Бұқаралық ақпарат құралдары және техниканың дамуы салдарынан «психологиялық соғыс» әдістері мен тәсілдері күшеюде. Бүгінгі күні «психологиялық соғыстың» әдістері мен стратегиялары ғылымның жеке саласына айналды. Сол себепті, ХХІ ғасырды «ақпараттар ғасыры» дейтін болса, мен «психологиялық соғыстардың ғасыры» деп айтар едім.
«Психологиялық соғыс» санатына жататын терроризм бұрыннан келе жатқан немесе қолдан жасалған қақтығыстармен келіспеушіліктер негізінде қалыптасқан төңкерісшіл идеологиялар мен қозғалыстарды белгілі бір мақсат бойынша ұйымдастырудың нәтижесінде болады. Бүгінгі «психологиялық соғыстың» әдістері мен стратегиялары ғылымның жеке саласына айналудың өзіндік тарихы бар.
1930 жылы АҚШ-та 3 мыңға жуық психолог мамандар мен күрделі ғылым өкілдері психологиялық зерттеу қоғамын құрып, «психологиялық соғыс» мәселелеріне зерттеулер жүргізеді.
Нәтижесінде, стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге зорлықсыз іс-әрекеттің әсерлі болатындығы туралы тұжырымдама жасайды, яғни, кез-келген адамды, елді, халықты күштеп отарлаған тиімді емес, біріншіден адам шығыны, екіншіден қаражат пен қару шығыны. Ал психологиялық тұрғыдан күшпен емес, санасын басқару әлде қайда тиімді болмақ.
Аталған тұжырымдаманың артынша, жүздеген жылдар бойы тәуелсіздікке қол жеткізе алмай жүрген колониялық мемлекеттердің шет елдік зорлықтан құтылып, дербес ел болып қалыптасуына жол ашылды. Африканың өзінде 1950-1968 жылдар аралығында 40 мемлекет тәуелсіздік алды. Бірақ аталған тәуелсіз мемлекеттер саналық тұрғыда күні бүгінге дейін сол колониялық мемлекеттерге кіріптар болып қала беруде.
«Есі дұрыс ересектердің қылығы қатып қалған, өзермейді деп ұғуға болмайды. «Жан» туралы сөйлейтін ескі психология адамдарды өзгермейтін, сол түрінде өзгертпеуге болатын, қатып-піскен, шыныққан зат деп қараған. Бұл өте теріс, өте зиянды пікір. Ол пікірден енді шығу керек, адам өзгермелі құбылмалы. Сондықтан оның қылығы да өзгермелі», - деген Ж.Аймауытов «Психология» атты кітабында. Сондықтан ғылымға сүйенген психологияның мақсаты - адамның қылығы ненің себебінен өзгертетіндігін, ол өзгеріс немен, қалай жағдайланатындығын табу болмақ.
Ағылшын физигі И.Ньютон «Әрбір құбылыс уақыттың салдарынан өзгереді» деп әлдеқашан айтқан. Ендеше уақыттың салдарынан адамның қылығыда өзгереді. Мұндай өзгерістер көптеген жылдар өткен соң байқалады. Оның өткен бала күндегі қылығымен жақсы таныс болуымыз керек, өйткені ересек адамдардың қылық негізі – бала күндегі қылығы. Әр түрлі ой жұмысында мидің түрлі бөлімдері мен қабықтары қызмет етеді.
Осы ретте, көгершінге жасалған тәжірибені айта кеткім келеді. Ота арқылы көгершіннің үлкен миын (қақ жарымын) кесіп алады. Үлкен мидан айырылғаннан кейін де бір талайға шейін көгершін өмір сүреді. Бірақ оның қылығы әлдеқайда өзгереді. Алдына бидай төксеңіз, шоқымайды. Тұмсығын ашып, аузына салсаңыз ғана шоқиды. Ол өздігінен қозғалмай қалады. Түртіп итеріп қалсаң ғана қимылдайды. Қысқасы көгершін бұрап жіберген машина секілді бір мақұлық болады. Еркін, қайратын, зердесін жоғалтады.
Бұдан не қорытынды тумақ? «Зерде», «ерік» дейтін қызметтер үлкен мидың қызметіне байлаулы, ал сол үлкен ми қызметін медициналық отасыз психологиялық жолмен ота жасап, қақ айырып алып тастаушы саяси ұйымдар жайлы не айтуға болады? Кез келген ғылыми зерттеулер тәжірибені талап етеді. Қару-жарақты шығарғаннан кейін оны іс жүзінде пайдалану қажет сияқты, қыруар ақшамен қаржыландыратын астыртын ұйымдардың да теорияда зерттеген «психологиялық соғыс пен қақтығыстарды» практикада «терроризм» атауымен қолданылып жатқандығын біреулер білсе де, көбі білмей, сонын құрбаны болуда.
Психология ғылымында адамдарды екі жолмен басқаруға болады. Біріншісі - ұялту, екіншісі - қорқыту. Террордың басты мақсаты болып адамдарға психологиялық соққы беру арқылы қорқытып, үрейлендіру, адам санасын басқару болып табылады. Яғни, адамдарды белгілі бір идеология мен ұстанымды жүйені мойындату үшін күшпен құлатып, орнына өз идеологиялары негізінде құрылған жаңа билікті орнату. Қай жерде қалай және қашан террор жасалатындығы белгісіз болғандықтан адамдардың еш себепсіз оның құрбаны болатындығын ескере келе, қоғамдық үрей арқылы қоғамдық сананы басқару болып саналады.
Террор амалдарының немесе психологиялық соғыстың жиілеуі немесе азаюы халықаралық, аймақтық, мемлекеттік деңгейдегі саяси-әлеуметтік оқиғалармен тығыз байланысты. Террорды тек сыртқы күштер ұйымдастырмайды. Өйткені, террордың пайда болуы мен дамуына қолайлы орта болмаса ол өздігінен жасай алмайды. Ол үнемі ауызбіршілігі жоқ елдерде, әлеуметтік ауруы асқынған қоғамдарды, өз жағдайына көңілі толмайтын адамдарды іздеп тұрады.
Қоғамда жікшілдік пен араздық пайда болса, ондай қоғам терроризм үшін қолайлы орта. Тұтқындалған терроршыдан «неге бұған бардың?» деген сұраққа «әділетті орнату, зұлымшыл билікті құлатып, орнына әділетті билік орнату» деп жауап береді. Олар өздерін халықты құтқарушы батыр ретінде санайды. Сол себепті, террорлық ұйымдар идеологиялық үгіт-насихат жұмысына аса мән береді. Билік жүйесін әдеттегі жолдармен құлата алмайтынына сендіріп, терроршыларды қарулы күрестен басқа амал жоқ деп үйретеді. Соңында терроршы тұлға кез келген іс-әрекетке дайын болады.
Террорлық ұйымдардың басты мақсаты мемлекет беделін шайқап, ішкі тыныштықты бұзу болып табылады. Тыныштық кеткен жерге соққы оңай тиеді. Экономикалық мақсатта терроризм не үшін қажет? Бұл нысанға алынған мемлекеттке экономикалық соққы беру. Халықтың әл-ауқатын көтеру, көкейкесті проблемаларды шешуге арналған қаржы терроризмен күреске жұмсалады.
Терроризммен күресу қымбат жоба. Мыңдаған кадрлар осы салаға салынады. Кедей елдер шет елдің қымбат техникасын сатып алу үшін шет елдерден қарыз алады. Мұндай ел сыртқа тәуелді болады, саяси билік әлсіреп қуыршаққа айналады. Мұндай халдегі мемлекетті сырт күштердің басқаруы оңай болады.
Террорлық ұйымдар барлық әрекетті жарнама ретінде жасайды. Оның болғанынан, қалған әсері мықты. Социологиялық психологияда «Үрей гипнозы» деп аталатын жағдай бар. Ондай жағдайға шалдыққан адамдар бейғам, самарқау, пассивті, немқұрайлы халге жетеді. Психологиялық сау қоғам дереу қарсылық көрсететін нәрселерге «үрей гипнозына» шалдыққан қоғам күшті қарсылық көрсете алмайды. Мұндай қоғамда азғындық, маскүнемдік, ұятсыздық, ұрлық-қарлық сипаты белең алады. Психологиялық иммунитет зақымдалған қоғам рухани қалқаны жоқ орта басқа идеологияға қарсылық көрсетуге шамасы жетпейді.
Әр қоғамда әлеуметтік-экономикалық жағдайына наразы адамдар болады, бұл қалыпты жағдай. Осы жағдайды тиімді пайдаланып, ел санасын, идеологиясын оңай бұрып алып кететін жақсы даярланған ұйымдар жеткілікті. Мемлекет адамдардың бәріне бірдей жағдай жасауы мүмкін емес, әр адам өз өмірінің қожайыны. Алланың берген денсаулығы мен ақылын, санасы мен психологиясын қалай қолданамын десе де өз еркі. Бастысы саналы түрде мақсат қойып, өз-өзіңді алдымен өзіңе, кейін ата-анаңа, одан кейін Отаныңа дәлелдей алуың керек.
Осы тұста Абылай ханның айтып кеткен даналық сөзі еске түседі «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік». Білімді сауатты қоғамда кез келген жат идеологияның, жат ағымның ақ-қарасын ажырата алатын, төтеп беретін «иммунитет» болатындығын әсте естен шығармауымыз керек.
Ляззат Мырзашова –
Жамбыл облысы әкімдігі
Оңалту орталығының
инспекторы, психолог