Ой салар оқиғалар

Ой салар оқиғалар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бірде Хасан Басриге бір әйел келіп сұрады: “О, имам! Дін тазалығы дегеніміз не? Діннің мәні неде? Діннің қазынасы дегеніміз не?”. Хасан Басри былай деді: “Осыны өзіңіз айтып көріңізші, біз тыңдап көрелік!”. Сонда әйел айтты: “Діннің тазалығы дәрет алуда жатыр. Діннің мәні – Аллаһтан қорқу және Оның алдында ұялу. Ал діннің күші – намаз. Сондай-ақ, Ұлылық иесі Раббым Аллаһ ұялшақ құлын жақсы көреді. Діннің қазынасы – білім. Кім дәрет алуды елемесе, оның иманының таза болмағаны. Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ. Кім Раббым Аллаһтан қорықпаса, оның иманының мәні болмайды. Кім білім таппаса – ол діннің қазынасына жолыға алмайды”. Хасан Басри әйелдің айтқандарының бәрін мақұлдады.

Әйелінің сөзінен шықпайтын бір жас адам: “Шешең ертелі-кеш тамақ жей береді, еш тоймайды, мұның көзін құрт!” – деген әйелінің сөзіне сеніп, тілін алып, қартайып қалған шешесін бір тауға апарып тастайды. Кетерінде шешесінің бір нәрсені шайнап жатқанын көріп, манағы әйелінің сөзі есіне түседі де: “Шынымен де менің шешем тоймайды екен ғой” – деп ойлайды. Ашуы келіп: “Ой,шеше! Не шайнап жүрсің? Жағың бір тынбады ғой” – дейді. Шешесі: “Кешір, балам, бір жұмадан бері аузыма ешнәрсе алғаным жоқ, сондықтан тілімді сорып жүрмін” – депті. Сонда ғана жігіт шешесіне мүлде қарамай, әйелін ғана тыңдап жүре бергеніне қатты ұялып, өкініп тәубе еткен екен дейді. Сөйтіп кеш те болса қатесін түсініп, түзеткен екен.

ØБір жігіт әйелі құлағын жей бергеннен кейін әкесін қапқа салып, алыс тауға апарып тастайды. Әкесіне: “Кешір, жағдай осындай болып қалды. Сені үйдегілер жақтырмай жатыр. Ал мен балаларымды қайтіп тастаймын” – дейді. Әкесі оның халін түсініп: “Ешнәрсе етпейді, балам, бара ғой, тек мына қапты ала кет” – деп қапты ұсынады. Баласы: “Ой, жарықтық, мұның маған керегі не?” – дейді. Әкесі: “Е, ұлым, сен қартайып, балаларыңа керегің болмай қалғанда осы қаппен сені де осында жеткізеді” – деген екен.

Бір адам өлер алдында мынандай өсиет қалдырыпты: “Мен өлгеннен кейін денемді өртеңдер, сөйтіп күлімді алып теңізге шашып жіберіңдер, әйтпесе Аллаһпен ант етемін. Егер Аллаһ мені тірілтіп алса, Ол мені ешкім әлемде тартып көрмеген азаппен жазалайды». Оның өсиеті орындалады. Аллаһ оны тірілтіп алып сұрапты: “Сенің бұлай істеуіңе не әсер етті?». Ол: “Сенің алдыңдағы қорқыныш” – деп жауап береді. Аллаһ оны кешірім етеді.

Имам Рабани көзге түрткісіз қараңғы түнде бір топ шәкірттерімен бірге таудың жолымен жоғары қарай көтеріліп келе жатады. Жолда күн жауып, боран болады. Шәкірттердің мазасы қашады. Бірақ ұстаздары тоқтауды бұйырмағаннан кейін, оның артынан ілгері ілби жүре береді. Бір кезде жауын толастайды. Сонда иман Рабани: “Аяқтарыңа бірдеме батты ма?” – деп сұрайды. Шәкірттер: “Батты” – деп жауап береді. «Сол батқан нәрсені алған да өкінеді, алмаған да өкінеді» – дейді имам. Қараңғыдағы бораннан қалжыраған шәкірттердің бір бөлігі: «Ақыры өкінетін болғаннан кейін оны алған не, алмаған не?” – деп, табандарына батқан тас секілді нәрсені алуға ерінеді.Ал,шәкірттің қалған бөлегі: “Аз да болса алып,не екенін ертең көрейік” – деп ойлап, қалталарына бір-екі түйір белгісіз тасты салып қояды. Ертеңіне таң атқан соң тасты алып қараса, гауһар (бриллиант) екен. Сонда алмағандар: “Неге алмадық?” – деп, алғандар: “Неге аз алдық?” – деп өкініпті. Қиямет күні болғанда намаз оқымағандар: “Неге намаз оқымадық?” – деп, ал намаз оқығандар: “Неге аз оқыдық?” – деп өкінеді екен.

Бір патша қала тұрғындарын жинап алып, алдарына өте үлкен ыдыс қойып: “Осыған әрқайсысың бір-бір кесе сүт құйыңдар!” – деп бұйырады. Сонда әркім: “Мен сүт орнына су құйып жіберсем, кім біліп жатыр?” – деп ойлаған екен. Нәтижесінде ешбір адам ыдысқа сүт құймапты.

Үш соқыр адам пілдің қандай болатынын білгісі келіп, піл тұрған жерге келіпті. Бірінші соқыр пілдің аяғына тап болыпты. Сондықтан оның піл туралы түсінігі: “Бөрене, қада секілді” – дегенге сайыпты. Екінші соқырдың қолы пілдің құлағына тиіпті. Ол: “Піл деген жалпақ поднос секілді, бірақ жұмсақ болады екен” – деп ұйғарыпты. Үшінші соқыр қораның үстінен келіп, жотасын ұстап көріпті. Ол ана екі соқырдың сөзін жоққа шығарып: “Піл дегеніңіз – жататын жайға ұқсайтын тақтай” – деп мәлімдепті.

Бір кісі айтыпты: “Мен Аллаһқа тәуекел етіп, қажылық сапарға ешқандай қаржы-қаражат алмай шығамын» – деп. Сонда оған бір ғұлама айтады: “Онда сен адам жүрмейтін жермен жүріп бар!” – депті. Сөйтсе, ана кісі: “Жоқ, мен олай істей алмаймын ғой!” – десе керек. Сонда ғұлама: “Олай болса, сен Аллаһқа емес, адамдарға тәуекел еткен болып шығасың. Адамдардың тамағына ортақтасып, олардың көлігіне мінесің, сөйтіп арамтамақ боласың” – деген екен.

Бір бала қатты ауырады. Балды жақсы көреді екен (балдан аллергиясы болса керек). Баланы емдету үшін оны туыстары Құран аятын оқып емдейтін емші қарияға алып келеді. Емші қария баланы қарап болған соң: “Маған қырық күннен кейін әкеліңдер!» – дейді. Амал жоқ,бала 40 күн шыдайды. Содан соң қарияға қайтадан алып келеді. Сонда қария балаға: “Тәтті кейбір адамның денсаулығын бұзады, сен бал жеуді қой!» – дейді. Бала бал жеуді қояды, ауруынан құлан-таза айығады. Кейін қариядан сұрайды: “Сол сөзді айту үшін 40 күн күттіргеніңіз не?” – деп. Сонда қария: “Мен де балды жақсы көретін едім. Өзім балды жеуді жақсы көре тұра, балдан тыйыл деп қалай айтам? Сондықтан балдан әуелі өзім 40 күн тыйылып, сонсоң барып балаға талап қойдым” – деген екен.

“Кім Аллаһқа (С.Т) қияметке сенсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін” – деген хадисті естіген бала үндемей қояды. Әкесі дәрігерге қаратады. Ол: “Балаңның ешқандай ауруы жоқ, бірақ зеріккен болар,серуендет” -дейді. Серуендеп жүргенде шиқылдап қоймай қойған тотықұсты әкесі ұстап алып, торға салып қояды. Сонда бала тотықұсқа: “Сен үндемей-ақ, шиқылдамай-ақ қойғанда тор-қапасқа түспес едің” – дейді. Мұны әкесі естіп қояды да: “Сен сөйлей алады екенсің ғой, адамды құр босқа әуре-сарсаңға түсіріп жүр екенсің ғой” – дейді де, баласын шапалақпен тартып жібереді. Сонда бала: “Мен сөйлемесем, мен де пайда табатын едім, сөйлеймін деп таяқ жедім” – деген екен.

Бір патша уәзірлерін жинап, кеңес өткізеді. Күн тәртібінде мемлекетті қалай тығырықтан шығару мәселесі тұрады. Ойлануға біраз күн беріледі. Сонда бір уәзір өз жобасын ұсынады. Бұл уәзір патшаның мемлекет ісін жүргізудегі қабілетсіздігін сырттай сынға алып жүреді екен. Сонда патша уәзірге: “Бұл жобаңды өз отбасыңнан бастап көрші” – дейді. Амал жоқ, айбынды патшаның айтқанына уәзір көнеді. Жобасын өз отбасының өміріне енгізіп көреді. Бірақ оның оң нәтижесі отбасы тәжірибесінен көріне қоймайды. Сонда патша: “Бұл жобаң шағын өз отбасыңды жақсылыққа жеткізе алмады, ал шалқар мемлекетті қалай ұшпаққа шығармақшы?” – деген екен. Әрине, уәзір жобасы қабылданбайды, өзінің де басын сипай қоймайды.

Бір мұсылман қыз болады. Оған бір жақсы жігіт ғашық болады, бірақ жігіттің Исламмен жұмысы бола қоймайды. Ақыры екеуі үйленіп тынады. Жігіт әйелін өте жақсы көреді. Тіпті жалғыз Анасына деген құрметіне сызат түседі. Барлық сый-сияпатын әйеліне жасап, Анасын ескерусіз қалдыра бастайды. Мұны көрген әйелі шариғат бойынша талақ сұрайды. Жігіт таң қалып: “Мен сені сыйламадым ба?” – деп сұрайды. Әйелі: “Сыйладың, сен мені Анаңнан да асыра құрметтедің. Мен балалы болмай тұрып ажырасқанымыз дұрыс деп таптым. Өйткені, сендей әкенің тәрбиесін көрген бала ертең ержетіп үйленгенде, мені бір бұрышқа қойып қойса, маған қандай қиын болар еді? Сол қателіктің алдын алғаным жөн болмай ма?” – дейді. Әйелінің сөзін жігіт дұрыс түсініп, Анасына жақсы қарай бастаған екен дейді.

Қаншама жігіт сөз салса да, біріне қарамаған бір байдың қызы өзіне лайық күйеу іздейді. Сөйтіп жүріп бір бай жігітке үйленіп тынады. Бірақ, көп ұзамай жігіт жол апатына ұшырайды. Жігіт мертігіп, мүгедек болып қалады. Қыз одан кетіп қалады. Себебі, оның жігітке деген махаббаты болған жоқ, оның денсаулығына және байлығына деген махаббаты болды.

Бір керемет көркем қыз бір ұсқынсыз, бірақ еңбекқор, сабырлы жігітке тұрмысқа шығады. Жары оны жақсы күтіп, ата-анасынан көрмеген қамқорлық жасайды. Жігіт: “Бұл қыз маған қатты ғашық болған екен” – деп ойлайды. “Мені шын жақсы көріп тидің бе?” – деп, әйелінен сыр тартып сұрайды. Сонда әйелі: “Көңіліңізге алып қалмасаңыз, мен сізге жөнді жауап берер едім” – дейді. Күйеуі: “Айта бер, ренжімеймін” – дейді. Сондағы әйелінің айтқаны: “Ақыры біз бір-бірімізбен үйленгеннен соң, Аллаһтың (С.Т) ризашылығы үшін менің міндетім – сабыр қылу, ал сіздің міндетіңіз – шүкіршілік ету”. “Қызыңды байлығына не болмаса атағына қарап берме, Құдайдан қорқуына қарап бер. Ертең арасындағы махаббат жоғалған кезде: “Бұл маған берген Құдайдың аманаты еді ғой” – деп ойланатын адамға бер» (Хасан Басри).

Бұрын моншада сабын орнына кір кетіру үшін балшықты пайдалатын болған. Бір кісі кір кетіру үшін әкеліп қойған топырақты иіскеп көрсе, жұпар аңқып тұр екен. Ол таң қалып: “Ей,топырақ! Сенің бойыңда мұндай жұпар иіс қайдан жүр?” – деп сұрайды. Сонда топырақ: “Мен гүлдермен сұхбаттас болған едім, бұл иіс содан қалған” – деп жауап беріпті. Сол секілді ғалымдармен сұхбаттасудан ағыл-тегіл білім алып қалмасақ та, оның білімінің хош иісі бойымызда қалып қояды екен.

Бір кісі жаманшылық жасауды кәсіп етіп алса керек. Бір данышпан кісі оған көп уағыз айтып, жаманшылық жасаудан тыйылу қажет екенін айтады. Ал анау болса: “Мен жаманшылық жасамай жүре алмаймын, одан тыйылуым да мүмкін емес” – дейді. Сонда данышпан: “Мен саған өмірбақи жаманшылықты тастап кет демей-ақ қояйын. Сен барынша өзіңді сабырлы ұстап отыз күн шыдап, жақсылық жасап, отыз-ақ күн жаманшылық жасамашы. Отыз күн біткен соң жаманшылығыңды жасай берерсің” – деген екен. Ана кісі осы сөзге тоқтап, отыз күн жақсылық қана жасап, жаманшылықтан тыйылып шыдап баққан екен. Межелі отыз күн біткеннен кейін, отыз бірінші күні жаманшылық жасайын десе жасай алмай-ақ қойған екен.

Бір шайтан (л.а) айырылмастай дос болған екеудің арасына қаншама бүлік салғысы келсе де, ойындағысын іске асыра алмапты. Бұлардың бірі – екі көзі соқыр, бірі – дін аман сау жігіт еді. Бір күні шайтан өзі азғырып, өзінің әскеріне айналдырып алған адам-шайтанға кездесіп, осы жайтты айтады. Сонда адам-шайтан: “Ой,оның несі қиын? Жүр,ол екеуінің достығының мен быт-шытын шығарып берейін” – деп, шайтанды ертіп әлгі екі досқа келеді. Бұлар келгенде олардың жұбы жазылмай бір жаққа кетіп барады екен. Бұлар екі досты тоқтатып алады. Сонда адам–шайтан: “Ей, соқырым-ай! Сен бұны дос көріп жүрсің-ау. Ал бұл сенің көрмейтініңді пайдаланып, сені талай алдап жүр ғой” – дейді де, сау жігітке “Мә!” – деп, дымсыз қолын ұсынады. Сөйтіп кете барады. Ештеңе түсінбеген сау жігіт: “Бұның мұнысы несі?” – деп, таң қалып қала береді. Олар кеткен бойда соқыр жігіт: “Жаңағы адам не беріп кетті?” – деп сұрайды. Сонда сау жігіт: “Ол ештеңе де берген жоқ. Мен де түсінбей қалдым, ол неге маған «мә» деді екен, ә?!” – дейді. “Мүмкін емес, саған “мә” – деді ғой” – дейді соқыр жігіт шүбәләніп. Сау жігіт қанша ант-су ішіп ақталса да, анау ренжіп оған сенбейді. Сөйтіп шайтан бұза алмаған достықты адам-шайтан лезде тас-талқан еткен екен.

Әбу Ханифаға дінсіздер: “Бізге Аллаһты көрсет” – дейді. Ол бір кесеге сүт құйып, оның үстіне су құйып, шайқайды да: “Маған суды көрсетіңдерші” – деген екен.

Англияда Ислам дінін қабылдамақ болған біреудің әйелі Ислам ғалымын мұқатпақ болып: “Мен сенің Аллаһыңа оны суреттеп берсең ғана сенемін” – дейді. Сонда Ислам ғалымы: “Жарайды, сіз маған айтыңызшы, күйеуіңізді сүйесіз бе?” – деп сұрапты. “Сүйем”. “Сенбеймін”. “Неліктен?”. “Мен ол махаббатты көріп тұрған жоқпын. Сіз маған оның салмағын, ұзындығын, енін, көлемін көрсетіңіз. Сонда мен сізге сенейін”. “Оны қалай көрсетемін, ол өлшенетін, көзге көрінетін зат емес қой!”. Сонда ғалым: “Ал Аллаһты көзге көрінетін, өлшемі бар зат деп кім айтты? Мына он сегіз мың ғаламның сыртындағы Аллаһты сізге қалай көрсете аламын?” – деген екен.

Садақаны ықыласпен жасырын берген адам.

Мұны бейнелеп айтқанда – оң қолының бергенін сол қолы көрмей қалған адам. Бір имам жамағат намаздан кейін: “Мен біршама қаражатқа мұқтаж болып тұрмын. Аллаһ (С.Т) ризашылығы үшін қол ұшын бермес пе екенсіздер?!” – дейді. Жамағат ішінен ешкім суырылып шыға қоймайды. Имам кешке үйінде отырса, бір намазхан рұқсат сұрап кіреді де: “Сізге қажет болған қаражат – міне. Аллаһтың (С.Т) ризашылығы үшін әкеліп тұрмын” – деп әкелгенін қолына ұстатып, кетіп қалады. Келесі жамағат намазында имам көпшілікке қарап: “Жамағат! Кеше мен сіздерге қаражат қажет болып жатқанын айтып едім. Орталарыңыздағы пәлен деген кісі маған сол мөлшердегі қаржыны әкеліп берді. Қане, сол кісіге Аллаһ (С.Т) разы болсын деп қол жайып, дұға етіп қоялық” – дейді. Сонда қаражат берген кісі: “Құрметті жамағат! Мен ешқандай қаражат берген жоқпын, берген болсам, өзіме қайтадан бере қойыңызшы” – деп имамнан қаржыны алып, үйіне кетіп қалады. Имам түкке түсінбей, аң-таң боп қала береді. Сол күні тағы да кешке үйінде отырса, кешегі кісі келіп кіреді. Сөйтеді де: “Мен сізге кешегі қаражатты Аллаһтың (С.Т) ризашылығы үшін, ықыласыммен жасырын берген едім. Сіз оны көпшілікке жариялап, менің сауабымды кемітетін іс қылдыңыз. Сонсоң сізден қаржымды қайтарып алуыма тура келді. Енді, міне, кешегі ақша, мынау тағы сондай мөлшердегі қаржы, сізге Аллаһтың ризашылығы үшін беріп тұрмын. Қабыл алыңыз, бірақ бір өтінішім – мұны енді ешкімге айта көрмеңіз” – депті.

Кәпірдің үш сұрағына – мұсылманша бір жауап

Бір күні ант атқан бір кәпір иманды әрі ақылды мұсылман қарияға келеді. Екеуі көрші еді. Қасында өзі сияқты Құдайға сенбейтін бір топ кәпір бар еді. Ол әлгі иманды қарияға: “Саған тура үш сұрақ қоямыз. Бірақ жауаптары өте қиын. Көрейік, жауап бере алар ма екенсің?” – дейді. “Сұраңдар, көрейік!” – дейді қария. Кәпір былайша сөз бастады:

“Бірінші сұрағым: “Құдай бар” – дейді, бірақ көрген де, көрсете алған да ешкім жоқ. Сондықтан мен “жоқ” – деймін. Қалай ойлайсың?

“Екінші сұрағым: “Тозақта шайтан жанады” – дейді. Ал шайтанның өзі оттан жаралған. Сонда от отты қалай жағады?

“Үшінші сұрағым: ” Адамның бар тағдыры алдын-ала маңдайына жазылған” – делінеді. Олай болса, адам істеген ісі үшін неге жауап беруге тиіс?”.

Кәпірдің осындай сұрақтарынан кейін қария ойланыңқырап барып былай деді: “Сол үш сұрағыңа беретін бір ғана жауабым – мынау” – деді де, жерден үлкен кесек топырақ алды да, қос қолдап көтеріп тұрып, кәпірдің басынан бір-ақ ұрды. Кәпірдің басы айналып, тәлтіректеп құлауға шақ қалды. Мең-зең басын ұстап, ауырсынып тұрып қалды. Көпшілік түгел таң қалды. Бұл қандай жауап болғаны? Ал кәпір болса, мұсылман қарияның үстінен шағым айтуға қазыға келді. Әрине, куәлері де қасында еді. Сот басталды. Қазы қариядан сұрады: “Неге мынаның басын дәу кесекпен ұрдың? Өзінің айтуына қарағанда, басы әлі ауырып тұр екен?”. “Ия, қазы мырза, оның басынан кесекпен ұрдым. Өйткені, оның үш сұрағына қайтарған бір ғана жауабым еді. Қалай десеңіз: бірінші сұрағына жауабым: ол қазір басының ауыратынын айтып отыр. Оның ауырып отырғанына мен сенбеймін. Өйткені, оның басында жара жоқ, қан жоқ. Жарақатын көрсетпесе, қалай сенемін? Бұның өзі айтып отыр, Құдай көрінбесе, оған қалай сенем деп?! Сондықтан мұның ауруын біздің де көзіміз көріп отырған жоқ, сондықтан мұның кесектен басы ауырып отырғанына, құрметті қазы, сіз де сенбеңіз. Екінші жауабым да осыған байланысты: Адамның тегі – топырақ. От отқа күймейтін болғандықтан, мен лақтырған кесек те топырақтан жаратылған адамға зақым келтірмеуі тиіс қой. Үшінші сұрағына былай жауап бердім: Басына күндердің күнінде кесек топырақ тиетіні пешенесіне жазылған екен. Ендеше мұның өзі соған бола неге сотқа келіп шағымданады?”.

Қазы кәпірге қарады да: “Мұның бәріне сен не дейсің?” – деп сұрады. Кәпір былай деді: “Көршімнің айтқандарының бәрі дұрыс және орынды да, мен енді Аллаһтың (С.Т) бар екеніне сенемін. Кейбір нәрселерді біздің мына көзімізбен көруге болмайды екен. Өйткені, біздің көзіміз барлық нәрсені көретіндей етіп жаралмаған екен. Қарияның басқа айтқандары да дұрыс. Енді мен де мұсылман боламын” – депті. Ол сөзінде тұрып, көп кешікпей мүминге айналып, көршісімен тату-тәтті тұруға тырысты.

Жігіт пен қыз

“Сізде ақыл қанша, нәпсі қанша?”.

“Бізде ақыл – тоғыз, нәпсі – біреу”.

“Ал бізде ше?”.

“Сізде ақыл – біреу, нәпсі – тоғыз”.

“Бұл ақылмен тоғыз нәпсіні тыйып, бір Аллаһқа құлшылық етемін”.

“Тоғыз ақылмен бір нәпсіні тыйып, бір Аллаһқа ғибадат жасаймын”.

Бұл қыз бен жігіт Имам Ағзамның ата-анасы болып шығады.

Хазіреті Әлиден (р.а) сұрапты:

“Ілім жақсы ма, мал жақсы ма?”.

“Ілім жақсы”.

“Ілімді жақсы деуге қандай дәлел бар?”.

“Оған төмендегідей дәлелдер бар:
Малды сен асырап, қорғаушы боласың.

Ілім саған асыраушы, қорғаушы болады.
Малды жұмсаса азая береді.

Ілімді жұмсаса көбейе береді.
Мал бұл дүниеде қалады.

Ілім ақіретке барады.
Мал жүректі қарайтады.

Ілім ағартады.
Малды адамның дұшпаны көп.

Ілімдінің досы көп.
Малды кісі ақіретте есеп береді.

Ілімнен есеп алынбайды.
Мал көп тұрса, іріп–шіріп жоқ болады.

Ілім уақыт өткен сайын қуаттанады.
Мал – Харун (Қарынбай), Перғауыннан мирас.

Ілім – пайғамбардың мирасы.
Малды кісіні сараң деп атар.

Ілімді кісіні құрметпен атар.
Малды ұрыдан сақтау керек болады.

Ілімді ұры ала алмайды.

Әбу Әли ибн Синаның хикаялары

Бір күні түнде шипагердің үиіне аттылы, түйелі екі адам келіп, көліктерін байлап өздері керуен сарайға қонады. Ертеңгілік ерте тұрған ибн Сина аттың байлауын тез шешіп, түйенің байлауына келгенде әбден машақаттанады, шеше алмайды. Сол кезде оның қасына аттылы жолаушы келеді. Ибн Сина: “Япырай, мына түйелі кісі ақылынан қатты адасқан адам екен” – дейді. “Тақсыр, оныңыз рас, бірақ ол кісінің өзін көрмей жатып, ауруын қалай біле қойдыңыз?” – деп таң қалған жолаушыға шипагер: “Есалаң ауру байлаған жіпті ақылды адам шеше алмайды” – депті сонда Авиценна. Қазақта “Соқырдың тыққанын сау таппайды” деген мақал бар.

Бір күні бір-біріне еріп екі жынды кетіп бара жатады. Қасындағылар Ибн Синадан: “Мына екеуінің ең сорақысы қайсысы?” – деп сұрапты. Дәрігер: “Соңғысы, себебі жындының өзінен гөрі оған ергені, ілескені жаман” – депті.

Бір әйел келіп: “Күйеуім әл үстінде жатыр” – деп, үйіне молданы шақырады. Молда барып әл үстінде жатқан адамға дем салады. Құлағына “Лә иләһә иллаАллаһ” – деп сыбырлайды. Ауру адам бұл сөзді қайталай қоймайды. Молда: “Естімей жатыр ма?” – деп, екінші рет сыбырлайды.Сонда ауру кісі: “Мені неге қинай бересің? Айта алмаймын оны, екі періште келіп аузыма таразы тығып жатыр” – дейді. Бұл кісі қайтыс болып, жаназасы өткен соң, оның әйелінен молда сыр тартады. Әйелі айтады: “Бұл кісі саудагер еді. Базарда ет сататын еді. Екі таразысы бар еді. Өзі ет сатып алар кезде, кем өлшейтін таразысын пайдаланар еді, ал өзі біреуге ет сататын кезде, артық өлшейтін таразысын қолданар еді. Сөйтіп пайда табар еді”. Міне, осы оңай олжа оның бұл өмірден имансыз өтуіне себеп болыпты. Жаны шықпай жатып, періштелер тарапынан жаза көріпті.

Көршінің жағдайын ойлаған көршілер

Осман мемлекетінің патшасы Фатих Сұлтан Мехмет бір күні тағамдардың сапасын және бағасын білу үшін киімін өзгертіп, базарға шығады. Бір дүкенге кіріп, сатушыға сәлем бергеннен кейін: “Маған жарты келі май, жарты келі бал, жарты келі ірімшік беріңіз” – дейді. Сатушы жарты келі май өлшеп болғаннан кейін, ақшасын алып болғаннан кейін: “Аға, сұрағандарыңыздың қалғанын көршімнен алыңыз. Өйткені, оның заттары әрі жақсырақ, әрі көршім әлі ештеңе сатпады” – деді. Патша екінші дүкенге кіріп, ол жерден жарты келі бал алып жатқанда: “Аллаһқа шүкір, аға! Мен бүгін саудамды бастадым, балаларымның жейтін тамағымның ақшасын таптым, ал көршім ештеңе сатқан жоқ, ірімшікті көршімнен барып алсаңыз дұрыс болар еді” – дейді. Сол кезде патша: “Бұл халық осындай тамаша ахлақтарымен дүние жүзін өзіне қаратады. Халықтың осы таза кісілік қасиетін бұзған адамға Аллаһтың қаһары жаусын!” – деген екен.

Хасан Басри айтқан екен: “Адамның үш түрі бар. Бір адамдар – тамақ секілді, онсыз күнің жоқ. Екінші бір адамдар – дәрі секілді, оны да оқта-текте ішуге мәжбүрсің. Ендігі бір адамдар – ауру секілді, оның ешкімге де керегі жоқ”.

Абдульмалик деген халифтың қабылдауына кірген біреу: “Қасымызда ешкім болмаса екен” – деп қиыла өтініпті. Халиф нөкерлеріне: “Шығыңдар!” – деп ымдапты да, құпияшыл пендеге былай депті: “Мақтаймын деп әуре болма, мен өзімді өзгеден гөрі жақсы білемін. Өтірік айтпа, суайттарға жаным қас, сонымен бірге өсекші-саққұлақтарды да оңдырмаймын. Қане, енді бірнәрсе айтқың келе ме? Ана бейбақтың тізесі дірілдеп: “Хақ жолындағылардың басшысы! Мен келген ізіммен қайтсам қалай болады?” – депті.

Халиф Әбу Аббас Халид ибн Сафуаннан: “Сен әйелдердің ішінде қандайын ұнатасың?” – деп сұрады. Ол кісі былай деп жауап беріпті: “Мен қызды да емес, кемпірді де емес, ақылы піскен әйелді ұнатамын. Маған аса сұлудың да керегі жоқ, алыстан асқар, жақыннан аяулы көрінсе болғаны. Тал бойы – құрақтай, бөксесі құмның бұйратындай айшықталса деймін. Ол өзі бай-бар ортада өсіп, бой жете келе таршылық көрсе тіпті жақсы. Байлықтың арқасында алған білім жарлының қарапайымдылығымен қандай үйлесер еді! Екеуміз оңаша қалғанда, ол мені махаббатымен баураса, ал мен жолаушылап кеткенде арды қадірлеп, тек о дүниені ойлап жүрсе ғой!”. Сонда: “Мен саған сол қалағаныңды таптым!” – деп гүр ете қалыпты халиф. “Қайдан? Қане?”. “Ондай әйел саған жұмақта ғана жар болады. Ендеше, сонда баратындай боп, лайықты өмір сүр” – деген екен Әбу Аббас.

Мәжуси мен діндар бірге сапар шегіпті. Жол үстінде діндар мәжусиден: “Сен неге Исламға мойынсұнбай жүрсің?” – деп сұрапты. Ал ол: “Аллаһ рұқсат берсе, қайда қашамыз?” – дей салыпты. Жауапқа көңілі толмаған діндар: “Е-е, Аллаһ рұқсат беруін беріп-ақ тұр ғой, бірақ сенің мұсылман болуыңды шайтан қош көрмей тұр” – деп басын шайқаса, анау саспастан: “Кім күшті болса, мен соның жағындамын” – дейтін көрінеді.

Дана Ескендірден: “Сіз неге әкеңізден гөрі тәлімгерлеріңізді әз тұтасыз?” – деп сұрапты. Сонда Ескендір: “Әкем маған өтпелі өмірді ғана берді, ал тәлімгерім мәңгілікке баратын жанымды жанып бекемдеді” – деген жауап беріпті.

Бір жігіт көшеде келе жатса, қартаңдау кісі топырақты сүзіп, әлдене іздеп, еңбектеп жүр екен. Күн батып, іңір қараңғылығы түсіп қалған кез болса керек. “Не іздеп жүрсіз, ата?” – деп сұрапты жігіт. “Алтын жүзігімді жоғалтып алдым” – депті қария. “Мен сізге көмектесейін” – деп жігіт те іздеуге кірісіп кетіпті. Әбден әуреге түсіп, шаң-топыраққа батқан соң жігіт: “Ата, жүзігіңізді дәл осы арада жоғалтып па едіңіз?” – деп сұрапты. “Жоқ, үйде жоғалтып алғам” – депті қарт. “Онда неге көшеден іздеп жүрсіз?”. “Өйткені, үйде жарық жоқ, ал далада жарықтау” – деген екен әлгі кісі. Сол секілді кейбір адамдар өз бақытын, өмірінің мәнін Исламның сыртынан іздейміз деп адасады. Исламнан сырт қалған дүние жоқ екенін, бүкіл болмыс атаулының Аллаһтың қолында екенін мойындауға ой-санасы жете бермейді.

Есте жоқ ескі заманда бір ауылдың имамы қайтыс болады. Ел оны соңғы сапарына шығарып салуға дайындалып жатқанда, сол кезде өмір сүрген бір пайғамбарға Аллаһтан: “Имамды кәпірлермен бірге жерлеңдер, ол – мұсылман емес” – деген уахи келеді. Естіген ел есінен тана жаздайды: “Бұл қалай?! Имам кәпір болса, біздің жағдай қандай болғаны?” – деп қатты таң қалады. Әлбетте, Аллаһтың айтқаны талқыланбайды. Имам кәпірлер қорымына қойылады. Сонан соң имамның жақындары оның жесірінен сыр тартып, байқап көреді: “Бұл бейшара Аллаһқа қай жерден жазып қалды екен?” – дейді олар. Ал әйелі: “Қайдан білейін? Барлық парызды орындап-ақ жүруші еді ғой. Намазын да оқып, оразасын да тұтып, уағыз да айтатын. Бірақ, кейде үйде оңаша отырғанда: “Осы Құдай деген шынында бар ма екен әлде ойдан шығарылған болды ма екен?” – деп өзімен-өзі сөйлесіп қойып отырушы еді. Сонысынан жазып қалмаса, басқа еш әбес қылығын байқаған емес едім” – депті.

Дінсіз біреу діндарға келіп былай депті: “Молдеке, мен өмірімде көп күнәға батып ем. Күнәмнан арылтып, Аллаһтың кешірімін әперші”. “Сенің жүрегің бес лай арық құйып жатқан тоған секілді екен. Тоғанның лайланғаны сондай, ботана суын ағызып қана тазартуға болады” – депті сонда діндар. “Ол не қылған бес арық?”. “Ол жамандық пен надандық әкелетін бұлақтар ғой” – депті діндар. “Бірінші арық – сенің көздерің. Мұсылман әйелдерге бұзылған көзіңді сүзе берме. Екінші арық – сенің аузың. Егер ораза ұстап, дұға оқып жүрсең – Аллаһқа жағасың. Шариғат қаламағанды ішіп-жеуші болма. Үшінші арық – бұл сенің миың, сені әділетсіз, залым қылып, менмендік пен өркөкіректікке бастап жүрген – сол. Төртінші арық – сенің аяқтарың, сені көргенсіз жолға бастап, жын- ойнақ пен қызойнаққа апарып жүрген – сол. Бесінші арық – кеселді сөз бен өсек теріп жүрген сенің құлағың. Осы бес арықты ағызып жіберсең – шықтай тұнып, тазарып шығар едің”. Сонда әлгі адам: “Екінші рет қайталамаймын, я Жаратқан Ием, өзің жар бола гөр!” – деп, тәубесіне келген екен дейді.

Бір келіншек әкесін өте қатты жақсы көреді екен. Күндердің бір күнінде әкесі өледі. Оған күйеуі қалай естіртерін білмейді. Содан ол әйелін төркініне қарай алып келе жатады. Жолда жігіт айтады: “Мен саған бір сөз айтсам ба деп жүр едім. Екінші әйел алсам қайтеді?”. Сонда әйелі оның сөзін көңіліне ауыр алып: “Менен не жамандық көрдің?” – деп бұртиып қалады. Жігіт қайынатасының үйіне жақындай бергенде: “Жай айтып едім, негізінде менің айтайын дегенім ол емес, менің айтқым келгені – сенің әкең қайтыс болғандығы еді” – дейді. Сонда әйелі жұлып алғандай: “Аллаһтың тағдырына жазғаны сол шығар, Аллаһқа қалай қарсы шықпақсың? Артының қайырлысын берсін! Бірақ сен шынымен де екінші әйел алмайтын болдың ба?” – деген екен.

Медреседе оқитын бір шәкірт біршама білім алған соң, елі есіне түседі. Үйіндегі ауру шешесі де ойынан шықпайды. Содан соң ұстазынан рұқсат сұрап, еліне қайтады. Жолда келе жатып, бір қанаты сынған кептерді көреді. Бір қызығы, оған бір қырғи жем тасып, асырап жүр екен. Бұл көрініске таң қалған жігіт: “Мені де, менің шешемді де Аллаһ Тағала өлтірмес. Біз қанаты сынған кептер болсақ, бізді асырайтын бір қайырымды қырғи табылар, алаңдамай білім ала берейін” – деп медресеге қайтады. Содан ұстазына болған оқиғаны баяндап, не үшін қайтіп келгенін түсіндіріп бағады. Сонда ұстаз: “Неге сенің қанаты сынған кептер болғың келеді, неге сенің қырғи болғың келмейді?” – деген екен.

Бір жалғызілікті әйелдің баласы қызуы көтеріліп қатты ауырып қалады. Дәрігерлер ақымен емдейді екен. Оған әйелдің қаржысы болмайды. Сондықтан әйел түнде тахаджуд намазына тұрып, Жаратқан Аллаһқа жалбарынып дұға жасайды. Содан соң бар қолынан келгенін жасап, баланың ыстық маңдайына сулы шүберек баса береді. Түнде есік қағылады. Ашса – дәрігер екен. Ол келе сала: “Ауру бала қайда?” – деп сұрайды. Анасы: “Анда жатыр” – дейді. Дәрігер балаға укол салып, қызуын қайтарады. Пайдалы кеңес беріп, біршама дәрі-дәрмек те қалдырады. Сонсоң чек беріп, емдеу ақысын сұрап, ақша талап етеді. Әйел: “Ақшам жоқ” – дейді. Сонда дәрігер: “Онда мені неге шақырасың?” – дейді. Ол болса: “Шақырған жоқпын” – дейді. “Қалай шақырған жоқсың, адресің мынандай ма?” – деп сұрайды дәрігер. Сол кезде әйел айтады: “Бұл – біздің көршіміздің адресі” – дейді. Сөйтсе, дәрігердің өзі жаңылысып кетіп, бұларға бас сұққан екен. Аллаһтың бұл әділдігіне куә болған дәрігер: “Аллаһу акбар!” – деп айқайлап жіберген екен.

Бір университетте ұстаздық ететін профессордың жүрегі қатты ауырады. Әртүрлі тексеруден өткен оның дауасы жоқ дертке ұшырағаны белгілі болады. Ұзақ ізденістен кейін оған жер бетінде жүрегін жаза алатын ешбір емхана жоқ екені мәлім болады. Оның үйі қасапхананың жанында екен. Бір күні терезеден қарап тұрса, бір әйел қасапханадан сыртқа тасталған қалған-құтқан еттерді жинап жүреді. Ол әйелден: “Неге былай етесің?” – деп сұрайды. Сонда әйел: “3-4 ұл-қызым бар, қызылсырады, жарты жыл болды, жарытып ет жеген жоқ” – дейді. Профессордың әйелге жаны ашып: “Сендерге күніне қанша ет керек?” – дейді. Әйел қанша ет керек екенін айтады. Профессор қасапханашыға ақша төлеп: “Мына әйелге осынша ет беріп тұр!” – деп тапсырады. Бұған әйел риза болып, қуанып, бала-шағасымен бәрі дұға жасайды. Арада бір-екі ай өтеді. Профессордың жүрегін тексеріп отырған доктор қайран қалады. Сөйтсе, жүрегі жүз пайыз жазылып кетіпті. Медицина тарихында мұндай нәрсе кездеспеген екен. Аллаһ Тағала жетім мен жесірдің дұғасын қабыл етіп, әлгі ауру профессордың ауруы жазылып кетсе керек.

Көшеде келе жатқан бір адам асыл алқа тауып алады. Ол алқаға қызығып, өзі алғысы келеді. Сол кезде: “Кім алқаны тауып берсе, сүйіншіміз пәлен динар” – деген дауыс шығады. Ал асыл алқаның бағасы пәлен динар өте аз екен. Бірақ әлгі адам Аллаһтан қорыққандықтан алқаны өзінің иесіне қайтарып береді. Ол бір күні сапарға шығады. Жолда керуені қарақшылардың шабуылына ұшырап, өзі әрең құтылады. Сөйтіп жүріп бір аралға тап болады. Жат жерге жақсылық жеткізуге тырысады. Аралдағы адамдарға дін үйретеді. Олардың жүрегіне ізгілік дәні себіледі. Өздеріне осындай пайдалы ілім үйреткен ұстаздарын қатты құрметтейді. Жергілікті тұрғындар ұстаздарына ай десе аузы, күн десе көзі бар бір қыздарын беріп, үйлендіреді. Үйленіп, үй-жай болған ұстаз өзінің жарын көрсе, оның мойнында баяғыдағы асыл алқа көрік беріп тұр екен. Сонда әлгі ұстаз: “Алқаны иесіне Аллаһтан қорқып қайтарып едім, ақыры адал жолмен қайтадан өзімді тапты-ау! Аллаһқа шүкір! – деген екен.

Бір ұры бір үйді тонау үшін терезеден түседі. Сөйтсе, оңаша бөлмеде бір қыз жатыр. Бұл әрең шыдайды. Өйткені, оған бір ақсақалдың айтқан ақылы есіне түседі: “Егер Аллаһтан қорқып, оңай олжадан тыйылсаң, ол адал жолмен өзіңе қайтып келеді”. Ұры Аллаһтан қорқып қызға тиіспей, терезеден қайтадан шығып кетеді. Сөйтіп тәубе етеді. Ол ұрлықты қойып түзу жолға түседі. Айналасындағылар мұны құрметтей бастайды. Сөйтіп, абыройы арта береді. Бірте-бірте билікке араласады. Ақыры, патша оны бір қаланың әкімі етіп тағайындайды. Ол патшаның ең сенімді адамына айналады. Бір күні патша оны үйлендіргісі келіп, бір бай саудагерге құда түсіп, оның қызын алып береді. Қараса, тонауға келгенде көрген оңаша бөлмеден көрген қыз екен.

Әкесі баласын мешітке намазға жиналғандарды шақырып келуге жібереді. Бала барып 3-4 адамды ғана шақырып келеді. Әкесі: “Неге бәрін шақырып келмедің?” – дейді. Сонда бала: “Намаз оқуға келгендер – осылар ғана” – дейді. “Неге, намазға адамдар бұдан әлдеқайда көп жиналған жоқ па?” – дейді әкесі. Сөйтсе, бала мешіттен шыққандардың бәрінен: “Фатихадан кейін қандай сүре оқылды?” – деп сұрап шыққан екен. Оны осы 3-4 адамнан басқа ешкім есіне түсіре алмапты. Қалғанының бәрі басқа ойда тұрған болса керек.

Бір кемпірдің қызы уағыз тыңдауға барып жүреді. Уағыз айтушылар үлкен ғалымдар екен. Бір күні кемпір қызынан: “Олар өздерінің уағызында не айтады?” – деп сұрайды. Сонда қыз: “Олар Аллаһтың бар екеніне мың дәлелге дейін келтіре алады екен” – дейді. Бұл жауапқа кемпір таң қалып: “Әбден шаршаған екен ол ғалымдар. Аллаһтың бар екеніне мың дәлелдің керегі не еді, жанымыз қысылса Аллаһ дейміз, соның өзі дәлел емес пе?” – депті.

Исаак Ньютон тәжірибе жасау үшін бір бөлмені дайындайды. Бөлмені ешқандай саңылау қалдырмай тарс жабады. Сөйтсе, бөлме ішінде екі мысық қалып кетеді. Соларды сыртқа шығару үшін бөлмені тесуге тура келіпті. Сонда Ньютон үлкен мысыққа кең, кішкентай мысыққа тар тесік қалдырыпты. Сондай ғалым адамның оның екеуі де бір үлкен тесіктен шығып кете алатынына миы жетпей қалыпты.

Фридрих-4 деген патша өлмей тұрып өзіне табыт жасатады. Табытты екі бүйірін тесіп қалдыруын бұйырады. Соңында өсиет қалдырып өледі. “Табыттың тесігінен екі қолымды шығарып, екі алақанымды жайып қойыңдар” – деп айтып қайтыс болады. Өсиеті орындалады. Адамдар: “Патшамыз ақымақ екен әлде алжып өлді, әйтпесе соңында жөні түзу өсиет қалдырар еді ғой” – деп өсектейді. Сонда сол патшаның уәзірі: “Ол емес, біз – ақымақпыз! Ол айтып кеткен жоқ па: “Ең бай адам мен едім, о дүниеге, мінекей, ештеңе әкетіп бара жатқан жоқпын” – деп” – депті.

Араб халифаларының бірі елдегі бір сыйлы кісінің дәрежесін көтермекші болып, оны бір қалаға әкім етіп тағайындау туралы жарлық беріпті. Халифаның мырзасы (хатшысы) жарлықты қағазға түсіріп жатқан. Осы кезде бір сәби бала келіп, халифаның тізесіне шығып отырып алды. Халифа да оны басынан сипап еркелетіп, бетінен сүйіп, тізесінен түсірмей алып отырады. Әкім болатын кісі мұны көріп: “Бұл бала өзіңіздікі ме?” – деп сұрапты. “Жоқ, бұл баланың ата-анасы дүние салған. Бір кісідей кісілер болатын. Мен баланы өз қарамағыма алдым. Өз баламдай қарап, өсіріп жатырмын” – деді Халифа. Әкім мына жағдайды естіп, Халифаның осыншалық мейірлі жұмсақтығына айран-асыр болып: “Менің он балам бар, жетім тұрмақ мен өз балаларыма тісімнің ағын көрсетіп жымиған адам емеспін. Олар менің алдымда безілдеп, қорқып тұрады. Сіздің бір ғана жетім балаға көрсетіп жатқан мына қамқорлығыңызға таң қаламын” – дейді. Халифа жазылып жатқан жарлықты табанда алып жыртып тастап, маңындағыларға: “Бұл адамды әкім етіп тағайындауды мен қаламаймын. Өз балаларына осынша тасбауыр болған адам халыққа қаншалық пайда келтіреді?!” – деген екен.

