет Әли:

- Егер біз бай болғанда, Осман сияқты біз де Пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйге шақырар едік, - деп жауап береді.

Фатима:

- Алла Елшісін (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біз де шақырайық үйімізге, - дейді.

- Не дайындамақсың? Біздің үйден не жейді?

- Ол Алланың Сүйіктісі ғой. Алла Тағала ауқатты Өзі береді.

Содан кейін хазірет Әли Пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтады:

- Уа, Алла Елшісі! Фатима Сізді үйге шақырып жатыр.

Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

- Ол тек мені шақырып жатыр ма әлде сахабаларды да ма? - деп сұрайды.

- Сахабалар да келсін, - дейді Әли.

- Йа, Раббым! Ақиқатында, Сенің Сүйіктің пақыр құлдың үйіне қонаққа келді. Сен оны ауқаттандырып, мейіріміңе бөлей гөр. Мен кедеймін, оларға тамақ беретін менің мүмкіндігім жоқ, - деп дұға жасап жатқан Фатиманың үйіне Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен сахабалар келеді.

Фатиманың бір көйлегі болатын, ол ошақтың үстінде ілініп тұрған. Алла Тағала ауқатты сол көйлектің ішіне салып қояды. Фатима сол көйлектегі тағамды Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) алдына қояды. Бәрі құшырлана ішіп-жеп алады. Содан кейін Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

- Бұл Жұмақтың тамағы еді, - деп айтады.

Фатима үйге кіріп, сәжде жасап, былай айтады: 

- Йа, Раббым! Бостандық беретін менің құлдарым жоқ, алайда Сен Өз рақымыңмен үмбеттің күнәһар адамдарын босатып, құтқара аласың.

Сол заматта пайда бола кеткен Жәбірейіл былай айтады:

- Уа, Алла Елшісі! Сенің қызың Фатима күнәһар үмбетің үшін дұға етті. Алла Тағала мынаны айт деп бұйырды: - Фатиманың үйіне дейінгі сенің әрбір қадамың үшін Мен Тозақ отының азабынан жүз мың еркек пен жүз мың әйелді босатып, құтқарамын.

"Ануарул ашиқын" кітабынан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: