Бахз бин Хаким әкесінен, ал ол өз әкесінен Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Адамдарды күлдірту үшін өтірік айтатындарға нендей өкініш. Нендей өкініш! Нендей өкініш! Нендей өкініш!»
Ибраһим Нахаги былай айтқан: «Асылында, егер адам айналасындағы адамдарды күлдірту мақсатында бір сөз айтатын болса, онда Алла сол сөзге ашуланады да Алланың ашуы сол адамның өзіне де жетеді. Бұл ашу оның айналасында болған адамдарға да тиеді. Асылында, егер адам жақсы сөз айтса, онда Алла сол сөзге разы болып, ал сол сөзді айтқан адамға Алла мейірімін төгеді. Бұл мейірім оның айналасында болған адамдарды да қамтиды».
Әбу Хурайра (ол кісіге Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Уа, Әбу Хурайра, тыйым салғаннан бойыңды аулақ ұста, ең жақсы құлшылық етуші боласың. Алла саған берген нығметке разы бол, игілікте боласың. Өзіңе қалағанды өзгеге де қала, иман келтірген боласың. Өз көршіңмен жақсы қарым-қатынаста бол, мұсылман боласың. Көп күлме, көп күлкі жүректі өлтіреді».
Мәлик бин Динар Ахнаф бин Кайстың былай айтқанын келтірген: «Ғумар бин Хаттаб (ол кісіге Алла разы болсын) маған былай деген: «Кімнің күлкісі көбейсе, соның сұлулығы кемиді. Қалжыңдай беретінді, жеңілтек деп санайтын болады. Адамды көп жасайтын істеріне қарап біледі. Кім көп сөйлесе, соның көп қатесі мен күнәсі болады. Кімнің қатесі көп болса, соның ұяты аз болады. Кімнің ұяты аз болса, сол тыйым салынғаннан өзін аз тыятын болады. Күнәдан өзін тыя алмайтынның жүрегі өледі. Егер адамның жүрегі өлсе, оған Тозақ бірінші болады».
Факих (ол кісіге Алланың рақымы болсын) айтқан: «Қатты күлуден сақтануды өзіңе міндет ет, өйткені қатты күлуде сегіз бақытсыздық бар:
Бірінші: сені ғалымдар мен данышпандар масқаралайды.
Екінші: надандар мен ақымақтар сенің алдында ержүрек болады.
Үшінші: егер сен надан болсаң, сенің надандығың артады. Егер сен ғалым болсаң, сенің білімің азаяды. Бір риуаятта былай келтірілген: «Асылында, егер ғалым бір мәрте күлсе, ол білімінің бір бөлігінен айырылады».
Төртінші: Асылында, кім күлсе, сол өткен күнәларын ұмытады.
Бесінші: Асылында, күлетін адамда келешекте күнә жасауға батылдық пайда болады, өйткені жөн-жосықсыз күлуден жүрек қараяды.
Алтыншы: Асылында, кім күлсе, сол өлімді, өлімнен кейінгі ақирет істерін ұмытады.
Жетінші: Асылында, Сенің күлдірткеніңнен күлгеннің күнәсі саған болады.
Сегізінші: Асылындае, адам күлкісі себепті ақиретте көп жылайтын болады».
Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан:
«Енді олар, істегендерінің салдарынан аз күлсін, көп жыласын. (Олардың күлулерінен жылаулары көп болады)» (9:82).
Осы аятты түсіндіре отырып, Әбу Зарр (ол кісіге Алла разы болсын) былай айтқан: «Ақиқатында, бұл дүние баянсыз болып табылады, қанша күлсе, сонша күлсін. Бірақ олар Аллаға қайтқанда, тоқтаусыз жылайтын болады, өйткені ақирет — мәңгілік өмір болып табылады. Алла Тағала айтқан сөздің мағынасы осы».
"Танбихул ғафилин" кітабынан.