Қарасазда мешіт ашылды

Қарасазда мешіт ашылды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгінгі таңда ауданда адам қызығарлықтай қарқынмен дамып келе жатқан бір ауыл бар. Ол аудан орталығына таяу орналасқан Қарасаз ауылы. Төрт мыңға жуық халқы бар ауылдың бүгінгі тыныс тіршілігі түбегейлі өзгерген. Яғни, мұндағы кәсіпкерлер ел үшін, туып өскен ауылы үшін бар жағдайды жасап отыр. Оны орталық көше бойында қаз-қатар тізілген сауда орталықтары мен тойханаға, басқа да нысандарға қарап білуге болады. Енді міне, сол ғимараттардың қатарына тағы бір еңселі нысан - мұсылман баласының Аллаға құлшылық ететін үйі мешіт бой көтеріп отыр.

Жаңа бой көтерген, сәні мен сәулеті келіскен мешіттің сәулетшісі жерлесіміз, архитектор Дәулет Медеттегі. Ал мешітті тұрғызып отырғандар Жұмашевтар әулеті. Соның ішінде жеке кәсіпкер Әбен Шералханұлының осі іске мұрындық болғанын атап өткен орынды. Мешіттің ашылуына арналған салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновқа берілді.

Құрметті Қарасаз ауылының тұрғындары. Кеше ғана ауылдарыңызда 25 орындық дәрігерлік амбулаторияның ашылуына қатысып, қуаныштарыңызға ортақтасып едік. Міне, бүгін еңселі, Жұмашевтер әулеті салған мешіттің ашылуына қатысып отырмыз. Баршаңызды осы мешіттің ашылуымен құттықтаймын, - деп ізгі тілегін жеткізді Бақтияр Бейсембайұлы.

Одан кейін сөз Қазақстан Республикасы Мұсылмандар Діни басқармасының өкілі Сағитжан Дәулиатарға, Жамбыл облысы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевқа берілді. Олар да ізгі ниеттерін жеткізіп, Жұмашевтар әулетіне алғыстарын білдірді. Ауыл тұрғындары атынан ауыл ақсақалы Рысбек Қазақбаев рахметін айтып, Әбен Жұмашевқа ат мінгізді. Әбен жеке кәсіпер Қуандық Өмірбековтың тізгін ұстатқан арғымағына қарғып мініп, ортада ойнақтатып, ағайын-туыстың қошеметіне бөленді. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Нұрлан Ортаев мешітке үлкен "Көне Тараз" картинасын сиға тартты. Ал облыс имамы Данияр Жұмабаевта ізгі тілегін жеткізе отырып, ауыл имамы Асхат назарбеков қолына Құран кітабын тапсырды.

Кезек жаңа нысанның лентасын қию сәтіне де келіп жетті. Бұл құрметке Қазақстан Республикасы Мұсылмандар Діни басқармасының өкілі Бауыржан Әлиұлы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай мен Қарасаз ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқболатов ие болды. Мешіттің лентасы қиылып, әжелер тәттіден шашу шашты. Қонақтар мен ауыл қариялары мешітке кіріп намаздарын оқыды. Соңынан ауыл тойханасында құдайы тамақ берілді.

 

Марат Құлибаев, "Жаңа өмір" 


ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: