Алла Тағала былай айтқан:
- Уа, Мұхаммед! Менің құлым бұл баянсыз дүниеден ажырамайынша, Маған жақын болмайды. Парыздарды орындау арқылы жақсы қызмет ететін болады. Егер кімде-кім "Лә иләһа илләлләһ" десе, онда бұл сөздер онымен қабірде, қабірден шыққан соң да бірге болады әрі олардың жүздері жарық болады. Бастарынан жердің шаңын қағып тастап "Лә иләһа илләлләһ Мұхаммадун Расулюллаһ уәл-Хамду лилләһи Раббилаләмин" (Алладан басқа құдай жоқ. Мұхаммед — Оның Елшісі. Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббы Аллаға тән) деп айтсын.
Абул-Лейстің тәпсірінде келесідей келтірілген:
- Күндердің күнінде біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбеті үшін уайымдағаннан көңілсіз болады.
Оған Жәбірейіл келіп, былай дейді:
- Уа, Мұхаммед! Мен саған Алла Тағаладан сәлем әкелдім. Ол сені үнемі көңілсіз көретіндігін айтты.
Оған Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай жауап береді:
- Уа, Жәбірейіл! Мен үнемі үмбетім қандай жағдайда болады деп ойлаймын, сол үшін көңілсізбін. Жәбірейіл:
- Жүр қабірлерге барайық, - дейді. Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның сахабалары Жәбірейілмен бірге қабірлердің басына келеді.
Жәбірейіл:
- Уа, Алла Елшісі! Маған бір мұсылманның қабірін көрсет, - дейді.
Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман қабірін көрсетеді. Сонда Жәбірейіл сол қанатымен қабірді ұрып, былай айтады: "Алланың қалауымен, тұр!" Сол қабірден жарық жүзді, ақ сақалды бір адам шығып: "Лә иләһа илләлләһ Мұхаммадун Расулюллаһ уәл-Хамду лилләһи Раббилаләмин".
Жәбірейіл оған:
- Қайтадан қабірге кір! - деп бұйырады. Әлгі адам қайтадан қабірге кіріп кетеді. Содан кейін Жәбірейіл сол қанатымен басқа бір қабірді ұрып қалады. Сонда қабірден беті қарайып кеткен адам шығады да:
«Қандай бақытсыздық! Маған нендей өкініш!», - дейді.
Жәбірейіл оған:
- Қайтадан қабірге кір! - деп бұйырады. Содан кейін Жәбірейіл:
- Уа, Мұхаммед! Қиямет күні адамдар қабірлерінен өлер алдындағы иманымен тіріледі, - дейді.
Әбу Саид әл-Худри Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқанын келтірген:
«Алла Тағала былай бұйырған:
- Ұлылығыммен ант етемін! Егер құлдарымның бірін Өзімнің мейіріміме бөлегім келсе, оны бұл дүниеден алмай тұра тұрамын. Тіпті ол көп қателік жасаса да Мен бұл құлымды кешіремін. Мен оның күнәларын үш жолмен тазартамын:
1. Оның тәніне дерт беремін.
2. Несібесін кемітемін.
3. Өлер алдындағы азабын күшейтемін.
Ол Маған анасынан жаңа туғандай болып, таза әрі күнәсіз болып келеді.
Егер Мен құлдарымның бірін жазалағым келсе, ол қанша жақсылық жасаса да оны жоққа шығарамын. Мұны үш тәсілмен жасаймын:
1. Оның тәніне саулық беремін.
2. Өлер алдындағы бейнетін жеңілдетемін.
3. Оған мол несібе беремін.
Осылайша, ол Маған игі амалдарсыз келеді.
Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың былай бұйырғанын айтқан:
- Уа, пайғамбарлар мен елшілердің бауырлары! Мүміннің үйіне кіргенде, ашық жүрекпен, адал ниетпен, жомарт қолмен әрі таза денемен кіріңдер. Егер осылай жасасаңдар, Менің достарым боласыңдар. Ал ертең пайғамбарлар мен тақуалардың көршісі боласыңдар.
Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла мынадай уахи түсіргенін айтқан:
- Егер кімде-кім жүніп болып, бірақ толық ғұсыл алмаса, сөзсіз, ол Маған ауыр тиеді. Бірақ Мен Өз құлдарыма ауыртпалық әкелетін Жаратушы емеспін.
Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Жәбірейіл арқылы мына өсиеттерді жеткізгенін айтқан:
- «Әйелдеріңмен жақсылықта әрі татулықта өмір сүріңдер әрі оларды қажет дүниелерімен қамтамасыз етіңдер!» - деді ол.
Әйеліммен ажырасу харам ба деп ойлап қалдым мен.
- «Көршілеріңмен жақсы қарым-қатынаста бол», - деді ол.
Көршілерім менің мұрагерлерім бола ма деп ойлап қалдым.
- «Намаздың алдында мисуак қолдан», - деді ол.
Бұл парыз болатындай болып көрінді маған.
- «Намазды жамағатпен оқы», - деді ол.
Жалғыз оқыған намаз қабыл болмай ма деп қалдым мен.
- «Түндерде намаз оқы», - деді ол.
Түндерді ұйқысыз өткізу керек пе деп ойлап қалдым.
- «Мені жиі есіңе ал», - деді ол.
Маған Құран аяттарын оқығаннан пайда жоқтай болып көрінді.
Бұл Құдси-хадистердің соңғысы. Алланың қалауымен жеткізілген.
Бағауидің тәпсірінде Ибн Аббастан келтірілген мынадай хадис бар:
«Күндердің күнінде қасында Жәбірейіл бар Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отырады. Сол кезде көктің қақпалары ашылады да Жәбірейіл көкке қарап:
- Уа, Алла Елшісі! Бұл қақпалар бұған дейін ешқашан ашылмаған, - дейді.
Сол сәтте бір періште:
- Саған қуанышты бір хабар! Мен саған алдыңғы пайғамбарларға берілмеген нұрдың екі сәулесін әкелдім. Біреуі - «Фатиха» сүресі, ал екіншісі — «Бақара» сүресінің соңғы аяттары, яғни, "Аманар-Расулю".
"Әнуарул ашиқын" кітабынан.