Шамға келген Ибраһимге (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Алладан мынадай уахи түседі: «Уа, Ибраһим! Сен Мен үшін адамдардың ішіндегі аса құрметтісің, алайда Мұхаммед (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сенен де құрметтірек. Ливан тауына көтеріл де сол жердегі Менің құлдарымның бірімен кездес».
Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Алланың айтқан жеріне барып, бойы биік бір адамды жолықтырады. Оның бойы екі жүз елу метр еді. Пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) бейтаныс адаммен амандасады. Әлгі адам оның сәлеміне жауап береді. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оның есімін сұрайды. «Мен - Худ ибн Сам, ал сен кімсің?», - деп сұрайды бейтаныс. «Мен Алла құлдарының бірімін, сені көруге келдім, осы кеште менімен бірге ауыз аш. Неше күнде бір рет ауыз ашасың?» - деп сұрайды Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын).
«Тоқсан күнде бір рет», - деп жауап береді Худ. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) одан бетер қайран қалады. Худ жүзін көкке қаратып: «Уа, Құдіреттім! Маған бір мейман келді, маған тағам түсірші», - деп жалбарынады. Сол сәтте көктен әдемі асжаулық жабылған зүбаржат үстел түсіріледі. Үстелдің ортасындағы мыс ыдыста қуырылған қозы болады. Сондай-ақ, үстелдің үстінде күміс ыдыстарға салынған жемістер, бал, қыша мен сірке суы да болады. Олар жеп-ішіп алады.
Содан кейін Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) тамақтың дәмді болғанын айтып, алғысын білдіреді де Худтың үйінің қайда екенін сұрайды. «Судың ортасында», - дейді Худ. «Маған көрсетші үйіңді», - дегенде Худ: «Жол ұзақ әрі су өте терең. Кеме жасап жатқан Нұх (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) сол суға балтасын түсіріп алып еді, сол балта тек мың жылдан соң ғана судың түбіне жеткен», - деп жауап береді. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Егер мен сенімен барсам, бізге Алла жар болып, мен теңіз-мұхиттардан өтіп кетемін», - дейді.
«Осы шөлде бір тау бар, сол тауда бір үңгір бар, сол үңгірде бір арыстан бар. Сол арыстанның басынан құйрығына дейінгі ұзындығы екі жүз елу метр, оның ішінен жерге дейінгі биіктігі он метр. Оның аузы апандай. Егер сол арыстанды көріп, оның ақырғанын естіп, қорқып кетпесең, онда менімен бірге теңізден өте аласың», - дейді Худ. Олар үңгірге жақындайды. Арыстанның қатты ақырғаны сондай, таулар теңселіп кетеді. Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оған айғай салады: «Тыныштал, әйтпесе сені асатаяғыммен бір періп әрі сенің ұрпағыңа лағынет айтамын». Сонда арыстанға тіл бітіп: «Уа, Алланың досы! Сен сондай ұлысың, менен саған келер еш зиян болмайды», - дейді. Бұл құбылысты бақылап тұрған Худ: «Менімен бірге теңізден өтетіндігіңе көзім жетті», - деп айтады.
Олар жолға шығып, Худтың үйіне келеді. Оның үйінде тостаған, ши тоқыма және асатаяқтан басқа ештеме болмайды. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) бұлар туралы сұрағанда, Худ былай деп жауап береді: «Мына тостағанмен су ішіп, дәрет аламын. Ал мына асатаяқты жерге шаншысам, ол жеміс бере бастайды да мен олармен қоректенемін. Таңғалған Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оны өз көзімен көргісі келіп кетеді. Худ асатаяғымен тасты бір періп еді, құдды бір қамырға кіргендей болып асатаяқ тасқа кіріп кетеді де төрт бұтақ пайда бола қалады. Бір бұтақтан құрма, екіншіден - інжір, үшіншіден - жүзім, ал төртіншісінен — анар өсіп шығады. Олар тойғандарынша жеп алады. Содан кейін асатаяқ бәз қалпына келе қалады. Ибрахим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Уа, Алланың сүйікті құлы! Мен үшін дұға ет!» Оған Худ: «Менің дұғамның қабыл болатындығына сенімді болма. Міне, қырық жыл болды Алладан бір нәрсе туралы сұрап жүрмін, бірақ қырық жыл бойы Ол менің дұғамды қабыл етпей жүр», - деп жауап береді. Сонда пайғамбар: «Худ, сонда сенің қалауың не?», - деп сұрайды. «Мен Алланың досы Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) жүзін көргім келеді», - дейді Худ. «Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) туралы сен қайдан білесің?», - деп сұрайды пайғамбар.
«Күндердің күнінде теңіз жағасында жүрген бір көркем жүзді жігітті көрдім. Оның шашы екіге жарылған еді. Жігіт үнемі: «Аллам менің! Маған Сенің досың Ибраһимнің жүзін көруге нәсіп ет», - деп қайталап жүрген. Оның кім екенін сұрадым. Сонда жас жігіт: «Мен — Алланың досы Ибраһимнің ұлымын», - деп айтты. Сол сәттен бастап мен де бейтаныс Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) жүзін көруге ынтық болдым. Менің Алладан сұраған ең үлген тілегім — мен оның көркем жүзін көрсем». Сонда Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Сенің дұғаң қабыл болды, сенің көргің келген адамың менмін», - деп мойындайды. Қатты қуанып кеткен Худ оны құшақтап алады да екеуі ұзақ жылайды. Ибраһим: «Мен де Исмаилды сағынып жүрмін. Біздің кездесуіміз нәсіп болсын деп дұға жасашы». Худ дұға жасайды. Сол сәтте Исмаил пайда бола кетіп, әкесін құшақтай алады. Қуаныштары қойындарына сыймай, олар ұзақ жылайды.
Бір күні Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) үйінде қонақтың көп болғаны сонша, жейтін нәрсе болмай қалады. Оның Мысырда бір досы бар еді, соған біраз азық-түлік беруін сұратып адамдар мен біраз түйелерді жібереді, бірақ досы тамақ беруден бас тартып, түйелер бос қайтады. Керуенді бастап келе жатқан адамдар қаладағылар олардың тамақпен оралуын тағатсыздана күтіп отырғанын ойлап, бос қаптармен оралмас үшін, қаптарға құм толтырып алады да қалаға келген соң Ибрахимге мән-жайды түсіндіріп айтады. Пайғамбар қамығып, ұйықтап қалады. Күңдердің бірі қаптың аузын шешіп ішінен ұнды алып шығып, нан пісіріп қояды. Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) мұрнына жаңа піскен нанның иісі келгенде, ол басын көтеріп, ұнды қайдан алғандарын сұрайды. Оған нанды оның Мысырдағы досы беріп жіберген ұннан пісіргендерін айтады. Сонда Ибрахим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) былай айтады: «Бұл ұнды Мысырдағы досым емес, расымен, тек уақыт пен орынға тәуелді емес Досым беріп жіберді», - деген екен.
"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан.