Кейбіреулердің айтуынша, Мұхаммедке (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахилер түспей тұрып, ол Ғисаның (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) шариғатын ұстанған. Мұса пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) да шариғатын ұстанған дегендер де болған. Сондай-ақ, ол Ибраһим пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) шариғатында болған деп айтқандар да табылған.
Ал біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан:
- Маған Жәбірейіл Алла Тағаланың мынадай бұйырғанын жеткізген:
- Исламда болып шашы ағарғандарға, Мен азап беруге ұяламын.
- Егер Менің құлдарымның бірі науқасқа шалдығып, сабырлық танытса, адамдардың көзінше Маған наразылық білдірмесе, Мен оған науқасқа шалдыққанға дейінгідей мықты денсаулық беремін. Мен оның күнәларын кешіріп, ол өлгенде оны Өз рақымыма бөлеймін. Сахл бин Са'д Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқанын келтірген:
- Біздің Пайғамбарымызға Жәбірейіл келіп:
«Уа, Мұхаммед! Қанша өмір сүрсең де, ақыр соңында сен өлесің. Қалағаныңды жаса, сауапқа кенелесің. Кімді қаласаң соны сүй, бәрібір одан айырыласың. Мүміннің мәртебесі — оның түнгі құлшылықтары. Ал оның маңыздылығы — басқа адамдардан тәуелсіз болу». Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
- Йа, Раббым! Менің тілектерімді орындашы! - деп дұға жасайды.
Алла Тағала былай жауап қатады:
- Уа, Мұхаммед! Адал тамақ іш, сонда Мен сенің дұғаларыңды қабыл етемін.
Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың мына сөздерін келтірген:
- Кімде-кім Менің достарымды жәбірлесе, ол Менімен шайқасқанмен тең. Тек парыз намаздарын орындау арқылы ғана Менің құлдарым Маған жақындай алады, басқа ешнәрсе оларды Маған сондай жақын ете алмайды.
Маған бойұсына отырып, қосымша құлшылық түрлерін орындайтын Менің құлым Маған жақын болады, Мен оны жақсы көретін боламын. Ал егер Мен құлымды жақсы көрсем, оның көздері мен құлақтары боламын. Егер ол Менен бір нәрсе сұраса, Мен оған беремін. Егер ол дұға жасаса, Мен оның дұғасын қабыл етемін. Ешқашан қобалжымайтын Мен, тек мүміннің жанын аларда ғана қобалжимын.
Менің иман келтірген құлдарымның ішінде Мен оған байлық нәсіп етпегенімше, оның иманы кемеліне жетпейтіндер бар. Кедей болса ол сабырлық танытпай, бүлік шығарып, бойұсынбай кетеді.
Менің иман келтірген құлдарымның ішінде Мен оған денсаулық нәсіп етпегенімше, оның иманы кемеліне жетпейтіндер бар. Науқас болса, ол сабырлық танытпай, бойұсынбай кетеді.
Менің иман келтірген құлдарымның ішінде дені сау болса иманы толық болмайтын адам бар. Ол тез азғырылады да бойұсынбай кетеді.
Менің құлдарымның жанында не болып жатқаны Маған жақсы мәлім әрі Ақиқат осында.
«Тәпсір әл-Кабирде» былай айтылған:
- Күндердің күнінде Мұхаммед (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Йа, Раббым! Менің үмбетім! Менің үмбетім!» - деп айтып, үмбеті үшін жылап жібереді.
Алла Жәбірейілге:
- Мұхаммедтің неге жылап тұрғанын сұра?
Жәбірейіл келіп:
- Уа, Мұхаммед, неге жылап тұрсың? - деп сұрайды.
Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай жауап береді:
- Мен үмбетім үшін жылап тұрмын, ақиретте үмбетімнің жағдайы қандай болатыны үшін алаңдаймын. Жәбірейіл Алла алдына келіп:
- Йа, Раббым! Сен — Әлемдердің Жаратушысың. Мұхаммад үмбеті үшін жылап тұр, - дейді.
Алла Тағала былай бұйырады:
- Уа, Жәбірейіл! Мұхаммедке барып, ол разы болғанша Мен оның үмбетін кешіретіндігімді жеткіз.
Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың мына сөздерін келтірген:
- Хидаят — Менің үйім. "Лә иләһа илләлләһ" сөзі — Менің қамалым. Кімде-кім Менің қамалыма кірсе, ол Менің азабымнан құтылады.
- Уа, Адамның ұлдары! Сендердің несібелерің - Менен. Ал Менің парыздарымды орындау - сендерден. Егер сендер Менің парыздарымды орындамасаңдр да Мен сендерді несібелеріңнен айырмаймын. Бірақ Менімен тығыз байланыста болсаңдар, Мен сендердің ризықтарыңды көбейтіп, Жұмаққа кіргіземін. Егер Менен алыстап кетсеңдер, Мен сендерге тәуелді емеспін. Мен — ешкімге мұқтаж емес билеушімін. Бірақ Мен сендерді азаптай аламын.
- Қадыр түні құлшылық еткендердің Мен күнәларын кешіремін де мұқтаждықтан құтқарамын. Егер бақытсыздыққа ұшыраған болса, Мен оны бақытты етемін.
"Әнуарул ашиқын" кітабынан.