Осыдан мыңдаған жылдар бұрын Бағдад өте бай да әсем қала болған. Онда әлемдегі ең ұлы империя – Абассидтер империясының астанасы орналасты. Империяны атақты Харун ар-Рашид басқарған. Бағдад дүниенің төрт бұрышынан керуендер ағылып келіп жататын ірі сауда орталығы болды. Алайда, бұл қала тек байлығымен ғана емес, ағартушылық орталық ретінде де әлемге әйгілі еді. Сол Бағдадта Сари аль-Сакати атты ағасының тәрбиесінде өскен, Аллаһқа шын берілген Джунаид атты ұлы ұстаз бар еді. Бірде он бір жастағы Джунаидты ағасы Меккедегі аль-Харам мешітіне алып барады. Мұнда келсе, төрт жүзге тарта кемеңгер “қайырымдылық” ұғымына нақтырақ түсінік беру үшін талқылау үстінде екен. Джунаид пен ағасы шетке жайғасып мұқият тыңдап отырды. Қарт Сари немере інісінің ақылына тәнті болып жүруші еді, сондықтан бұл жолы да оның ойын білгісі келіп, басқалардың назарын өзіне аудару үшін жөтеліп алды да: “Әрине, ағалар, сіздердің барлықтарыңыздың ойларыңыз қажет те, мақтауға тұрарлық. Бірақ мейірімділік танытып, менің немере інімді тыңдап көріңіздерші. Ал, Джунаид, не айтасың? Шынайы қайырымдылық дегеніміз не?” – деді. Ғалым ағалар үнсіз ғана балаға көз тастады. Ол көтеріңкі дауыспен: “Қайырымдылық – Аллаһтың бізге берген ризықтарына қастандық жасамау және оны біреуді бағындыру үшін қолданбау керек деген ұғым” – деді. Мұндай тиянақты жауапқа ғалымдар таң қалды. Тіпті қарт Сари де жымиып: “Джунаид, сенің тілің – Аллаһ Тағаланың берген сыйы” – деді. Кейіннен Джунаид ержетіп, Бағдадта ұстаздық қызмет етті. Шәкірттері оның адамгершілігі мен шынайылығын өте жоғары бағалаған. Кейбірі тек дәрісін тыңдауға келсе, біреулері бірге тұратын болған. Кемеңгер ұстаз шәкірттерінің бәріне де үлкен махаббатпен қарады. Алайда бір бала оның ерекше назарында болды. Ал басқа балалар бұған қызғанышпен қарай бастады. Джунаид: “Ол ақылдырақ және Аллаһқа деген ерекше сезіммен тәрбиеленген” – деп түсіндірді де, бұған олардың қөздерін жеткізу үшін барлық шәкірттеріне тапсырма берді: “Әрқайсысың құс базарына барып құс сатып алыңдар да, оны ешкімге көрсетпей өлтіріп, маған алып келіңдер!” – деді. Балалардың барлығы да құс сатып алып, оны өлтіріп, Джунаидқа әкеліп көрсетіп жатты. Кенеттен бөлмеде құс қиқуы мен қанат сыбдыры естілді де, ұстаз алдына қолына тірі құс қондырған сүйікті шәкірті оралды. Бәрі де аң-таң. Бірі: “Бауырым, саған не болған? Немене, ұстаздың бұйрығын орындағың келмей ме?!” – десе, екіншісі: “Міне, ақымақ!” – деп күлісті. Ал Джунаид шәкіртінен: “Сен неге құсты өлтірмедің? Мұны қалай түсіндіресің?” – деп сұрады. “Ұстаз, сіз құсты ешкім көрмейтін жерде өлтіруді бұйырдыңыз, бірақ бұл мүмкін емес қой. Неге десеңіз, Аллаһ Тағала біздің не істегенімізді, не ойлағанымыздың бәрін де көріп тұрады. Ұлы да шексіз көреген Аллаһтан бір нәрсені жасыру мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Міне, сондықтан да Аллаһтан қорыққанымнан құсты өлтіре алмадым” – дейді ақылды бала. Джунаид оған риза болып, шәкірттеріне: “Ал сендер оның бәріңнен де ақылдырақ екенін және Аллаһқа деген махаббатының ерекше екенін енді түсіндіңдер ме?” – деп еді, шәкірттері өз қателерін түсініп кешірім сұрады. Сондай-ақ, осы балаға ұқсап Аллаһқа жақындай түсуді ойлап, іштей Жаратушыға жалбарына бастады.

Бір кісі дастархан басында отырса, әйелі піскен тауықты бүтіндей алдына әкеліп қояды. Енді жей бергенде, есік қағылады. Ол әйеліне: “Барып қарап келші, кім екен?” – дейді. Әйелі барып қарап келіп: “Қайыршы екен, тамақ сұрайды” – дейді. Күйеуі: “Тамақ жоқ деп, есікті жаба сал!” – деп бұйырады. Әйелінің жаны ашып: “Ең болмаса, бір санын берейік те” – дейді. Сонда күйеуінің ашуы ұстап: “Әй, мен саған айттым ғой, жоқ деп қуып жібер деп” – деп, тамақ бергізбей қояды. Көп ұзамай осы кісінің өзі жоқшылыққа ұщырап, әйелін асырай алмай қоя береді, өзі ел-елді кезіп тентіреп кетеді. Кейін әйел басқа күйеуге шығады. Бір күні ол күйеуінің алдына тауық асып әкеліп қойғанда , есік қағылады. Барып қараса, қайыршы екен. Күйеуіне: “Қайыршы екен, тамақ сұрайды, бірдеме беріп қоймаймыз ба?” – дейді. Күйеуі алдындағы бүтін тауықты беріп: “Мұның бәрін апарып бер!” – дейді. Әйелі риза болған күйде, тауықты апарып бергеннен кейін, жылап қалады. Жолдасы: “Саған не болды?” – деп сұрайды. Сонда жұбайы: “Ілгеріде бұрынғы күйеуіме тауық пісіріп алып келгенде, дәл өстіп біреу есікті қаққан еді,қарасам тамақ сұрап тұрған қайыршы екен, күйеуім ешнәрсе бермей қойған еді. Ал сіз тауықты бүтіндей беріп жібердіңіз. Бұл қайыршы – менің бұрынғы күйеуім екен” – дейді. Сонда күйеуі: “Сол сендердің үйден тамақ сұраған қайыршы мен болатынмын” – деген екен.

Бір адам есекпен келе жатыпты. Жолда есек сүрініп кеткен көрінеді. Иесі: “Сорлы есек” – депті. Сонда оң иықта отыратын періште: “Бұл сөзді жақсылықтар қатарына жатқыза алмаймын” – депті. Сол иықтағы періште: “Мұны жамандықтар қатарына жаза алмаймын” – депті. Сол кезде аспаннан үшінші періште келіп, айтқан екен: “Оң жақтағы періштенің жазбағанын сол жақтағы періште жазуға тиіс”. Сонда ауыздан шыққан әрбір сөзге жауап береді екенбіз!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: