Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) мінезінің жеті ерекшелігімен өзгешеленген. Алла Тағалаға деген Хиллят-сүйіспеншілік оның денесінің әрбір жасаушыларына сіңген болатын. Халил — дос болуды қалайтын адам. Хабиб — біреуді сүю, яғни, сүйікті.
Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ешқашан жалғыз тамақ ішпейтін. Ол үнемі кедейлерге тамақ беріп, солармен бірге тамақтанатын. Күндердің күнінде үйіне мейман болатын адамды іздеп жүргені келтірілген. Бір қартты кездестіріп, соны үйіне ертіп әкеледі. Онымен тілдесе отырып, әлгі адамның иман келтірмеген екенін түсінген Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оны исламды қабылдауға үндейді, бірақ пайғамбардың табандылығына қарамастан қарт исламды қабылдамай қояды. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) қатты уайымдап, тамақ ішуден қалады. Әлгі қарт та тұрып, кетіп қалады. Сонда Алла Тағала Ибраһимге (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Оның имансыздығына қарамастан Мен жетпіс жыл бойы оған өз рызығын беріп келемін. Ал сен оны бір күн тамақтандырудан бас тарттың», - деген екен. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) сол сәтте жүгіріп барып, әлгі қартты қуып жетеді.
Үлкен сыпайылық танытып, қайтадан оның мейманы болуын өтінеді. Қарт қайран қалып: «Әлгінде ғана сыпайы емес едің, енді саған не болып қалды?» - деп сұрайды. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оған не болып, не қойғанын айтып береді. Сонда қарт Алла Тағаланың соншалықты жомарт екендігіне көзі жетіп, ұзақ жылап, былай айтады: «Уа, Ибраһим! Бір патша досын өз жауы үшін айыптаған екен. Ендеше, Ол өте мейірімді. Мені иман келтіруші етші». Осылайша, ол шын жүрегімен дінге кірген екен.
Күндердің күнінде ауыз ашар уақытқа таман Алланың Досы өзімен бірге ауыз ашып, тамақ ішетін адам іздеп жүреді. Ешкімді таппай, өзі де тамақ ішпей отырады. Келесі күні де ешкімді кезіктірмей, тағы да тамақ ішпей қалады. Үшінші күні де қонақ табылмай, күні тамақ ішусіз өтеді. «Мен сияқты біреу-міреу бар ма екен?» - деп ойлайды ол. Сонда Алла Тағаладан Бейт әл-Мұқаддас жаққа бар деген уахи келеді.
Ғибадатханаға жақындаған Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ынтамен құлшылық етіп жатқан бір адамды көреді. Өзі де сол адамға қосылады. Осылайша, олар кешке дейін құлшылық етеді. Ауыз ашар кезі келгенде пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Бүгін мен сенің қонағың боламын», - дейді. Құлшылық етіп жатқан (абид): «Бүгін маған ауыз ашарға бір мейман жіберген Аллаға шүкір», - деп айтады. Алланың Досы өзінің алдыңғы ойларынан қысылып, былай сұрайды: «Сенен де ынталы түрде құлшылық ететін біреу бар ма екен?» Әлгі адам бәленше деген жерде одан да ынталы құлшылық ететін бір абидтің бар екенін айтады. «Алпыс түнде бір рет мен ауыз ашарда тамақтанамын», - деп сөзін жалғастырады әлгі адам. Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) қайран қалып тұрады. Осы сәтте бір кербұғы жүгіріп келіп, екеуінің алдына тоқтай қалады. Оған абид: «Әй, кербұғы, сен құрбандыққа шалынып, отқа қуырылып, алдымызға тамақ болып кел!» - дейді. Сол мезетте, көзді ашып-жұмғанша, кербұғы сойылып, қуырылып, ыдыстарға салынып олардың алдына ас болып келеді.
Осылайша, олар ауыздарын ашып, тамақтанады. Сосын Абид: «Алла атымен тұр!» - деп бұйырады. Кербұғы тіріліп, орнынан атып тұрады. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) тағы да: «Сенен де ынталы түрде құлшылық етуші бар ма?», - деп сұрайды. Сонда әлгі адам Шамда одан да ынталы түрде құлшылық ететін абидтің бар екенін айтады. Мұны естіген Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Шам жаққа жол тартады. Бір жазық далаға келгенде, алдынан бір жылан шығып, құйрығымен жерді салып қалғанда, бұрқ етіп су шығады.
«Алла Тағала мені саған қызмет етсін деп жіберді. Сен қалаған уақытта мен пайда болып отырамын. Ал енді Евфраттан өтіп, сол жаққа орналас», - деп айтып жылан ғайып болады. Алланың Досы (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) дәрет алып, намазын оқып, жолын ары қарай жалғастырған екен.
Жалғасы бар...
"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан.