8-наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзікжандыларға тиесілі бағдарламалар мен мақалалар, жиындар мен отырыстар күрт көбеюі табиғи мәселе.
Әу баста 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні деп аталудың түрлі себеп пен саяси мақсат болғаны анық. Дегенмен, бұл күн бірте-бірте әр түрлі ұлттардың мәдениетімен араласып, мәдени және қоғамдық құбылыс ретінде қабылданып кетті.
Ислам мәселесіне келер болсақ, шариғатта әйелдер не болмаса ерлер күні деген мейрам ежелден жоқ. Алайда, бұл айтылғаннан «Ислам әйел адамды құрметтеп қастерлемейді» деген ой туындамауы тиіс. Неге?
Бұл мәселені түсіну үшін тарихқа бір назар салайық! Мәселен, бізге «өз кезінде өркениеттің озығы болған Рим империясында» әйел адам ердің құлы, бір шаруасын атқаратын аспап-құралы ретінде қабылданған. Осы себептен болар көне дәуір саясат, сәулет т.б. саладан біз бірде-бір әйелдің есімін білмейміз. Тіпті спорттың өзі әйелдер үшін жат іс болып есептелетін.
Көне Үндістан өркениетінде әйел адам өлім, у, тозақ деген ассоциацияланып, тіпті «отың өзі әйелдер хайырлы» деген философиялық көзқарас кеңінен тараған болатын.
Кейбір діндерде әйел адамзат күнәға батуының басты себебі ретінде қарастырылған. Мәселен, яһуди және христиан дінінде.Одан берісін алар болсақ, 586 жылы Францияда «әйел адам ба әлде адам емес пе?» деген мәселе көтерілген болатын.
Ұлы Британияға келер болсақ, Генри VIII әйелдерге өздерінің Киелі кітабын оқуына тыйым салған болатын. Сонымен қатар 1850 жылға дейін ағылшын әйелдері Англия азаматы ретінде есептелмеген. Дәл сол Англияда 1885 жылға дейін әйелзат жеке тұлға ретінде қабылданбаған.
Ислам мәдениетіне келер болсақ, Исламның бастапқы кезеңінен-ақ әйел ермен тең дәрежені иеленді, тіпті ер адамның жәннатқа кіруіне әйел адам себепкер етілді. «Жәннат аналарыңның аяқтарының астында» деген сөз осының айғағы.
Ислам келісімен әйелдер өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін өнер-білім саласында, сондай-ақ, қоғам кайраткерлері ретінде көрсетуге мүмкіндігі болды. Мысал ретінде, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірінші зайыбы Хадиша анамызды айтса болады. Хадиша анамыз тек ана емес, бәлкім жарының адал жол серігі, өз жұрты мен еліне ықпалы өткен дін қайраткері ретінде танылды.
Ислам – теңдік әрі кемелдік діні. Сондықтан ислами шариғат институтында жеке тұлға мен қоғамның құқығы тең әрі үйлесімді қарастырылған. Осы жағдай әйелдердің қоғамдық-әлеуметтік белсенділігіне жол ашты. Мәселен, адамзат үшін ең бастапқы қажеттілік – білім алу, парасатты болу. Исламның алғашқы күндерінде-ақ дініміздің басты кітабы әрі қазіргі заманауи білімнің негізі болған Құранды оқып-үйрену барша мұсылманға, яғни ер және әйелге парыз болды.
Исламның шарапатымен қыз балаларын тірідей көміп жүрген арабтар қарақан басының емес, өзгенің қажетін алға қоятын болды. Дүниеге қыз алып келуді намыс көрген арабтар енді қыз баласын өсіріп, оған дұрыс тәрби беруді жәннатқа кіру шарты ретінде қабылдады.
Қазіргі күні көп елде әйелдер мен ерлердің құқықтарын тең санау арқылы әйелдер құқықтарына көңіл бөлетіндіктерін айтып келеді. Алайда ақиқатында солай ма?
Мәселен, БҰҰ-ның Әйелдер дикриминациясын жою комитетінің (CEDAW) соңғы мәліметтері бойынша, 2004 жылы Германияда әйелдер мен ерлердің айлық жалақыларының арасында айырмашылық бар. Бұл елде әйелдер ғылыми-зертеу салалары мен университеттерде екінші дәрежедегі жұмыстарды атқарады. Осы комитеттің есебі бойынша, 2008 жылы Англияда әйелдер кәсіптік эксплуатация мен жұмыс орындарындағы әйелдер мен ерлер арасындағы дискриминация мен айлық жалақылары арасындағы алшақтыққа наразы көрінеді. Статистикалық деректер толық жұмыс күні бойынша жұмыс істейтін әйелдің орташа жалақысы осындай жағдайда жұмыс істейтін ер адамның жалақысымен салыстырғанда шамамен 83 пайызды құрайтындығын көрсетеді.
Ал Исламда, тіпті қазіргі күні ешбір мұсылман мемлекетінде «ер жалақысы», «әйел жалақысы» деген ұғымның өзі жоқ.
Америка мен Еуропаның көптеген елдерінің құқықтық жүйесінде ер адамдар өз әйелдерінің қаржы шығындарын төлеуге міндетті емес. Ал Ислам ер адамға әйелінің барлық жағдайын қамтамасыз етуін міндеттейді.
Дәл қазір Батыс қоғамдарында әйелмен зат немесе бұйым сияқты қатынас жасайды. Батыста Әйелдер дикриминациясын жою комитеті (CEDAW) бар екені баршамызға мәлім. Сол комитеттің мәлімдеуінше қазіргі күні Португалияда әйелдерді теріс пайдалану көрсеткіші өте жоғары. Осы мәліметтер бойынша, Данияда 2006 жылы әйелдер мен қыздар сауда контрабандасы мен әйелдерге қарсы әртүрлі қатігездіктер көптеп орын алған.
Ислам әйел затына тән ерекшеліктерін ескереді. Сондықтан Исламдағы әйел мен ердің әрқайсының құқықтары мен міндеттерін олардың табиғи ерекшеліктері негізінде тағайындаған. Мәселен, ер адам ауыр әрі қиын жұмыстарды атқаруға төзімді келеді. Алла Тағала отбасы істерін бөлгенде әйелді экономикалық жағдаймен қамтамасыз етуді ер адамға жүктеп, ер адамды рухани сезім тұрғысынан әйелге мұқтаж етіп жаратты. Исламда көңіл бөлінген келесі маңызды тақырып – әйелдің жұбайлық және аналық ролін орындауы үшін жан тыныштығы мен қауіпсіздігі болып табылады.
Ислам 14 ғасыр бұрын әйелдердің меншік құқығын ресми түрде танып, ешкімге олардың мал-мүлкін иемдену құқығын бермейтіндігін тағайындаған. Алла Тағала Құран Кәрімде «Ниса» сүресінің 32-аятында былай дейді: «Істеген істерінен еркектердің сыбағасы өзіне, әйелдердің сыбағасы өзіне. Алланың рақметін тілеңдер».
Ислам әйелдің қоғамдық, саяси және мәдени салауатты әрекеттеріне қарсы емес. Ислам діні әйел жұмыс күшін асыра пайдалану мен оның қабілеттерін танытуға кедергі жасау мен ханымдарды қоғамдық және мәдени әрекеттерден тысқары қалдыруға қарсы. Ислам тарихы мына тақырыпқа куә.
Әйел ислам діні арқылы өзінің адами орнын тапты. Содан бері мұсылман әйел барлық салада маңызды әрі адамгершілік бейнеде көрініп келеді. Пайғамбар (с.ғ.с.) маңызды және сезімтал кезеңдерде әйелдердің маңызды рөлін қолдағандықтан, олар саяси, әлеуметтік, мәдени және экономикалық мәселелерге атсалысқан.
Махат Абсамат Әшенұлы,
«Нұр Астана» мешітінің найб имам