Саналы ғұмырында адал жолмен мал табу, қоғамға, Отанға адал қызмет ету - адам баласына Алла Тағаланың жүктеген міндеттерінің бірі. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен тер төкпестен, алдап-арбау, түрлі қулық-сұмдық жолдармен тапқан дүниенің хайырлы болмасы белгілі.
Шын мәнінде, кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен асырау мақсатында шынайы еңбек етсе оның мерейі тасып, ырысы асатындығы сөзсіз. Бұл жөнінде Алла тағала қасиетті Құранда:
وَكُلُواْ مِمَّا رَزَقَكُمُ اللَّهُ حَلَالًا طَيِّبًا وَاتَّقُوا اللّهَ الَّذِي أَنتُمْ بِهِ مُؤْمِنُونَ
«Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168); «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» («Маида» сүресі, 5/88).
Хадистерде де Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен: Әбу Һұрайра (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні былай деді: «Әй, адамдар! Алла тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен,
يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا
«Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51) десе, мүміндерге: «Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172) деп әмір еткен». Артынша әңгімесін жалғап, қасиетті сапарға шыққанмен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға оқып отырған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?», – деді» (Мүслим, зекет, 65). Тағы бір жолы: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады», – деп мұңайған еді (Бұхари, Бую, 7).
Әрбір мұсылман адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күн көруге де жіті көңіл бөлуі тиіс. Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз көптеген хадистерінде маңдай терімен еңбектеніп жүрген мұсылмандарды мақтап, адал несібе іздеуге шақырған. «Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеуде» (Дәйлами, (Әнастан (р.а.)); «Сенімді әрі адал саудагер ақыретте шейіттермен, сыддықтармен, пайғамбарлармен бірге болады» (Ибн Омардан (р.а.) Кутуби ситта, 3/8); «Бала-шағасын адалынан асырауға тырысып жүрген жан Алла жолында күресушімен тең. Ар-ұятын сақтап, адал дүниені іздегендер шейіттермен деңгейлес» (Табарани, Аусат. Ихия улумуддин, 2/235), т.б.
Ислам діні негізінен, мұсылмандардың дүние және ақырет үшін адал кәсіп етуін талап етеді. Құдіреті күшті Жаратқан Иеміз жер бетіндегі нығметтердің барлығын адам баласының қызығына арнаған. Ол туралы тіпті Құран Кәрімде: «Біз адамның ұлдарын құрметті орынға қойдық, оларды құрғақта және теңізде өмір сүретін еттік, оларды жақсылыққа кенелттік және оларды Өзіміз жаратқан барлық тіршілік иелерінен жоғары қойдық» (Исра 17:70), деп айтылған. Ал енді Алла Тағала құрметті орынға қойған адам баласына бұл дүниенің нығметтерін пайдаланудың жалғыз жолы дұға жасауы мен еңбек етуі. Яғни, егін еккен адам ғана оны орып, ырыздығын көреді.
Жалпы, шариғат бойынша, адал кәсіп етудің өзі дұғаның бір түрі. Алла Тағала кәсіп етудің маңыздылығын Құран Кәрімде біздерге былай деп білдірген:
وَأَنْ لَيْسَ لِلْإِنسَانِ إِلَّا مَا سَعَى. وَأَنَّ سَعْيَهُ سَوْفَ يُرَى. ثُمَّ يُجْزَاهُ الْجَزَاءَ الْأَوْفَى. وَأَنَّ إِلَى رَبِّكَ الْمُنْتَهَى.
«Адамзат тек еңбегіне қарай табысқа жетеді. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді. Кейін оған еткен еңбегінің бодауы толық беріледі. Күдіксіз соңғы баратын жерің Раббың» (Нәжім 53:39-42). Және де Алла тағала жер бетіндегі барлық тіршілік атаулыны біздер үшін жаратқанын Құран Кәрімде былай баяндайды: «Ол сондай, Алла сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әртүрлі өсімдіктен ризық шығарды» (Бақара, 2:22); «Алла көктерде және жерде не болса, соның барлығын өз тарапынан бір нығмет қылып сендерге бағындырды. Әлбетте бұнда түсінген ел үшін белгілер бар» (Жасия 45:13).
Ал енді осы Құран Кәрімде айтылған Раббымыздың нығметтерін адам баласы тек қана еңбегімен пайдалана алады. Мұсылмандар үшін адал кәсіптің өте маңызды екендігін ұлық Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да саралап тұрып айтқан. Ол (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Адал кәсіп ету - әр мұсылманға парыз», «Адал табыс табу үшін шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді», - дейді.
Иә, Ислам діні адал кәсіп етуді уағыздайды. Дініміздің бұл әмірін ең бірінші болып бұлжытпай орындаған да әу баста пайғамбарлар болды. Риуаяттарға зер салған адамдар бүкіл пайғамбарларымыздың белгілі бір мұғжизаларды көрсетіп, адал кәсіппен шұғылданғанын аңғарады. Мысалы, Хазірет Адам алейһиссәлам егінші болса, Нұһ (ғ.с.) пайғамбар кеме жасаушы, Хазірет Идрис (ғ.с.) тігінші, Хазірет Мұса (ғ.с.) шопан, Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар темірші, Зәкәрия ағаш шебері, Иса (ғ.с.) пайғамбар медицина ғылымының шоқтығы биік ұстазы болды. Бұл мәселелер кейінгілер үшін үлкен үлгі, өрісті өнеге.
Жалпы, мұсылман баласы үшін ешкімге мұқтаж болмай өмір сүру, адал жолмен мал табу – басты өмірлік қағидаттардың бірі. Мұсылмандықтың басты шарттары да осыны қамтиды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадис шәріпінде:
لَا تَزُولُ قَدَمَا عبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ عُمُرِهِ فِيمَا أَفْنَاهُ، وَعَنْ عِلْمِهِ فِيمَا فَعَلَ، وَ عَنْ مَالِهِ مِنْ أَيْنَ اكْتَسَبَهُ وَ فِيمَا أَنْفَقَهُ، وَعَنْ جِسْمِهِ فِيمَا أَبْلَاهُ
«Қалай өмір сүргенінен, ғылымымен не атқарғанынан, дүниені қайдан тауып, қайда жұмасағанынан, денсаулығын қайда тоздырғанынан сұралмайынша Қиямет күні ешбір құл (орнынан) бір қадам да қозғалмайды» деген болатын. Ұлық Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің сахабаларына да адал кәсіп етудің маңыздылығын үнемі айтып, түсіндіріп отырды. Сол заманнан бізге жеткен ғибраты мол бір оқиға мынандай:
...Бір күні мешітке үсті-басы алба-жұлба, сақал-шашы қобырап әбден өсіп кеткен бір бәдәуи ғаріп келеді. Мұны сахабалар Пайғамбарымызға жеткізеді. Ол әлгі пақырды қасына шақырып алады да, мұндай жағдайға қалай тап болғанын сұрайды. Сонда әлгі адам өзінің жұмыссыз жүргенін, содан азып-тозып кеткенін айтады. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар әлгі ғаріпке қарап: «Сіз қазір бір жіп пен балтаны алып келе аласың ба?», - деп сұрайды. Ғаріп «Иә», -деп жауап қайтарып, көп ұзамай бір жіп пен балтаны алып келеді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ғаріпке: «Енді бұларды алып бар да таудан отын шауып әкеліп, базарға апарып сат», - дейді. Бәдәуи Пайғамбарымыздың айтқан талабын орындап, отын сатудан табыс табады. Отын ағашын сату ол үшін күнділікті күнкөріс көзіне айналады. Нәтижесінде, бәдәуи бойкүйез жалқаулықтан, ғаріптік кедейліктен құтылып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының қатарына қосылады. Түсіне білгенге осы мәселенің өзінде үлкен ғибраттар бар.
Расында да, адамды аздырып-тоздыратын, жұмыссыздыққа апаратын қылықтың ең бастысы – жалқаулық. Жалқаулық - адамды ар-намысын, қадір-қасиетін жоғалтатын жағдайларға жетелейді.
Бірқатар жағдайларда жалқаулық пен жоқшылықты егіз ұғымға жатқызып, ортақтастыруға болады. Себебі, жалқаулық арқылы жоқшылыққа тап боласың, ал жоқшылық - жалқаулықтың салдары болып табылады.
Атақты Лұқпан хакім өз баласына мынадай өсиет қалдырыпты: «Ұлым, адал кәсіп етіп жоқшылықтан өзіңді сақта! Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады:
Біріншіден, дінін әлсіретеді: яғни, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, кедейлік адамды жаман ниеттерге жетелейді.
Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады.
Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады».
Яғни, жоқшылыққа тап болу арқылы адамда моральдық-этикалық, адамгершілік құндылықтары да жоғалады.
Әлемге әділдігімен аты мәшһүр болған хазіреті Омар (р.ғ.) да:
لَا يقعد أَحَدُكُمْ عَنْ طَلَبِ الرِّزْقِ وَيَقُولُ اللَّهُمَّ ارْزُقْنِي فَقَدْ عَلِمْتُمْ أَنَّ السَّمَاءَ لَا تمطر ذهبا ولا فضة
«Сіздердің біреулеріңіз көктен алтын және күміс жаумағанын көре тұра, «Уа, Алла, мені ризықтандыр» - деп ризығын іздеместен отырмасын», - деп еңбек етудің маңыздылығын, құр қол қусырып отырмау қажеттілігін айтып кеткен.
Мұсылмандықтың өзіндік мәртебелі міндеттері мен парыздары бар. Олар:
- адал жолмен тапқан таза киімді кию;
- тапқаныңды адал жолмен жеп-ішу;
- тал бесіктен жер бесікке дейін ілім үйренуге ұмтылу;
- бір күндік тамағы жоқ кісіге садақа беру;
- жетімнің ақысын (малын) жемеу;
- өзіне адал кәсіпті нәсіп ету;
- отбасы мүшелерін адал кәсіпке баулып, адал өмір сүруге тәрбиелеу, т.б.
Адам баласына өмір сүру үшін аздаған болса да қаржының, тіршілікке керекті мал-мүліктің қажеттілігі анық. Алайда, адамға бұлардың жолында туралықтан тайқып кетуіне, қандай да бір адасушылықтарға жол берілмеуі керек. Ең бастысы – адам бойындағы имандылық құндылықтары сақталып қалуы тиіс.
Алла тағала сүйген құлын ғана тура жолға салады және оған қалағанынша ризық-несібе береді. Ата-бабаларымыз «Құдай деген құр қалмас» деген.
Кейде дені-басы сау, қол-аяғы бүтін азаматтардың жұмыс істеуге мойындары жар бермей, алма піс, ауызыма түс деп, жеңіл жолмен нан табуға тырысып, түрлі алдау-арбауға жол беріп жүретіндігі көңіл қынжылтады. Мұндайлар өзін ғана емес, өзгелерді де адастырып жатады.
Расына келгенде адам баласы алдына белгілі бір мақсат қойып, соған жету жолында үнемі ізденісте, талпыныста жүреді. Бұл бір жағынан дұрыс та. Алайда, сол мүдде жолында кереғар қадамдарға, теріс қылықтарға жол беріліп қалмауы керек.
Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамның дүниеқұмарлығын: «Адам баласының екі сай толы дүниесі болса да үшіншісін қалайды. Адам баласының ішін (қарнын) топырақтан басқа ештеңе толтыра алмайды»,- деп түсіндіреді.
Шындығында, дүние деген бір қабат мұз секілді, күн шуағы түскенде лезде еріп жоғалады. Бұл адам баласы үшін үнемі есте жүруі тиіс мәселе.
Халқымызда «еңбегі бардың өнбегі бар», «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөздер бар. Бұларға тереңнен үңіліп, жете зер салсаң көптеген мәселелерге көз жеткізе түсесің. Халық айтса қалт айтпайды.
Абдуллаһ Ибн Масғуд (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) екі түрлі адамға ғана қызғанышпен қарауға болатындығы жеткізілген. Олар:
- Алланың берген байлығын түгесілгенше хақ жолында жұмсаған атымтай жомартқа;
- Алланың бойына дарытқан даналығымен (адамдар арасында туындаған дауларды, оңтайлы шешуде) билік айтып, әрі өзгелерге даналық тәлім үйреткен данышпанға.
Бұл хадисте мәнді де мағыналы әңгімелерді айта біліп, байыпты билік құру, Алланың берген байлығын хақ жолына жұмсау мәселелері айшықталып, көрсетілген.
Қазіргі кезде арамызда қалталы, кәсіпкер азаматтар жетерліктей бар. Олар өздерінің қаржысымен мешіт салып, халыққа пайдасын тигізіп жатады. Оларға Алла разы болсын дейміз. Сонымен қатар барша азаматтың мешіт сала беруге жағдайы жете бермейтіндігін ескерер болсақ, сол адамның тарапынан мешітке деген аз ғана көмектің өзі оған үлкен сауап болып жазылатындығы анық.
Жалпы, кез-келген жанның өзгеге жасаған жақсылығының ахиретте мол жемісі болатындығы сөзсіз. Сондықтан біреуге жасаған жақсылықты ешқашан міндет санауға болмайды. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде, қасиетті Құранда:
لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّى تُنفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ وَمَا تُنفِقُوا مِنْ شَيْءٍ فَإِنَّ اللّهَ بِهِ عَلِيمٌ
«Жақсы көрген дүниелеріңнен (яғни, бір бөлігін болса да) Аллаһ жолында жұмсамайынша ізгілікке қол жеткізе алмайсыңдар. Қайыр-садақа ретінде не нәрсе берсеңдер де, Алла Тағала оның бәрін біледі» («Әли Имран» сүресі, 92-аят) делінген.
Хакім Абайдың қарасөзінде: «Құдайдан мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, Құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай Тағала саған еңбек қылып дүние табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп етерлік орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғынарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі - біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің - сол. Бұл – Құдайдан тілеген емес. Бұл - абыройын, арынсатып, адамжаулағандық, тіленшілік. Хош, сөйтіп жүріп-ақ дүние таптың, байыдың. Сол дүниені сарып етіп, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, жасаған хажылық, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, дүниені иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды» деп айтады.
Бұл сөздердің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Бір мұсылманды алдаған, оған зиян тигізген немесе айла жасаған адам бізден емес» деген хадисі мен Құрандағы сүрелердің негізіне сәйкесіп жатқандығы анық.
Сонымен қатар, базарларда, дүкендерде, өзге де сату орындарында сауда-саттықтың көптеп жүргізілетіндігі белгілі. Хадисте: «Саудада шындықтан, туралықтан бір сәт айырылмаған адам, қиямет күнінде пайғамбардың жанынан орын алып, солармен бірге болады» делінген. Дегенмен, кейбір сауда жасаушылардың тауарын өткізу барысында ант-су ішіп, алдау-арбауларға дейін барып жүретіндігі қарын аштырады. Тіпті тауарын алдап-сулап өткізіп жібергеніне өзінің көңілі толып, мақтаныш ететіндігін қайтерсің... Алла Елшісінің хадистерінде: «Сауданы адал жасаңдар, саудада береке бар», «Жалған ант ішу тауарды өткізеді, бірақ берекені жояды» делінген. Көпшілігіміздің осыны ескере бермейтіндігіміз өкінішті.
Атақты Шейх Садиннің «Гүлістан» деген кітабында мынадай бір ғибратты мысал бар: «Бір қатықшы әйел бүкіл өмірін қатық сатумен өткізіп, қаражат жинап қажылыққа баруды Алладан ниет етіп сұрайды. Алла ниетіне жеткізіп, 14 ділда қаражат жинайды. Қажылық уақыты жақындағанда ақшасын жинап, белге буып, қажылық сапарына жолға шығады. Теңізге келіп, қажылыққа кетіп бара жатқан кемеге отырады. Кеменің ішінде мыстан кемпір мен оның үйретінді маймылы бар екен. Мыстан кемпір маймылына кісінің әмиянын ұрлауды үйретіп, кәсіпке айналдырған-тын. Түнде қатықшы әйел демалып жатқан кезде маймыл оның әмиянын ұрлап алып, кеменің желкеніне шығып кетеді. Қатықшы әйел бар байлығынан айрылғанын біліп, мыстан кемпірдің тамағына қанжарын тақап: «егер маймылың қазір пұлымды бермесе мен сені өлтіремін», – дейді. Мыстан кемпір қорыққанынан: «Болды, алып беремін», - деп, әмиянды иесіне қайтартуға әрекеттенеді. Сөйтеді де желкенге шығып кеткен маймылға қарап өзінің қалтасынан әмиянын шығарады. Себебі маймылдар тақлид қылғанды (қайталағанды) жақсы көреді, біреу қандай бір қимыл жасаса соны жасайды. Егесі маймылға көрсетіп тұрып әмиянның аузын ашады, маймыл да оған қарап қолындағы әмиянның аузын ашады. Мыстан кемпір ішінен тиынды алып жерге тастап, тағы да бір тиын алып маймылға сондай қылсын деп қарап тұрады. Маймыл болса бір тиынды алып қарап тұрды да кеменің ішіне тастайды. «Құдайға шүкір» деп біреуін алды. Екіншісін шығарды да теңізге қарап лақтырды. Осылайша ақшаның тең жартысын кемеге, қалған жартысын теңізге тастады. Жеті ділда теңізге түсіп, қалған жетеуі қатықшының қолында қалады. Сонда қатықшы: «Иә, Раббым! Тәубе қылдым. Аллаһым, тәубе қылдым. Қатықтың тең жартысына су қосып сататын едім, суы суға кетті, қалғаны қатықтың ақысы», - деген екен. Осы оқиғаға байланысты Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُمْ بَيْنَكُمْ بِالْبَاطِلِ إِلاَّ أَنْ تَكُونَ تِجَارَةً عَنْ تَرَاضٍ مِّنْكُمْ وَلَا تَقْتُلُواْ أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا
«Ей, иман келтірушілер! Екі жақтың ризашылығына сүйенген саудадан басқа, мал-мүліктеріңізді харам жолдармен, араларыңда (алып-сатып) жемеңдер және өздеріңді өлтірмеңдер! Алла сендерге өте мейірімді» («Ниса» сүресі, 29 аят)-деп бұйырған.
Жалпы, қандай да бір игілікті істі жасарда Аллаға тәуекел етіп, таупих тілеген жанға Жаратушы Иеміздің өзі медет болады. Сондықтан адал қызмет атқарып, әрбір бастаған ісімізді Алланың атымен бастайық, әрі қандай жағдай болса да сабырлы бола білейік, сонда ғана шынайы құлға тән қасиеттің бойымызда сақталатындығы сөзсіз.
Данияр қажы Әлимұхаммедұлы Жұмабаев,
ҚМДБ-ның ЖО бойынша өкіл имамы