Ислам дінінде адам баласының денсаулығына зиян тигізетін, өмірге, айналаға, ортаға қауіп төндіретін нәрселерді пайдалану - харам болып саналады.
Құран Кәрімнің «Маида» сүресінің 90-91-ші аяттарында: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашу, бәсекелесу - шайтанның арбауынан болатын дүниелер. Бақытты болам десеңдер бұлардан аулақ болыңдар. Шайтан сіздердің араларыңызды жауластыру, өзара өштестіру үшін арақ пен құмар ойындарын қолданады. Осы арқылы намаз оқуларыңа бөгет жасап, тәңірлеріңді естеріңнен шығаруға тырысады. Құмар ойнау мен арақтан сонда да безбейсіңдер ме...», - делінген. Бұл жерде біздерге Аллаһ тағала құмар ойнау мен адамның ақыл-ойын тұмандататын есірткі, ішімдіктерді пайдалануға тиым салып, олардың харамдығын және шайтанның лас істерінен екенін ашық айтып, нақты ескертіп отыр.
Харамның екі түрі бар. Олардың біріншісі жаратылысынан харам болған нәрселер болса, екіншісі - халалдан харам болған, яғни жүре келе харамға айналған мәселелер.
Мысалы, бидай, жүзім, т.б. жемістердің адамға пайдасы мол. Құрамында түрлі витаминдері бар олардан әртүрлі ас түрлері де дайындалады. Бұлар өздерінің алғашқы пайда болу кезеңдерінде халал дүние ретінде пайдалануға жатқызылады. Ал жүре келе харамға айналуы оларды ашыту арқылы әр түрлі арақ-шарап түрлерін дайындаудан және оны пайдаланудан тұрады. Жоғарыда айтылған халалдан харамға айналды деген мәселе осы.
Харам нәрсені пайдалану – мұсылманға, мұсылмандыққа жат. Сондықтан оларды пайдалануға рұқсат жоқ. Бұл жөнінде Айша анамыздан риуаят болған хадисте: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нан битғ туралы сұрапты. (Битғ – балдан ашытып жасалатын арақ. Оны йемендіктер ішетін). Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлық ішімдік ақылдан адастырады, сондықтан ол – харам. Алла тағала арақ ішуші мен іштірушіні, сатушы мен сатып алушыны, ашытып жасаушы мен жасаттырушыны, алған мен алдырушыны лағынет етті», - дейді.
Арақ ішудің күнәсі үлкен. Арақ адамның ниетін бұзып қана қоймайды, оны адамдық келбетінен айырып, хайуанға айналдырады. Жүрегін қарайтып, көңілін бұзады, абыройын кетіреді. Тек ақыл-ойына ғана емес, денсаулығына, отбасына, туыс-туғандарына, айналасына, қоғамға жан-жақты зиянын тигізеді.
Оның зияндары:
- арақ ішкен адам ақыл-есі кемге айналады, елге күлкі боп, абыройынан айырылады;
- маскүнемдік ағайын-туыс, жақын адамдардың арасына араздық салады;
- арақ ішу Алла тағаланың зікірінен де, намаздан да қалдырады;
- арақ адамды арсыздыққа, опасыздыққа, зинақорлыққа жетелейді;
- арақ ақшаны ысырап етеді және ақылды жояды;
- арақ барша жамандықтың кілті, арақ ішушіге барлық күнә жеңіл болып көрінеді.
Пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде «Арақ - барлық жамандықтың кілті» делінген.
Шындығына келер болсақ, азғындық жолына түсіп, аузы арақтан босамайтын жанға періштелер де жоламайды. Ал періштелер жоламаған жерге жын-шайтанның үйірсек болатындығы белгілі.
Шариғат үкімі бойынша арақ ішкен адамға 80 дүре соғылу - уәжіп. Егер осы дүниеде бұл жазасын өтемесе, ақырет күні ата-анасы мен достарының, жора-жолдастарының алдында от қамшымен ұрылады.
Сонымен қатар, арақ ішкен адамға аспан есіктері жабылады. Себебі оның жақсылық істері мен қылған дұға-тілектері, оқыған намазы қырық күнге дейін қабыл болмайды. Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім арақ ішсе ол адамның Алла тағала 40 күн бойы намазын қабыл етпейді», - деген хадисі дәлел.
Сондай-ақ, арақ ішушілік адамды орны толмас өкініштерге апарады. Өзінің қашан және қалай өлетінін білмейтін адам баласы үшін Өйткені ол өлер уақытында мас күйі имансыз кетуі мүмкін. Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алла тағала арақ ішкен кісінің 40 күн бойы намазын қабыл етпейді. Осы күннің ішінде өліп қалса, тозаққа түсер....» деген хадисі дәлел бола алады.
Бұл айтылған қиыншылықтар осы дүниедегі қиыншылықтар ғана болса, оның ақыреттегі қиыншылығын тілмен жеткізіп айту мүмкін емес.
Бүгінде арақтың соңынан түсіп, абыройынан айырылып жатқан жандардың қарасы уақыт өткен сайын көбее түсуде. Адам болып өмірге келгеннен соң қол-аяғың сау бола тұра «адам» деген ардақты атты алып жүре алмай, ар-намысыңды аяқ асты етіп, қайыр сұрау ер адамға лайық қылық па еді?! Қазіргі кезде мұндай жандарды, солардың арасынан өз қаракөздеріңді көргенде еріксіз өзегің өртенеді. Бұл тіпті күнделікті қалыптылыққа айналып кетті десек артық айтқындық емес.
Араққұмарлыққа түскен адам ақыл-есінен айырылып, өзін-өзі ұстай алмайтын халге жетеді. Сол халге жеткенге дейін айналасына қанша жерден сыйлы болып келгенімен арақ ішіп, мас болғаннан кейін оған деген құрметтің де азая түсетіндігі сөзсіз. Осыдан-ақ арақ ішкен адамның абырой-беделінен ештеңе қалмайтындығы анық көрінеді.
Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың хадисінде: «Арақтан аулақ болыңдар. Өйткені ол барлық ластықтың қайнар көзі», - делінген.
Қазіргі кезде ғылым арақ-шарапты пайдаланудың адам баласы үшін жан-жақты зияндылығын нақтылап, айқындап берді. Ғалымдар өте аз мөлшерде пайдаланылған спиртті ішімдіктің бір сағаттан кейін-ақ ерлер мен әйелдердің қанынан байқалатынын дәлелдеген.
Арақ-шарапты пайдаланудың әсері әсіресе жүкті әйелдерге қатты білінеді. Ана құрсағындағы сәби қоректік заттардың денін анасының қаны арқылы алатындықтан қанға сіңген ішкіліктің әсерінің нәтижесін өзіңіз де бағамдай беріңіз. Мұндай баланың дене бітімі мен ақыл-есінде көптеген кемшіліктер мен ауытқушылықтардың орын алатындығы сөзсіз.
Біреулер арақ ішуді шынайы демалыс санап, өздерін алдарқатып жүреді. Арақ ішу арқылы өздерін дүниенің күйбең тіршілігінен бір сәт аулақтатып, дем алып қалғандай әсерде болады. Ал мұның алдамшы сезім екендігі көзіқарақты кез келген жанға аян.
Арақ ішу арқылы қоғамға, айналаңа зияныңды тигізіп, денсаулығыңды бұзып қана қоймай өзіңе экономикалық тұрғыдан да үлкен зардап шектіресің. Арамызда бір ішкеннен кейін тағы ішкісі келіп, қолындағы барын соған салып отыратындар да жетерліктей.
Қоғамдағы ажырасу сияқты келеңсіз жағдаяттардың негізгі себептердің бірі осы арақ ішуден туындайды.
Ақыл-ой, сана-сезім адамды хайуаннан ажыратса, иман кәпір мен мұсылманды ажыратушы. Алланың берген бұл екі қасиетінен жұрдай болған адам дұрыс өмір сүре алмайды. Өйткені ол өз межесінен асып, иманы мен ақылы жойылып, шайтанның амалын істейді.
Алла тағала адамды ерекше мүсінді етіп жаратты және оған өзін пәк, таза ұстап, харамнан сақтанып, тура жолмен жүруді бұйырды.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Шындығында адамның денесінде бір жапырақтай ет бар. Егер бір жапырақ ет таза болса, онда адамның барлық мүшесі, сана-сезімі пәк болады. Ал енді сол бір жапырақ ет бұзылса, онда ол адамның денесі де, жаны да бұзық болады, ол жапырақ ет - жүрек», - делінген.
Егер адам дұрыс өмір сүргісі келсе, екі дүниеде тек қана жақсылыққа қол жеткізгісі келсе онда бірінші харамнан сақтанып,. жүрегін таза ұстауы қажет. Яғни ішкен-жегеніңіз халал болса, жүрегіңіз де таза болады. Себебі ішкен, жеген харам ас асқазанда қорытылып, қанға сіңеді, ал қан жүрекке барады. Алдымен қаныңыз, сосын жүрегіңіз бұзылады. Дана халқымыз: «Не нәрсе болса да қанына тартады», - деген. Адамның жүрегі бұзылса, ниеті де өзгереді, ұяттан арылады. Ал ұят болмаса, иман болмайды. Себебі: «Ұят - иманның қабы».
Бірқатар жандардың «арақ болмаса, жұмыс бітпейді, қандай да бір келісімдерді арақ ішу арқылы шешіп жатасың» деп өзін өзі алдап жүргенін көз көрді. Сонда адамзаттың бүгінгі жеткен жетістігі мен өркениеттің барлығы тек осы арақтың арқасында жасалып па еді? Барлық ырзық-несібені Алладан деп білмейтін мұндай жандардың ертеңгі күні үлкен, орны толмас өкініштің салдарын тартуы бек мүмкін екендігін ешкім де жоққа шығара алмас.
«Арақ – атаңнан қалған ас емес», - дейді дана халқымыз. Ата-бабаларымыздан біздерге қалған мұра – ел, жер, тіл, діл, дін. Ендеше, неге арақтың соңында барлық абыройымызды төгіп, адасушылықтардың орын алуына жол береміз?
Арман Бердалин есімді бауырымыз арақ мәселесіне байланысты мынадай өлең жолдарын шығарған екен:
Ақ арақтан бір босамай кесеміз,
Әркімдерге кетіп жатыр есеміз.
Бар өмірің бұлдыр-бұлдыр бірдеңе,
Жын соққандай беймәлім күй кешеміз.
Сол арақтың емес пе еді кесірі,
Үйде отырып бала тапты неше қыз..
Бірақ біздер қалай арақ ішпейміз,
Күнде мас боп жүрсе әке-шешеміз.
Айналайын, ақылы бар ағайын.
Ұлтың менен ұрпақ қамын жесеңіз,
Алдыменен өзің ішпе арақты,
Балаң ертең адам болсын десеңіз.
Нағыз қазіргі кезеңге арналған өлең.
Адамды аздырып, жүрегінен иман, жүзінен нұр кетіріп, көңіліне, өміріне қара дақ салатын арақ, есірткіден сақ болу – әрбір мұсылманның басты міндеттерінің бірі. Ендеше баршамыз осынау міндеттің үдесінен шыға білейік.
Әмірбеков Ғайырфулла Қуанышбекұлы -
Жамбыл облысы, Жамбыл аудандық
«Бәйдібек» мешітінің имамы