Мұсылман әйелдің өзін-өзі өзектендіруі немесе Маслоу теориясы

Мұсылман әйелдің өзін-өзі өзектендіруі немесе Маслоу теориясы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Әлем бізді құрметтесін десең, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғаныңыз жөн» - деген екен Ататүрік.

Біріккен Ұлттар ұйымы тарапынан қабылданған құжаттарға сәйкес, әр халық өзінің тағдырын өзі шешуге құқықты деп көрсетілген.

Өздігінен жоғары мақсаттарға ұмтылу адамның психологиялық дені сау екенін көрсетеді. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алып, адамның өзін-өзі жетілдіруге, кемелденуіне шақырады. «Оқы!», - деп басталған алғашқы Құран аяты оқу мен жазуды игеру арқылы адамның өзін-өзі жетілдіруі қажет екендігін ұғындырады.

Дәл осы Құран аяты секілді, ХХІ ғасырда күрделі ғылым болып саналатын психология ғылымында салауатты қоғам құруға өзін-өзі танып білуге, кемелденуге ұмтылатын тұлғалар жайында американ психологы, гуманистік психилогияның негізін қалаушы А.Маслоудың «Өз-өзін өзектендіру» теориясында жан-жақты айтылып кеткен.

Ендігі мәселе ислам құндылықтарын бойына сіңірген мұсылман қыз-келіншектерінің білім алып, өзектеніп, өз қабілетіне сай, қоғамға пайдалы бола білуінде болмақ.

Өмірдің қазіргі заманғы қарқыны адамның толық шығармашылық әлеуетін талап етеді. Әлем халықтарының тарихы мен мәдениетінде және діни сенім тұрғысынан ерлерге түздің, әйелдерге үйдің жұмыстары бұйырылған. Дәстүрлі қоғамдағы әйелдің рөлі ошақ иесі, ана болу, өмір беруге негізделгені айқын. Қазақтың қыз-келіншектерінің болмысы жайында тарихи деректерге сүйенсек, Ғ.Мүсірепов «Далада өскен қазақ қызына жылдың төрт мезгілі ғана емес, әр күннің өзінде мезгіл бар» деп қазақ қызының болмысын сипаттап кеткен. Қазақ қызы ана атанған сәтінен бастап отбасы, ошақ қасына ие болған.

«Күйеуін разы еткен әйел жәннаттық болады», «Әйелдің ең жақсысы - қарағанда көңілің толады, бір нәрсе айтсаң бойсұнады, күйеуі сыртта жүргенде өзінің намысын әрі ерінің мүлкін сақтай біледі» деген сияқты пайғамбардан, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, жеткен хадистерді негізгі ұстанымдарына айналдыра білген кезіндегі қазақ әйелдері ат пен түйе үстінде қыс қыстауға, жаз жайлауға көшіп-қонып жүріп, қос етек көйлегін қысқартып, ақ жаулығын тысқа тартқан емес. Қайта шариғат шарттарына сай, балиғат жасына жеткенде әуретті жерлерін жаулықпен жауып, кимешек киіп, етегі ұзын бүрмелі көйлегі мен оюлы камзолы көркіне көрік қосып тұратын болған.

Сөзімнің дәлелі ретінде, С.Мұқановтың «Ботагөз» романында үйіне бөтен ер адамдар келген кезде Ботагөздің жеңгесі орамалын жабыңқырап, тысқа шығарда қайын сіңлісі екеуі шапандарын бастарына бүркеп шығатындары айқын суреттеледі. Бұл бір ғана мысал. Қазақтың ақын-жырауларының еңбектерін тізбектеп шықсақ, мұндай мысалды мыңдап табуға болады.

Дей тұрғанмен, орамал оранған қазақ әйелі ортадан қалыс қалған емес. Керісінше, талай әйелдің аты елдердің ұраны болып, тарихта он-он бес, тіпті, жиырма болыс елді басқарған әйел азаматтар болған. Ол жайында Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» атты шығармасында жақсы айтылған.

Жоғарыда атап өткендей ел басқарып, бата берген аналар болса, атқа мініп жауға шапқан Назым, Гауһар, Бопай, Әлия, Мәншүк секілді қазақ қыздары болған. Психологиялық тұрғыдан қазақ халқы әйел затының қабілет-дарынына, тума жаратылысына еш қайшылықсыз, дінімізге бой ұсына отырып, қолдау көрсеткен.

С.Мұқанов айтыс арқылы аттары елге танымал болған мынадай қазақтың ақын қыздарын атайды: «Күйкентай, Шәріп-Жамал, Дәме, Ұлбике. Тыныштық, Шөкей, Қадиша, Ақсұлу, Манат, Рысжан, Ақбала, Айқын, Сара, Жөкей, Болық» деп көрсетсе, М.Әуезов «Айтыс өлеңдері» атты еңбегінде атақты ақын қыздар: «Ақбала, Күнбала, Тоғжан, Сара, Жантелі, Ырысжан, Тәбия, Мақта сияқты нелер жүйрік, өнерпаз ақын қыздар, келіншектер туғызған» деп атап өткен.

Қазіргі заманғы ірі өзгерістер нәтижесінде, әйелдер ерлермен тең дәрежеде жоғары білім алып, түрлі кәсіп саласында еш бөгетсіз қызмет етуде. Алайда, әйелдердің кәсіби жұмыс жасауы және отбасылық рөлдердің тіркесімі жиі психологиялық қақтығыс әкеледі. Бұл олардың әлеуетті қабілеттерін іске асыруын қиындатады. Осы ретте, отбасылық өмірі мен машақаты көп мамандығын үйлестіре алуы әйел затының «өзін-өзі өзектендіруі» арқылы ғана мүмкін болады.

Сан жылдар бойы қалыптасқан қазақ даласының қыз-келіншектерге қатысты салт-дәстүрлері А.Маслоудың «өзін-өзі өзектендіру» теориясымен ұштасып жатыр. А.Маслоу адамның қажет иерархиясында қабілеті мен бейімділіктерін, зор ықыласын ашу үшін жеке дамуын атап көрсеткен.

Адам өз қабілеттері мен дарынын тек білім алу арқылы жетілдіретіні дінімізде анық айтылған. Әрбір дамыған адам өзін-өзі тануы, өзінің ішкі әлеуетін, өзіндік таланттарын таныта білуі тиіс.

Ұлтымыздың болашағы үшін, тек бір ғана білім, ғылым, техника жеткіліксіз. Қазақ қыздарына тәрбие құралы болған Ислам дінінің негіздерінен алынған салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттау қажет. Идеалды, білімге құштар, биікке ұмтылған қоғамда дінді гео-экономикалық, гео-саяси мақсатта қолданатын жат ағымдардың шынайы ислам жолын ұстанған, дінді күнделікті тұрмыс салтына айналдырған мұсылмандарға, оның ішінде, мұсылман қыз-келіншектерге саяси не экономикалық тұрғыда кесірі тимеуі қажет. Шариғат шәлісін жамылған, қазақи ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ұлттық санасы бұзылмаған, қазақ елінің мақсаты мен мүдесіне сәйкес, саяси, құқықтық салттық, діни, философиялық көзқарасы «елім» деген ұлтжанды мұсылман қыз-келіншектерге емін-еркін білім алып, жұмыс жасап, елі үшін қызмет етуіне келтірер кейбір кедергілер алынса, Айша бибі, Домалақ ана, Ұлжан мен Зере, Бегім ана сынды халқына адал тұлғалармен ұлтымыздың ұлттық бейнесі жаңғырар еді.

Естілігі толыққан сайын, сұлулығыда толыға беретін қыз баласының есейген шақта қызықтырары көп болмаушы ма еді!? Осы тұста ердің есін кетірер қыз сұлулығы Ислам діні әмір еткен орамалмен жабылса айыбы жоқ деп білемін.

Ләззат Мырзаш,

Жамбыл облысы әкімдігі

Оңалту орталығының психологы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: