Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) неліктен жылаған?

Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) неліктен жылаған?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың мына бір сөздерін келтіреді:

- Өзімнің ұлылығым үшін! Кімде-кімнің сақалы мен шашы Исламда жүріп ағарса, Мен оны азаптауға ұяламын. Кәрілік — Менің нұрым, Мен оны отқа тастамаймын.

Осы сөздерді айтқан Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жылап жібереді.  

Қасындағы сахабалары:

- Уа, Алла Елшісі! Неге жыладың? - деп сұрайды.

- Жылаған себебім — Алла Тағала жазалауға ұялады, ал құлдары күнә жасауға ұялмайды.

Алла Тағала біздің ардақты Пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

- Уа, Мұхаммед! Мен саған ешкімге сыйламаған жеті нәрсені сыйладым дейді:

1. Мен жер мен көктерде сенен асқан көркем әрі қасиетті жанды жаратпадым.

2. Барлық пайғамбарлар сенімен әрі сенің үмбетіңмен кездесуді тағатсыздана күтетін болады

3. Сенің үмбетіңе Қиямет күні есеп беруі жеңіл болсын деп, Мен оларға бұл дүние нығметін сонша көп бермедім.

4. Күнәлары көбеймесін деп, Мен олардың өмірлерін ұзақ етпедім.

5. Өздерін құдайдай көрмесін деп, Мен оларға сонша көп құдірет бермедім.

6. Басқа халықтарға жасағанымдай, олардың бір үлкен күнәлары үшін Мен оларды құртып жібермедім.

7. Жер астында көп жатпасын деп, бұл өмірге Мен оларды ақырзаманға таман жараттым.

 Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған Алла Тағаланың былай айтқанын келтірген:

- Мен — ұлы билеушімін әрі барлық билеушілердің жаны Менің қолымда. Егер халық Маған мойынсұнғыш болса, онда билеушілердің жанын оларға мейіріммен қарауға мәжбүрлеймін. Ал егер олар Маған бойұсынбаса, онда Мен билеушілерді оларға ашулы әрі қатал қарайтындай етемін. 

Адамзаттың асылы (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың былай дегенін айтқан: 

- Уа, Мұхаммед! Мен сендерді оттан сақтадым. Алайда сендер Тозақ отының алдындағы қорқыныштан жылауларыңды тоқтатпаңдар. Сонда біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

- Уа, Жәбірейіл! Маған Тозақ туралы айтып берші, - деп өтінеді.

Жәбірейіл былай деп жауап береді:

- Уа, Алла Елшісі! Алла Тағала Тозақты жаратып, ол қызыл болғанша, оны мың жыл бойы жаққан. Ол қап-қара болғанша, оны тағы да мың жыл жаққан. Егер Тозақ мекендеушілерінің бір шекпенін немесе басқа бір киімін жерге тастап жіберсе, ол барлық жаратылғандарды құртар еді.

Бұл сөздерді естіген Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жылап жібереді, оған қосылып Жәбірейіл де жылайды. 

- Әй, Жәбірейіл! Сен - Рұх әл-Аминсің. Сен неге жылап тұрсың? - деп сұрайды Пайғамбарымыз  (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын).

- Харут пен Марут сияқты зардап шегемін бе деп қорқамын, сол үшін жылап тұрмын, - деп жауап береді Жәбірейіл.

Бір күні Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйінен алыстау жерде Фатима, хазірет Әли, Хасан және Хусейінмен бірге жүреді.

- Осы түні маған көмектесіңдер, - деп айтады ол туғандарына.

- Уа, Алла Елшісі! Біз саған қалай көмектесе аламыз? - деп сұрайды олар.

Ардақты Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

- Дәрет алып, намаз оқыңдар да бастарыңды сәждеге қойып, былай айтыңдар:

- Аллам менің! Біздің әкеміз Мұхаммедті мейіріміңе бөлей гөр!

Олар дәрет алып, намаз оқып, бастарын сәждеге салып, оның айтқан дұғасын жасайды.

Сол сәтте Жәбірейіл келіп, былай айтады:

- Уа, Мұхаммед! Сен сәжде жасап, басыңды жерге тигізгенде, жеті көктегі періштелер де сәжде жасап, жылады.

Алла Тағала:

- Уа, Мұхаммед! Менен қалағаныңды сұра.

- Тозақ отында менің үмбетіме не болатынын білгім келеді, - дейді Пайғамбар.

- Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) үшін Мен отты гүл баққа айналдырдым. Сенің де үмбетің үшін оны гүл баққа айналдырамын.

"Әнуарул ашиқын" кітабынан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: