Алланың Исмаил пайғамбарды (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) пышақтан құтқаруы

Алланың Исмаил пайғамбарды (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) пышақтан құтқаруы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Періштелердің кейбіреулері Алла Тағалаға: «Йа, Раббым! Бір пайғамбар екінші бір пайғамбарға пышақпен төніп тұр. Сенің қалауыңды орындау үшін, оны бауыздамақ. Оларға мейіріміңді төге гөр!», - деп жалбарынады. Ұлының сөзін естіген Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) бетін қолымен жауып, жылап жібереді. Барлық періштелер онымен бірге жылайды. Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) әкесіне: «Аллаға деген сүйіспеншілік Оның бұйырғанын кешіктірмеуді талап етеді». ИбраҺим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) пышағын қайрап алып, ұлының бас жағына жайғасады. Бір қолына пышақты ұстап, енді бір қолымен ұлының басын сүйемелдеген ол Аллаға: «Йа, Раббым! Бұл менің ұлым - көзімнің жарығы, жанымның қуанышы. Сен оны құрбандыққа шалуды бұйырдың. Міне, Сенің бұйырғаныңды орындау үшін адал ниетіммен осы жерге келдім. Мен ұлымды құрбандыққа шалуға дайынмын. Сені дәріптеймін! Йа, Раббым, бәрінен де қымбат ұлымды құрбандыққа шалу үшін маған сабыр бер», - деп пышағын ұлының кеңірдегіне тақап, былай айтады: «Ұлым менің! Қиямет күніне дейін қоштасамыз. Сол күні қайта кездесеміз».

Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Тездет, әкем менің! Тезірек біздің Жаратушымыздың бұйрығын орында. Алла Тағаланың қалауын кешеуілдететін болсақ, Ол бізді айыптайды деп қорқамын. Әкем менің! Менің аяқ-қолдарымды шеше сал, өз еркіммен өзімді құрбандыққа шалғанымды періштелер көрсін де Халилдің ұлы Жәлілдің шешіміне разы деп айтсын», - дейді.

Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) жүрегінен ұлына деген сүйіспеншілігі мен аянышын алып тастайды. Алланың атымен бар күшін салып пышақпен ұлының мойнын орып жібереді. Сол сәтте Алла Тағала Жәбірейілге: «Жылдамдатып, пышақты басқа жағына бұрып жібер», - деп бұйырады. Жәбірейіл көзді-ашып жұмғанша пышақты сырт жағына бұрып жібереді де пышақ өтпей қалады. Тағы да көріп еді, тағы да өтпей қалады. 

Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Әкем менің! Маған деген мейіріміңнің күштілігінен пышақты салмақтап сала алмай жатырсың. Менің жүзіме қарама да міндетіңді орындауда қателік жіберме», - дейді.

Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) пышағын тағы бір мәрте қайрап алып, ұлының кеңірдегін аямай осып жібереді. Алайда пышақ ұлға еш залал келтіре алмайды.

«Әкем менің! Пышағыңды туралап менің тамағымдағы күре тамырға сал», - деп өтінеді Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын). Әкесі солай жасайды әрі пышақты тізесімен басып жібереді, бірақ мойында пышақтың ізі де қалмайды. Сонда ашуланған Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) пышақты жерге лақтырып жібереді. Сол сәтте пышаққа тіл бітіп, былай сұрайды: «Уа, Ибраһим! Намруд сені отқа лақтыртқанда сен неге жалындаған отқа жанбадың?» «Өйткені Алла Тағала отқа мені жанғызуға тыйым салды», - деп жауап береді пайғамбар. «Әй, Ибраһим! Алла отқа сені «Жандырма!» деп бір-ақ рет бұйырса, ал Ол маған кесуге жетпіс рет тыйым салды. Кінәлама мені, Ибраһим», - дейді пышақ. Осы сөздерден кейін Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) тосырқап қалады, ал ұлы оған: «Әкем менің! Алланың қалауына бойұсын да күнәһар болма», - дейді. Ибрахим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ұлы мен Жаратушы бұйрығының арасында не істерін білмей тұрып қалғанда Алла тарапынан мынадай бір дауыс келеді:

«Уа, Ибраһим! Ақиқатында, саған түсіңде бұйырылғанды орындадың. Енді сен Маған тән мейірімділік пен жомарттықтың куәгері боласың. Басыңды көтер де таудың басына қарашы».

Басын көтеріп қараған Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Жұмақта қырық жыл жайылған бір қойды көреді. Алла Тағала мұны ұлының орнына құрбандыққа шалынатындығын айтады. Бұл Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) құрбандыққа шалынған қойларының бірі екендігі айтылған. Жұмақта оны періштелер қараған. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ұлын сол байлаулы қалпында қалтырып, Жамра әл-улаға дейін жүгіріп кеткен қойдың артынан қуалай жөнеледі. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оған жеті рет тас лақтырады. Сосын Жамра әл-кубраға дейін жүгіріп, сол жерде де жеті рет тас атады. Ақыр соңында, Мина жазығында қойды құрбандыққа шалады. Қойды Жәбірейіл алып келіп «Алла Ұлы» деп айтқандығы келтіріген. 

Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Лә иләһа илләллаһу уаллаһу акбар», - дейді. Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) көздерін ашып, былай айтады: «Аллаһу акбар уа лилләхил хәмд». Осы сөздердің бәрін Алла Тағалаға хош көріп, бес уақыт намаз оқығанда және мейрам күндері мұны айтуды осы үмбетке уәжіп еткен. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) қойды қуалап жүргенде, Жәбірейіл Исмаилға (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) келеді де қол-аяғы байланған арқанды шешіп, былай айтады: «Әй, Исмаил, Алла Тағала сенің қалағаныңды беретіндігін айтты».

Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) басын төмен түсіріп, қолдарын көкке көтеріп: «Йа, Раббым, бұл өмірден таза иманмен өтіп, Өзіңнің алдыңа келген мүміндерге кешірім жасап, рақымыңа бөлей гөр!»

Алла Тағала: «Мен сенің дұғаңды қабыл еттім», - дейді. Сол кезде Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оралады, ұлының аяқ-қолының шешулі екенін көрген ол: «Арқанды кім шешті?», - деп сұрайды. «Саған қойды кім әкеліп берсе, сол шешті», - деп жауап береді Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын).

"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: