Алла Елшісінің (ﷺ) қабірін зиярат етуге рұқсат етілгендігіне ғалымдардың, дін мамандарының, басқа пайғамбарлардың және тақуалардың келтірген дәлелдері:
Меккелік Ибни Хажари аш-Шафиғи «Әл-Жаухарул-муназзам фи зияратил-кабри-шарифин-набийил-мукаррам» еңбегінде келесіні жазған: «Қасиетті Құранды, сүннетті, үмбеттің ижмасын, қиясты басшылыққа ала отырып, Алла Елшісінің (ﷺ) қабірін зиярат ету рұқсат етілген амал болып табылады деп айтуға болады. Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан:
«Пайғамбар атаулыны Алланың нұсқауымен бой ұсынылуы үшін ғана жібердік. Егер олар өздеріне бір кесір істеген заман, саған келіп, Алладан жарылқану тілесе, әрі Пайғамбар да олар үшін жарылқау тілесе, әрине олар Алланы; тәубені өте қабылдаушы, ерекше мейірімді түрде табар еді» (4:64).
Бұл аятта Алла Елшісінің (ﷺ) шапағатшы болатындығы әрі жасаған қателіктері мен жаман амалдары үшін қажет кезінде Пайғамбарымыз (ﷺ) арқылы Алла Тағаладан кешірім сұрау келтірілген. Жаратушының бұл бұйрығы Алла Елшісінің (ﷺ) өлімінен кейін де өз күшін жоғалтпайды. Аталмыш аяттан көріп отырғанымыздай, басты шарт – біздің Сүйікті Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп, Алла Тағаладан кешірім сұрау. Бұған дәлелді біз Қасиетті Құранның келесі бір аятынан көреміз:
«(Мұхаммед Ғ.С.) енді біл! Шын мәнінде Алладан басқа ешбір тәңір жоқ. Өзіңнің әрі мүмін ер, әйелдердің күнәларының жарылқануын тіле! Алла, айналған әрі тұрақтаған жерлеріңді біледі» (47:19).
Алла Елшісінің (ﷺ) үмбеті үшін кешірім сұрауы тек тірі кезінде болуы міндетті емес, сондай-ақ, ол бұл баянсыз өмірден өтіп кеткен соң да жалғаса беретін құбылыс. Оның үмбетіне деген мейірімі мен уайымдауы жалпыға мәлім шындық. Пайғамбарымызға (ﷺ) кім келсе де ол үнемі Құдіретті әрі Мейірімді Алладан мүміндер үшін кешірім сұрағандығы белгілі жайт. Сондықтан осы келтірілген аяттардан біз келесі шындықты көреміз – адамзаттың асылы Пайғамбардың (ﷺ) тірі күнінде және қайтыс болған соң да келіп одан кешірім сұрағандарға ол (ﷺ) шапағатшы болатын болады.
Аят Алла Елшісінің (ﷺ) тірі күнінде түсіріліп, Ол өмір сүрген тайпаға негізделсе де, алайда өмір сүрген жерлері мен уақытына қарамастан барлық мүміндерге арналған. Сондықтан тақуа ғалымдар Алла Елшісінің (ﷺ) қабірін зиярат етіп, одан Алла алдында кешірім сұрап, шапағатшы болуын тілеуді дұрыс деп санаған.
Мұны Алла Тағала Қасиетті Құранның келесі аятында дәлелдеген:
«Кім Алла жолында ауа көшсе, көптеген кең қоныс және кеңшілік табады. Сондай-ақ біреу үйінен Аллаға, Пайғамбарға бола шықса да, оған өлім жетсе, сонда оның бодауы Алланың өзіне тән болады. Алла аса жарылқаушы, тым мейірімді» (4:100).
Алла Елшісінің (ﷺ) қабірін зиярат ету, оған тірі кезінде келген сияқты болады.