Қиямет күні жыламайтын 3 адам

Қиямет күні жыламайтын 3 адам

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Абу Зарр (ол кісіге Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқанын келтірген: «Егер менің білгенімді сендер де білгендеріңде, сөзсіз, көп жылап, аз күлер едіңдер. Егер маған мәлім нәрсені сендер де білсеңдер, сөзсіз, жылап отырып бір биіктеу жерге шығып, Жаратушыға жалбарынар едіңдер. Егер маған мәлім нәрсені сендер де білсеңдер, сөзсіз, әйелдеріңе ашуланбас едіңдер де оларды төсектерінде жалғыз қалтырмас едіңдер».

Юнус Хасан Басриден (ол кісіге Алланың рақымы болсын) келесіні келтірген: «Аллаға иман келтірген адам таңды да, кешті де уайыммен қарсы алады. Хасан Басриді сен сирек көресің, бірақ оны көргенде басына қайғы түскен адамдай уайымдап жүргенін көресің. Басқа риуаятта былай келтірілген: «Асылында, Хасанды көрсең, жаңа ғана анасын жерлеп келгендей қайғылы түрде кездестіресің».

Аузаға «Ма ляхизал-китаби» кітабында Алланың сөздеріне түсініктеме бере отырып, былай деген: «Күлімсірей күлу — кіші күнә, ал қатты күлкі — үлкен күнә».

Ибн Ғамрудың былай айтқаны келтірілген: «Менің білгенімді сендер білгенде, сөзсіз, аз күліп, көп жылар едіңдер. Егер менің білгенімді сендер білгенде, сөзсіз, арқаларың қисайғанша сәждеге жығылып, сөзсіз, дауыстарың қарлыққанша айғайлар едіңдер.  Алла үшін жылаңдар, егер жылай алмасаңдар, жылап тұрғандай болыңдар, яғни, жылағандай кейіп танытыңдар».

Суфьян бин Мұхаммед оған айтылған мынадай хадисті келтірген: «Қиямет күні әр көз жылайтын болады, тек үш көзден басқа. Олар: Алладан қорқып жылаған көз, Алла тыйым салған нәрселерге қарамаған көз және Алла жолында ұйықтамаған көз».

Имам Әбу Ханифаның (ол кісіге Алланың рақымы болсын) былай айтқаны келтірілген: «Мен бір рет күлдім әрі соным үшін өкінемін. Ғамру бин Ғұбайда әл-Қадридің бойы менен биік екенін көргенде күліп едім. Ғамру маған: «Өзің білім туралы айтасың да өзің күлесің, мен сенімен сөйлеспеймін», - деген еді. Содан кейін мен күлгенім үшін өкіндім, егер мен күлмегенде, шүбәсіз, мен оның көңілін өзімнің сөздеріме аудара алар едім».

Мұхаммед бин Ғабдулла былай айтқан: «Кімде-кім көзін сақтаса, сол тақуалыққа қол жеткізеді. Кімде-кім тәкаппарлықты тастаса, сол ибалы болады. Кімде-кім бос сөзді қойса, пайдалы данышпандыққа қол жеткізеді. Кімде-кім қомағайланып тамақ жеуді қойса, құлшылықтан ләззат алатын болады. Кімде-кім қалжыңды тастаса, сол зейнетті болады. Кімде-кім күлкіні тастаса, сол игілікке жетеді. Кімде-кім байлығына қызықтыруды қойса, сол сүйіспеншілікке қол жеткізеді әрі оны адамдар жақсы көретін болады. Кімде-кім біреудің істерін тексеруді қойса, сол өз қателіктерін жөндейді. Кімде-кім Алла Тағаланың қасиеттері туралы ойлауды қоймаса, сол күмән мен екіжүзділіктен ада болады».

Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан: «Ал енді там; бұл қаладағы екі жетім баланікі болып, оның астында ол екеуіне тән қазына бар еді» (18:82). Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан: «Сол қабырғаның астында бес жол жазылған алтын тақтайша болған - бірінші жолда: Өлімге сенімді адамның қуанатыны мені таңғалдырады. Екінші: Тозақтың бар екеніне сенімді адамның күлетіні мені қайран қалдырады. Үшінші: Тағдырына сенімді адамның қайғыратыны мені таңғалдырады. Төртінші: Бұл дүние мен оның мекендеушілерінің қалай өзгеретінін көріп тұрып тыныш қалатындарға қайран қаламын. Бесінші: Лә иләһа иллә-Ллаху Мұхамма-дур-расулюлла».

Сабит әл-Банани (ол кісіге Алланың рақымы болсын) айтқан: «Мүміннің күлкісі бейқамдықтан, яғни ақирет ісіне қатысты бейқамдықтан. Егер ол бейқам болмаса, күлмес еді».

Яхъя бин Мұғаз Рази (ол кісіге Алланың рақымы болсын) былай айтқан: «Егер сен Жұмаққа кіргің келсе, Жұмақтағы қуанышқа кенелгің келсе, бұл дүниеде мұңлы болып, қуанышты әрі күліп жүруші болма. Жұмаққа қол жеткізу — уайым болып табылмайтын қуаныш».

Бір риуаятта былай айтылған: «Үш нәрсе жүректің қараюуына әкеліп соғады. Олар: мағынасыз күлкі, аш болмай тұрып тамақ ішу және қажет емес (бос) сөздер».

"Танбихул ғафилин" кітабынан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: